Желтоқсан оқиғасы Тәуелсіздігіміздің бастауы
Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Егінқұдық ауылы
Ш. Тұржанов атындағы негізгі мектеп мұғалімі: Қабиева Тлекші Сабидоллақызы
Тақырыбы
Ар-намысым, қасіретім, қуанышым – Желтоқсан!
Мақсаты
Еліміздің тәуелсіздігі жолындағы Желтоқсан құрбандарының ерлігін үлгі ете отырып, оқушыларды тәуелсіздіктің қадірін білуге тәрбиелеу, отансүйгіштік рух қалыптастыру.
Көрнекілігі
- Желтоқсан қаһармандарының суреттері (Қайрат, Ләззат, Сәбира, Ербол)
- Тақырып желісі бойынша слайдтар
- Шарлар, нақыл сөздер
Желтоқсан — тәуелсіздіктің бастауы
Армысыздар, құрметті ұстаздар, ата-аналар және оқушылар! Тарихымызда ерекше орны бар, халқымыздың қасіреті мен ар-намысына айналған, тәуелсіздік туын биік көтеріп, елдігімізді дәлелдеп, дүниежүзіне танылуымызға жол ашқан оқиға — 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі.
Уақыт өткен сайын бізді сол күндерден алыстатқанымен, жүрегімізде өшпейтін бір сезім қалды: ол — Желтоқсанға қатысқан өр мінезді қазақ қыздары мен ұлдарының рухына деген тағзым, ерлігіне деген құрмет.
Бір минут үнсіздік
Тәуелсіздік, егемендік жолында құрбан болған боздақтардың рухына тағзым етіп, бір минут үнсіз еске алайық.
Өлең: Ақкүн
Тәуелсіздік түскен жоқ қой аспаннан,
Тарихы оның тым әріден басталған.
Бодандықтан құтқарам деп елімді,
Талай боздақ қара жерді жастанған.
Жазалаушы қара құрттай қаптады,
Қазағымды қырып-жойып таптады.
Сонда елімнің ұл-қыздары ардақты,
Қарсы шығып, ел сенімін ақтады.
Көтерілістің себебі
Алматы қаласында қазақ жастарының бейбіт наразылыққа шығуына Қазақстан Коммунистік партиясының бірінші хатшысы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың қызметтен алынуы және оның орнына өзге өңірден келген Геннадий Колбиннің тағайындалуы себеп болды.
Негізгі ұстаным
Жастардың талабы — өз елінің тағдырын өз жұртының таңдауы, ұлттық намыстың тапталмауы.
Өлең: Гүлберген
Шектеліп ана тіліміз,
Оқылмай өлең-жырымыз.
Жабылып жатса мектептер,
Жадырар қалай күніміз?
Бұрқ етті қазақ баласы,
Кеудеде өршіп наласы.
Алаңға қарай ағылды,
Таусылып барлық шарасы.
Жанымыз жомарт қазақпыз,
Мәңгүрт боп кете жаздаппыз.
Қосайық басты, бауырлар,
Жанайық, жансақ маздап біз.
1986 жылғы 17 желтоқсан
1986 жылы 17 желтоқсанда Алматыда мыңдаған қазақ жастары бейбіт шеруге шығып, ел тізгінін өз ұлтынан шыққан азамат ұстауын тіледі. Алайда сол кезеңдегі биліктің бұйрығымен күш қолданылып, көптеген жастар қамауға алынды. Аязды күндері қорлық көрсетіліп, шеруге шыққандарға «ұлтшыл», «нашақор» деген жалған айып тағылды.
Өлең: Назым
Нашақор деп, ұлтшыл деп,
Қазаққа күйе жаққан күн.
Базары кетіп бір күнде,
Қайғыға халық батқан күн.
Әділдік пен шындықты,
Өтірік жала жапқан күн.
Надан жасаған сұмдықтан,
Адамдар азап шеккен күн.
Қасқалдақ ұшып көлінен,
Шүрегей келіп қонған күн.
Қырандар қуып көгінен,
Қарғалар билік алған күн.
Қақап күннің ызғары,
Сүйектен өтіп кеткен күн.
Аппақ қар қанға боялып,
Қып-қызыл мұз боп жатқан күн.
Ән
«Қара бауыр қасқалдақ» — орындайтын: Қаюпова Гүлберген
Өлең: Регина
Желтоқсан — тарихымда әйгілі күн,
Ерттеп мініп ар-ождан сәйгүлігін.
Ерлерім елдік үшін атой салып,
Еншісін қайтарған бәйгелі күн.
Желтоқсан — тағдырларға азалы күн,
Қайраған намыстарын мазалы мұң.
Қыршынынан қиылған боздақтары,
Қалар мәңгі есінде қазағымның.
Желтоқсан — жадымызда жаралы күн,
Жастарым жапа шеккен жаралы мұң.
Еркіндік, егемендік, елдігімді,
Емірене аңсады саналы ұғым.
Өлең: Индира
Жас арудың жанарында — Желтоқсан,
Қанды ғасыр табанында — Желтоқсан.
Қаралы өмір қайыстырған халқымның,
Қара тұман қабағында — Желтоқсан.
Жауыздықты жасаған да — Желтоқсан,
Жаңа ғұмыр бастаған да — Желтоқсан.
Жазықсыздың көз жасына жуынып,
Абақтыға тастаған да — Желтоқсан.
Қаһармандар есімі — халық жадында
Желтоқсан оқиғасы Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова сынды батырларымыздың қайсарлығын айқын көрсетті. Олар ұлт намысын қорғап, еркіндікке ұмтылған буынның символына айналды.
Негізгі ой
Желтоқсан — ар-намыстың сыналар сәті, еркіндіктің бағасы.
Тарихи сабақ
Ақиқат уақыт өте ашылады, ал рухтың қуаты халықты біріктіреді.
Аманат
Тәуелсіздікті сақтау — білім, бірлік, жауапкершілік.
Көрініс: Қайратты тергеу сәті
Төмендегі көрініс — тарихи әділетсіздіктің ауыр шындығын сезіндіретін сахналық үзінді. Мәтін редакциялық тұрғыдан ықшамдалып, тілдік қатесі түзетілді, мазмұн өзегі сақталды.
Үзінді
Темір тордың ішінде Қайрат өлең жазып отыр:
«Қаймана қазақ қамы үшін,
Қарусыз шықтық алаңға.
Алыстан әскер алдырып,
Қырып салды-ау табанда…»
Хатшы: Сот келеді, тұрыңдар! Отырыңдар. Сот процесі басталады.
Тергеуші: Савицкийді өлтірген сен бе?
Қайрат: Жоқ, мен емес.
1-куәгер: Куә боламын. Өз көзіммен көрдім. Қолында таяқ ұстаған суреті де бар.
2-куәгер: Иә, рас. Ол Савицкийді теуіп, таяқпен ұрды. Менде бейнетаспа бар.
Сот: Куәгерлердің жауабын тыңдай отырып, Қайрат Рысқұлбеков айыпты деп танылады…
Үкім бастапқыда ең ауыр жазаға кесілгенімен, кейін жаза 20 жылға бас бостандығынан айыруға өзгертілді. Өкінішке қарай, Қайрат бұл шешімді естіместен, 21 жасында қапыда өмірден өтті.
Ән
«Елім менің» — орындайтын: Ерболатов Айтуған
Өлең: Ақкүн
Жалғыз Отан — адамның жүрегі ғой,
Ер жігіт туған жерін сүйеді ғой.
Ел үшін Желтоқсанда құрбан болған,
Ербол, Қайрат — нағыз ердің бірі еді ғой.
Сәбира, Ләззат сынды жауқазындар,
Жетілмей ерте солған гүл еді ғой.
Болашаққа даңғыл жол салып берген,
Боздақтар мәңгі айтылар жыр еді ғой.
1990 жыл: «Төрт жыл кешіккен шындық»
1990 жылы 17 желтоқсанда сол алаңға ескерткіш тақта қойылды. Желтоқсан оқиғасын зерттеу комиссиясының төрағасы Мұхтар Шаханов жастарға арнап «Төрт жыл кешіккен шындық» атты жалынды өлеңін оқыды.
Өлең: Индера
Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын деп шарқ ұрдың,
Желтоқсанда егемен ел болсақ деп талпындың.
Кеудеңде әлі сызы жатыр сол кездегі салқынның,
Айналайын жас қайраты, жас өркені халқымның.
Темір қолдар қуатты еді алқымыңды қаусырған,
Намысыңды жықпай өттің нәубет, дүлей маусымнан.
Жалғыз қалған шақтарымда жігер алдым бойыма,
Түрме торын жарып шыққан сенің қайсар даусыңнан.
Өсер елдің қай сәтте де бірлік болмақ қалауы,
Лаула, лаула, Желтоқсанның мұзға жаққан алауы.
Өздеріңдей ар-намысты жас өркені бар елдің
Ешқашанда еңкеюге тиісті емес жалауы!
Би
Қазақ биі — орындайтындар: Гүлберген мен Индера
Тарихи түйін
Осы көтерілістің нәтижесінде 1991 жылы еліміз егемендігін алып, тәуелсіз мемлекет ретінде жаңа дәуірге қадам басты.
Тәуелсіздік — елдік мәртебе
Президент жарлығымен 1996 жылы 9 желтоқсанда Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбековке «Халық Қаһарманы» атағы беріліп, ата-анасына «Алтын жұлдыз» айрықша ерекшелік белгісі тапсырылды. Сәбира, Ләззат, Ерболға «ақтау жөніндегі анықтама» құжаттары берілді.
Шалқар шабытты ақын Мұқағали жырына арқау болған қасиетті қазақ даласы — бабалардан қалған асыл мұра. Талай батыр жанын қиып қорғаған қасиетті Отанымыз — Қазақстан.
Ән
«Өз елім» — орындайтын: Сембаева Ақкүн
Ән
«Атамекен» — орындайтын: Какимова Регина
Өлең: Индера
Неткен байтақ, неткен ұлы сен елім,
Нендей күйге жүрегімді бөледім.
Сенде тудым, сенде өстім, сенде өлсем,
Арманым жоқ бұл дүниеде дер едім.
Мұз жастанып азаттықтың жолында,
Тәуелсіздік туы тұрды қолында.
Жеңіп шықтың, бас имедің қасардың,
Сойыл, таяқ ойнаса да жанында.
Отан үшін жанын қиды ұлдарың,
Аз болған жоқ азап шеккен қыздарың.
Күйініштен ауырады жүрегім,
Естігенде Желтоқсанның ызғарын.
Желтоқсан-ау, ұмытылмайсың жүректе,
Ұрпақ өсер айналатын тірекке.
Егемендік тиді бүгін еншіме,
Желтоқсаным, жеткіздің ақ тілекке.
Бірлік пен татулық — ел тұғыры
«Мен — қазақ, қазақпын деп мақтанамын, ұранға Алаш деген атты аламын» — деп азаттықты аңсаған Алаш арыстарының аманатын, еркіндік идеясын кейінгі ұрпақ жалғастырды. Сол жолда қазақтың талай ұл-қыздары тәуелсіздік үшін құрбан болды.
Бүгінгі Қазақстанда түрлі этнос өкілдері бірлік, достық және ынтымақта өмір сүруде. Бұл — тәуелсіздіктің айқын құндылығы.
Өлең: Регина
Ұлы достық, нұрлы достық — күн достық,
Достық деген қасиетті ұранға
Кең даланың жүрегі де үн қосты,
Биші қыздар биімен де үн қосты.
Би
Өзбек биі — орындайтын: Қадірова Назым
Қорытынды
16 желтоқсан — Тәуелсіздік күнімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймыз! Азат елдің білікті, білімді, жігерлі азаматтары болыңыздар.
Осымен Тәуелсіздік мерекесіне арналған «Ар-намысым, қасіретім, қуанышым – Желтоқсан!» атты ашық тәрбие сағатымыз аяқталды. Келесі кездескенше, сау болыңыздар!