Балалар сендер аюмен сәлемдесіңдерші

Сабақ туралы мәлімет

Педагог

Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласы, №19 «Қызғалдақ» бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі — Примкулова Аякөз Саримсаковна.

Сабақ форматы

Мектепалды даярлық тобында өткізілген қорытынды ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің жоспары.

Білім беру саласы

Қатынас

Бөлімі

Сауат ашу

Тақырыбы

Жыл бойы өткенді қайталау. «А» дыбысы мен әрпі.

Мақсаты мен міндеттері

Мақсаты

  • Өткен сабақ материалдарын пысықтау: сөз, буын, сөйлем ұғымдарын қайталау.
  • Балаларды «А» дыбысымен таныстыру, айтылу ерекшелігіне назар аударту.
  • «А» әрпінен басталатын сөздерді буынға бөлу, дыбыстық талдау жасау.
  • Дыбыс пен әріп туралы түсінікті кеңейту және айырмашылығын ажыратуға үйрету.

Міндеттері

  • Дауысты және дауыссыз дыбыстарды ажыратып, түрлерін түсіндіру.
  • Әріптерді тануға қызығушылықты арттыру, логикалық ойлау мен сөздік қорды ойын арқылы дамыту.
  • Кеспе әріптермен сөз құрастыру, ребус пен жұмбақ шешу, сурет бойынша сөз құрау арқылы білімді бекіту.
  • Ұқыпты, сауатты жазуға және ойын толық жеткізіп айтуға тәрбиелеу; әріптен сөз, сөзден сөйлем құрату.

Көрнекілігі

Суреттер, кеспе әріптер, ребустар, DVD.

Әдіс-тәсілдері

Түсіндіру, айту, көрсету, жасату, сұрақ-жауап, жаздыру.

Билингвалды компонент

  • Ата — дедушка
  • Аға — брат
  • Ана — мама
  • Апа — бабушка

Сабақ барысы

1) Сәлемдесу

Ұл-қыз сәлем береміз,
Өнегелі өренбіз.
Білер қазақ баласы:
Сәлем — сөздің анасы.
Орнымыздан тұрайық,
Сәлемдесіп алайық.

Сәлеметсіздер ме! / Здравствуйте! / Good morning!

2) Шаттық шеңбері

Біз қандаймыз, қандаймыз —
Күліп шыққан таңдаймыз.
Біз қандаймыз, қандаймыз —
Күлімдеген күндейміз.
Ренжісуді білмейміз,
Біз бір құшақ гүлдейміз.

3) Таңғы тілектер

Енді жүректен шыққан жылы тілектерімізді келген қонақтарға арнайық.

4) Ұйымдастыру кезеңі

Балалар, бүгін бізде ерекше күн. Қараңдаршы, бізге көптеген қонақтар келіпті.

Қонақтар сендердің білімдеріңді тексеруге келді. Ендеше, өз білімімізді көрсетеміз бе? (Иә.)

5) Жұмбақ: жыл мезгілі

Қар-мұз еріп, жер көгеріп,
Дала гүлге толады.
Бүршік ашып, жапырақ шашып,
Мерекелер болады.
Бөбектерім, айтыңдаршы,
Бұл қай кезде болады?

Жауабы: Көктемде.

6) Сұрақ-жауап: уақыт пен күнтізбе

  • Қазір жылдың қай мезгілі?
  • Көктемде неше ай бар?
  • Қазір көктемнің нешінші, қай айы?
  • Жауап: Көктем мезгілі.
  • Жауап: Үш ай бар.
  • Жауап: Екінші ай — сәуір.
  • Бүгін сәуір айының нешінші күні?
  • Бүгін аптаның қай күні?
  • Сәрсенбі аптаның нешінші күні?
  • Жауап: 16 сәуір.
  • Жауап: Сәрсенбі.
  • Жауап: Үшінші күн.

7) Қайталау: дыбыс, сөз, сөйлем, буын

Өткен сабақта қандай тақырыптарды өттік? — Дыбыс, сөз, сөйлем, буын.

Жұмбақ: Естілмеген құлаққа естілмейді, бірақ та ол не?
Жауабы: Дыбыс.

Дыбыс дегеніміз — сөзді құрайтын, естілетін тіл бірлігі.

8) Тәжірибе: «дыбысты есту»

Тақтаны тақылдатып ұрғанда не естідік? — Дыбыс.
Ненің дыбысын естідік? — Тақтаның.

9) DVD арқылы: дыбыстардың түрлері

  • Дыбыстар нешеге бөлінеді?
  • Дауысты дыбыстар саны қанша? Қандай түспен белгілейміз?
  • Дауыссыз дыбыстар саны қанша? Қандай түспен белгілейміз?
  • Қазақ әліпбиі неше әріптен тұрады?
  • Жауап: Екіге бөлінеді: дауысты және дауыссыз.
  • Жауап: 14, қызыл текшемен белгілейміз.
  • Жауап: 26, көк текшемен белгілейміз.
  • Жауап: 42 әріп.
  • Сөз дыбыстар мен әріптердің бірігуінен құралады.
  • Сөйлем сөздердің бірігуінен құралады.
  • Әріп — дыбыстың жазудағы таңбасы.

10) Жұмбақ және шағын ертегі

Жұмбақ:
Жаңада бар, ескіде жоқ,
Танада бар, ешкіде жоқ.
Бұл қай әріп?

Жауабы: «А».

Ертегі: «Тынымсыз тіл»

Ауыз деген қуыста тынымсыз тіл өмір сүріпті. Ол аппақ тістерді қатарластырып қойып өзіне қорған жасапты, ал екі еріннен ашылып-жабылатын есік құрастырыпты. Ауыз арқылы дыбыстар кезек-кезек сыртқа шығып тұрады екен. Кейбір дыбыстар дауысы болғандықтан көңілді ән салып жүреді, ал кейбір дыбыстардың дауысы жоқ болыпты. Ән салмай, тып-тыныш өте беретін дыбыстарға тынымсыз тіл кейде кедергі жасауға тырысады екен: бірде таңдайға жабысып, бірде тіске тіреліп, кейде ерін «есігін» жауып қояды екен.

Ертегі ұнады ма?

11) Жаңа сабақ: «А» дыбысы мен әрпі

Тақтадағы «А» әрпінің баспа және жазба түрлерімен танысамыз. Жазу кезінде — жазба түрін, кітапта — баспа түрін қолданамыз.

Дыбысты бекіту: А — А — А — А — А

Қимыл-әрекет: «кішкентай піл» болып, «А» әрпін ауада тұмсығымызбен жазамыз (3 рет). Содан кейін қаламсапты алып, ауада да қайталаймыз.

Қосымша: DVD арқылы «А» әрпімен танысу.

12) Ойын: «Сөз ойла, тез ойла»

Шарты: допты лақтырып, қағып алу арқылы «А» дыбысынан басталатын сөздерді жылдам айту.

13) Таңқаларлық сәт: топқа аюдың келуі

Балалар аюмен амандасайық: «Сәлеметсің бе, аю?»

Аюдың көңіл күйі жоқ сияқты. Оған арнап өлең айтып, билеп сергіп алайық.

14) Сергіту сәті

Қорбаң, қорбаң етеді,
Орман оның мекені.
Тәтті балға тойып ап,
Қыста ұйқыға кетеді.

Аю риза болды, көңіл күйі жақсарды. Енді ол сендердің білімдеріңді тексергісі келеді: тапсырма әкеліпті. Көмектесеміз бе? (Иә.)

Жұмбақ:
Күн нұрын шашқан асқардан,
Алатау — алыс тас қорған.
Алматы мен Астана
Қай әріптен басталған?

Жауабы: «А».

15) Ребустар мен сөзжұмбақ (сұрақ-жауап)

  1. Қазақстанның елордасының атауы?
  2. Бізді өмірге әкелуші жан?
  3. Көктемнің екінші айы?
  4. Көкке көтеріліп, желбірейтін символымыз?
  5. Қазақ халқының ұлы ақыны, жазушысы?
  6. Ас атасы не?
  7. Түнді жарық етуші не?
  • 1) Астана
  • 2) Ана
  • 3) Сәуір
  • 4) Ту
  • 5) Абай
  • 6) Нан
  • 7) Ай

Тапсырма: жауап сөздерді пайдаланып, қысқа өлең немесе мақал-мәтел құрастырып айту.

16) Әріптерден сөз құрастыру және шығармашылық жұмыс

Кеспе әріптермен сөздер құрастыру: Ана, Ата, Бала, Отан, Нан.

Аюмен қоштасу.

Сурет бойынша композиция құрастыру: қималарды жапсыру, жұмысына тақырып қою, жұмысты талдау (баннерге өздігінен жабысатын қималар).

17) Ғылым орталығы: дәптермен жұмыс

Шақыру өлеңі: «Шам жағып кел, балалар, оқылық!»

Саусақ жаттығулары: «Алыптар мен балықтар»

Теңіздегі алыптар ауыздарын ашады,
Кіп-кішкентай балықтар жүзіп, жылдам қашады.

1, 2, 3 — бойға жинап күш,
Жалқаулықты тастаймыз,
Жазу жазып бастаймыз.

18) «Кел, жазайық!»

Үлгі бойынша берілген әріптер мен сөздерді дәптерге жазу.

19) Қорытынды

  1. Бүгін қандай әріппен таныстық?
  2. Дауысты дыбыстарды қандай үйге саламыз?
  3. Дауыссыз дыбыстарды қандай үйге саламыз?
  4. Сабақ ұнады ма?
  5. Қай кезеңі көбірек ұнады?

Сабақ соңында балаларды мақтап-мадақтау, жетістігін атап өту.