Сабаққа қызығушылықты ояту

Сабақ туралы мәлімет

Мектеп
Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі
Пән
Қазақ тілі мен әдебиеті / Қазақ әдебиеті
Мұғалім
Текеева Жанша Тәжибаевна
Сабақтың тақырыбы
Әдеби және тарихи ақиқат. Ілияс Жансүгіров — «Құлагер» поэмасы
Негізгі идея
Жасырын мағыналарды ашу, көркемдік құралдарды анықтау және тарихи дерек пен әдеби шындықтың арақатынасын қазіргі өмірмен байланыстыра талдау.

Оқу мақсаттары

АИ4

Салыстыру және талдау

Мәтіндерді салыстырып, мәселені әр қырынан талдау; жанр ерекшелігін дәлелмен көрсету.

АИ3

Көркемдік құралдар мен стиль

Көркемдегіш құралдарды (троп, фигура) анықтап, авторлық қолтаңба мен тіл шеберлігін сипаттау.

АИ6

Оқу және дәлелді жауап

Пікірді дерекпен бекітіп, ақпарат көздерін пайдалану; құндылық пен өзектілікті тұжырымдау.

Күтілетін нәтиже

  • Әдеби тақырыптардағы жасырын мағыналарды талдап, қазіргі өмірмен байланыстырады.
  • Ақынның өзіндік стилін, көркемдік ерекшелігін айқындайды.
  • БАҚ материалдарын пайдаланып, шығармада көтерілген мәселелерді талдайды және жеке сынын ұсынады.

Сабақтың құрылымы

Сабақтың басы: ұйымдастыру және қызығушылықты ояту

Сабақ жылқы туралы мақал-мәтелдер арқылы сыныпты 5 топқа бөлуінен басталады. Әр топ өз мақалындағы ойды қысқаша түсіндіріп, мағынасын ашады. Одан кейін сабақтың тақырыбы, мақсаты және жетістік критерийлері таныстырылады.

1) Жақсы аттың артынан құнан ереді, жақсы жігіттің артынан ұлан ереді.

2) Жақсы аттан жал кетсе де, әл кетпейді.

3) Жомарт жоқтығын білдірмейді, жүйрік ат тоқтығын білдірмейді.

4) Жақсы ат алдынан сүрінбейді, артынан сүрінеді.

5) Жақсы жігіт пен жақсы ат — көптікі.

Сабақтың ортасы: мағынаны тану

Алдыңғы сабақта меңгерілген материалды еске түсіру үшін сұрақтар қойылады. Оқушылар жауаптарын стикерге жазып, тақтадағы аттың суретінің жанына жапсырады. Соңғы сұраққа 2–3 сөйлеммен дәптерге жазып, пікірлерін ауызша қорғайды.

Қайталау сұрақтары

  1. Ақан сері Ермеймен тауының етегіндегі кімнің асына келді?
  2. Осы кезде бәйгеге қанша ат қатысты?
  3. І. Жансүгіров «Құлагер» поэмасын қай жылы жазды?
  4. Поэма неше бөлімнен тұрады?
  5. Құлагерге өз бағасын берген кім?
  6. Жүйрікті жарыста қай жерде мерт қылады?
  7. Құлагерді Ақан қай көлдің жағасына арулап көмеді?
  8. Белгі орнатқан Жүсіп төре деген кім?
  9. Шығарманың қай тұсы сізге ерекше ой салды?

Көру және талқылау

Режиссер Болат Мансұровтың «Құлагер» фильмінен үзінді көрсетіліп, оқушылар жұппен талқылайды: оқиға, эмоциялық әсер, режиссерлік шешім және поэмамен байланысы.

Фокус

Әдеби және тарихи ақиқаттың ара жігін ажырату: дерек, авторлық интерпретация, көркемдік мақсат және қоғамдық ой.

Тапсырма 1: Үш жанрды салыстырмалы талдау

Оқушылар Ақан серінің «Құлагер» әнінің мәтінімен танысады.

Поэма, ән және фильмнің көтерген мәселесін, тақырыбын, көркемдік шеберлігін салыстырып, ұқсастығы мен айырмашылығын сыни тұрғыда талдайды. Нәтижесін кестеге түсіріп, түйінді ойды қазіргі өмірмен байланыстыра «Ыстық орындықта» ұсынады.

«Құлагер» поэмасы «Құлагер» әні Фильм Қазіргі өмірмен байланыс
Тақырып, идея, бейнелеу құралдары Лирикалық пафос, әуез және эмоциялық әсер Кадр, музыка, актерлік шешім арқылы интерпретация Әділет, қызғаныш, қоғамдық қысым, тұлға трагедиясы

Топтық таңдауға ұсынылатын тақырыптар

  • Ақан сері
  • Ереймендегі ас
  • «Құлагер — әкең тұлпар…»
  • Бәйгедегі егес
  • Ақан трагедиясы

Тапсырма 2: Сахналық қойылым арқылы идеяны ашу

Топтарға поэмадан үзінділер ұсынылады. Оқушылар негізгі идеяны түсіндіру үшін өлең жолдарын мәнерлеп оқып, бет қимылы, қимыл-қозғалыс, би элементтері және музыканы қолдана отырып шағын қойылым дайындайды.

Көрермен топтың міндеті

  • Қойылымда не баяндалғанын анықтап, қысқаша тұжырымдайды.
  • Топтың негізгі идеяны қаншалықты дәл жеткізгеніне пікір білдіреді.

Орындаушы топтың рефлексиясы

  • Өздері таңдаған бөлімде нені сипаттай алғанын ескертпелер арқылы жазады.
  • Ой салған мәселені бүгінгі өмірмен байланыстырып сөйлейді.
  • Көркем тілді дәл әрі орынды қолдануға мән береді.

Бағалау және кері байланыс

Қалыптастырушы бағалау: «саусақпен» немесе «жұлдызшамен» бағалау, жұптық кері байланыс.

Тапсырма 3: Тіл шеберлігі — троп пен фигура

Әр топ өздеріне берілген үзінділерден ерекше сөз қолданыстарын тауып, ақынның тіл шеберлігін талдайды және стильдік қолтаңбасын анықтайды. Бұл бөлімде әдебиет теориясынан «троп» пен «сөз айшықтары (фигуралар)» ұғымдары қысқаша түсіндіріледі.

Троп

Троп (гр. tropos — айналым, тіл оралымы) — сөзді ауыспалы мағынада қолданып, көркем ой тудыратын тәсілдер жүйесі.

теңеу ауыстыру кейіптеу әсірелеу шендестіру қайталау т.б.
«Жарқ етпес қара көңілім не қылса да,
Аспанда ай менен күн шағылса да.» (Абай)

Сөз айшықтары (фигуралар)

Фигуралар — сөйлеудің әсемдігін, мәнерлілігін арттыратын амал-тәсілдер. Олар мәтіннің ырғағын күшейтіп, ойдың әсерін тереңдетеді.

параллелизм риторикалық сұрақ-жауап дауыс ырғағы қайталау шендестіру

Пікірталас (АИ6) — дәлелді жауап

  1. Поэманы оқығаннан кейін қандай сезім туады?
  2. Поэманың құндылығы неде?
  3. Ақын көтерген мәселе бүгін де өзекті ме?

Оқушылар пікірлерін дерекпен негіздеу үшін ақпарат көздерінен материалдар алып, қорытынды ойларын дәптерге түсіреді.

Бағалау: қалыптастырушы бағалау.

Мәтін: Ақан сері — «Құлагер» (ән)

Үзінді

Сабақта салыстыру жұмысына пайдаланылатын мәтін

Лирика • Қайырма • Образ

Жел соқса қамыс басы майда деймін,
Ат қостым, ат айдаушым, айда деймін.
Алдыңғы ат баран болмай, қылың болды,
Жығылмаса Құлагер қайда деймін.

Ор болып қалушы еді шапқан жерің,
Сүйсініп тұрушы еді қосқан елің.
Атығай-Қарауылға олжа салған,
Бота тірсек, қыз сағақ, сандал керім.

Құлагер құнанында керім еді,
Нағашым сұрағанда беріп еді.
Ат қоса Ерейменге барғанымда,
Бір сыпшы көзі шыққыр көріп еді.

* * * * *

Маңмаңгер, кекілің келте, жалың майда,
Байлаған сені сылап, қалқатай да.
Жүресің желмаядай, жануарым,
Көрейін қызығыңды осындайда.

Қайырмасы

Ахау, туған елім!
Балаң едім.
Өзіңе осынау әнді ала келдім.

Маңмаңгер, ән қосайын жүрісіңе,
Дер екен, қалқа, қалай келісіме?
Сыдыртып Маңмаңгермен келе жатып,
Осынау ән күйіндіріп түсті есіме.

Қайырмасы

Маңмаңгер, кекілің келте, жалың майда,
Бал татыр қант қоссам қағаз шайға.
Кісіден анау-мынау жалтару жоқ,
Ақ көйлек, дүрия бешпет, сәулем қайда?