Мәшһүр арабтың белгілі, әйгілі деген сөзі
Мақсаты
Оқушыларға М. Ж. Көпейұлының өмірі мен шығармашылығы туралы мәлімет беріп, оның жан-жақты қырларын ашу. Оқушылар бойында ізденімпаздық қасиетті қалыптастыру. Ақынға, еліне, тіліне деген патриоттық сезімді ояту.
Көрнекілігі
- Ақынның суреті
- Баспа материалдары
- Сызбалар
- Интерактивті тақтадан өлең үзінділері
- Достық, ақыл-ой, саналылық, ақылдылық туралы ғибрат сөздер
Негізгі идея
Мәшһүр Жүсіп мұрасын тану арқылы оқушылардың тілге құрметін арттыру, ұлттық құндылықтарды бағалауға жетелеу және ойлау мәдениетін дамыту.
Мұғалімнің кіріспе сөзі
Бүгінгі тәрбие сағатында халықтың маржан тілін қадірлеген М. Ж. Көпейұлы жинаған мұра мен орасан зор құнды дүниелер туралы мағлұмат аламыз.
М. Ж. Көпейұлының туған жері — Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Найзатас өңірі. Үш жасында «Тауық жұты» аталған ауыр жұт болып, отбасы бар малынан айырылып, әкесі Көпей бір ат пен бір сиырмен ғана қалады. Сол кезде ол: «Дүние жолдас емес, ғылым мен білім — жолдас» деген шешімге келіп, баласын оқыту үшін Баянауылға көшеді.
Ол кезеңде аға сұлтан М. Шорманов Баянауылға медресе салдырып, сабақ беру үшін Омбыдан Қамар хазіретті алдыртады. Қамар хазірет зерек Жүсіпке айрықша көңіл бөледі.
Жүсіп тоғыз жасқа аяқ басқанда, оның алғырлығына сүйсінген Мұса: «Көпейге сопы, мұнан былай мына баланың бас киіміне үкі тақтырып қойыңыз. Көз-тілден сақ болсын! Өз заманында халыққа мәшһүр болатын бала екен» — дейді.
Содан бастап есіміне «Мәшһүр» атауы қосылады. «Мәшһүр» — араб тілінен аударғанда «белгілі, әйгілі» деген мағына береді.
Оқушылар баяндамасы
1-оқушы: Отбасы, ұрпақ жалғастығы
М. Жүсіп бір анадан үш ағайынды болған. Қарындасы Әмина ерте дүние салған. Әкесі Көпей 75 жасында қайтыс болады.
Ақынның зайыбы Рафик үш ұл, екі қыз тәрбиелеген. Зайыбы 1916 жылы Баянауылдың Ақкелін болысында дүние салады.
-
Шарапи
Әке қазасынан кейін бес жылдан соң қайтыс болады.
-
Әмен
1924 жылы 33 жасында, ата-анасы қалың малға бермек болған 13 жасар қызды қорғау жолында тап жауларының қолынан қаза табады.
-
Фазыл
Әкесі өмір сүрген өңірде ұзақ жыл мұғалім болып қызмет етеді. 1970 жылы зейнетке шыққан соң дүниеден өтеді.
Қан түсті алпыс үште аяғыма,
Оқ тиді түзде жүрген саяғыма.— Әкесінің ұлын жоқтаған өлеңінен
2-оқушы: Білім жолы, сапарлары және мұра жинауы
М. Ж. Көпейұлы 1870 жылы Қамаретдин хазіреттің медресесінде, кейін Бұхарадағы Мірараб медресесінде оқиды. 1875 жылдан бастап оқытушылық қызмет атқара жүріп, шығармашылықпен айналысады.
1887–1890 жылдары Самарқан, Ташкент, Түркістан, Бұхара қалаларын аралап, араб және парсы тілдерін меңгереді. Түрколог-ғалым В. Радловпен танысады.
Хатқа түскен мұралар
Ол «Ер Сайын», «Ер Көкше», «Көрұғұлы», «Шора батыр», «Ер Тарғын» жырларын, сондай-ақ Балта мен Шөже, Шөже мен Қалдыбай, Жанақ пен Түбек, Жанақ пен Сақау, Күдері мен Ұлбике, Шортанбай мен Орынбай секілді айтыстарды және Бұхар, Шортанбай, Шөже, Орынбай сияқты ақындардың әдеби мұрасын хатқа түсіріп қалдырды.
Бұл қолжазбалардың бір бөлігі ҚР Ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасының қолжазбалар қорында сақтаулы.
Осы бөлімде оқушы «Ғибратнама» өлеңінен үзінді жатқа оқиды.
3-оқушы: Әдебиет пен әдеби тілге қосқан үлесі
Халқымыздың ауыз әдебиеті нұсқаларын өз жинақтары арқылы кейінгі ұрпаққа жеткізді. Идеялық мазмұны терең, тағылымы мол шығармалары арқылы М. Ж. Көпейұлы тек қазақ әдебиетінің ғана емес, қазақ әдеби тілінің қалыптасып, дамуына да зор үлес қосты.
Егер Абай жаңа сападағы ұлттық әдеби тілдің көшбасшысы болса, М. Көпейұлы — сол көштің қостаушысы әрі оны ілгері жалғастырушысы.
4-оқушы: Сөз шеберлігі және «соқыр» ұғымы арқылы ой айту
Абай тәрізді М. Көпейұлы да — сөз зергері. Екі ақынның шеберлік үндестігін аңғарту үшін «соқыр» ұғымын бейнелі қолдану үлгілеріне назар аударамыз.
Абай
Кітапты молда теріс оқыр,
Дағарадай боп сәлдесі.
Малқұмар көңіл — бек соқыр,
Бүркіттен кем бе жем жесі.
М. Көпейұлы
Соқырлар қайдан білсін көз қадірін,
Танитын жан қайда сөз қадірін?!
Танысын қарға, бұлбұл қайсысы оңды,
Жамандар білмей жүрген сөз қадірін.
Түйін
Бұл жолдар ақындардың адам болмысына, білім мен сөз қадіріне қатысты ортақ ұстанымын аңғартады: надандық — көкірек көзін тұмшалайды, ал білім — ойды оятады.