Дыбыстардан дауысты табар күшін
Қош бол, құтты Әліппе!
Бірінші сынып оқушылары үшін ең алғашқы оқулық — Әліппе. Ол әріп пен дыбыстан бастап, балаға білімнің кең әлеміне жол ашады. Төмендегі мәтін — Әліппемен қоштасуға арналған ертеңгіліктің мазмұны: оқушылардың үйренгенін көрсету, ата-анамен қуанышты бөлісу және ана тілін қастерлеуге тәрбиелеу.
1) Білімді тиянақтау
Оқушылардың сауат ашу кезеңінде алған білімін бекіту, әр баланың икемін, әрекетін, шығармашылық мүмкіндігін ашу.
2) Ата-анамен бөлісу
Төрт ай ішінде игерген білімді іс жүзінде көрсетіп, ортақ қуанышты бірге сезіну.
3) Тәрбие бағыты
Адамгершілікке, ұқыптылыққа, өзін дұрыс ұстауға және ана тілін сүйіп қастерлеуге тәрбиелеу.
Мұғалімнің құттықтауы
Құрметті ата-аналар, ұстаздар, оқушылар! Бүгін біз бірінші сынып шәкірттерінің Әліппемен қоштасуға арналған ертеңгілігіне жиналып отырмыз. Қош келдіңіздер!
Құрметті ата-аналар, балаларыңыз алғаш рет қолына алып, парағын ашқан оқулығы — Әліппе. Бұл кітап — білімге бастайтын алғашқы жол. Мерекемізді бастайық!
(Бастау әуені ойнайды.)
Көрініс: мектепке алғашқы қадам
Автор
Жеті жасар баласын,
Жетпістегі шал жетектеп
Келе жатыр көшеде:
«Қайда әлгі мектеп?» — деп.
Жетпіс келеді сүрініп,
Жеті келеді жүгіріп.
Ильяс
Балам, балам, жақсы бол,
Міне, сенің мектебің.
Сабағыңа зейін сал,
Ақылды бол, тентегім.
Диас
Қыркүйекте келдім де,
Сыныпқа кірдім қуанып.
Қарсы алды ұстаз мейіріммен,
Қадамымды құп алып.
Анар
Біз мектепке барамыз,
Кітап, қалам аламыз.
Ақ параққа әріппен
Білім жолын саламыз!
(Осы кезде барлық оқушы сахнаға шығады.)
Ән
«Қошақаным»
Әліппені қарсы алу
Мұғалім: Қымбатты Диас, Анар, сендер мектепке алғаш келгенде білім ордасында адасып жүргендей едіңдер. Сендерге дыбыс пен әріптен бастап, саралап, нақтылап, білімнің сансыз сырына бастайтын жол керек еді. Сол жолды бізге қай кітап көрсетті?
Балалар: Әліппе, Әліппе!
Мұғалім: Ендеше, ортаға Әліппені шақырайық!
Әліппе
Армысыздар, жас достар!
Армысыздар, ата-ана!
Болашаққа жол ашар
Әліппе келді ортаға.
Білім деген ғалымның
Әліппесін меңгерген.
Келешегі қазақтың
Басталады сендерден.
Жақсы білім — көрімдік,
Болсын сізге, халайық.
Не үйрендік, не білдік —
Қане, ортаға салайық!
Диас
Келгенде алғаш мектепке
Білмеуші едік әріпті.
Оқимыз қазір ертегіні —
Үйреткен оны Әліппе!
Анар
Әліппе — білім анасы,
Әліппе — кітап данасы.
Әліппе бетін ашпаған
Адамның бар ма баласы?!
Дыбыс пен әріп: басты түсініктер
Әліппе: Балалар, сендер Әліппеден не үйрендіңдер?
Диас: Алфавитті білдік. Біздің қазақ тілінде 40 дыбыс, 42 әріп бар.
Анар: Дыбыстардың дауысты және дауыссыз болып бөлінетінін үйрендік.
Әліппе: Ендеше, дауысты мен дауыссыз дыбыстар айтысын бастайық.
Акежан
«Отан» деген асыл сөз — адам үшін.
Дыбыстардан дауысты табар күшің.
Елназар
Адам үшін осындай қымбат сөзді
Дауыссыз дыбыс, сен жаза алармысың?
(«Отан» сөзі жазылады.)
Шағын тәжірибе
Акежан: Жүріңдер, дауысты дыбыстар, кетіп қалайық. Не болар екен?
Елназар: Енді оқиықшы.
ТН
Елназар: Міне, жеңді деген осы ғой!
Әліппе: «Білім» сөзін жазып көріңдер.
Акежан: Жүріңдер, дауыссыз дыбыстар, кетіп қалайық. Не болар екен?
Елназар: Енді оқиықшы, Диас.
Әліппе: Демек, алфавиттегі дауысты да, дауыссыз да әріптердің ешқайсысы артық емес.
Ән
«Әліппе»
Қоштасу өсиеті
Әліппе: Өте жақсы. Ендігі міндеттерің — білгендеріңді ұмытпау, білім алуды жалғастыру. Сол үшін сендерге жаңа кітап сыйлағым келеді.
Мұғалім: Барлық әріп бағалы — бердік әділ бағаны. Дыбыссыз сөз болмайды, буын онсыз толмайды. Сондықтан, балалар, еске сақтайық — ұмытпастай болайық!
Енді Әліппені шығарып салайық.
Сандық сыры: «Ана тілі»
Мұғалім: Балалар, қалай ойлайсыңдар, бұл сандықта не бар?
(Балалар шулап, әркім өз пікірін айтады. Мұғалім жұмбақ жасырады. Сандықтың ішінен «Ана тілі» шығады.)
Ана тілі (Дильнара)
Сәлеметсіңдер ме, балалар!
Туған елдің тілімін —
Ақылымен танылам.
Түсіндірер бәріне
Ана тілі мен болам.
Ана тілің — арың бұл,
Ұяттың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте.
Балалар, сендердің келешекте сауатты азамат болатындарыңа сенемін. Бірақ «Ана тілі» кітабын бермес бұрын, оқи алатындарыңды тексеруім керек. Дайынсыңдар ма?
Оқушылар оқитын нақыл сөздер
- Оқу — инемен құдық қазғандай.
- Кітап — білім бұлағы, білім — өмір шырағы.
- Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ.
Ана тілі: Өте жақсы, балалар. Сабақтарыңды жақсы оқыңдар.
(«Ана тілі» кітабын береді.)
Әліппенің досы: Математика
Математика (Елназар)
«Тез ойлан, тез тап» — деп,
Санды, сызуды үйреткен.
«Азайт, қос» — деп, есептеуді үйреткен —
Математика мен болам.
Балалар, тапсырмаларға жауап беруге дайынсыңдар ма?
- Фигуралардың аттарын атау
- Сандарды атау
- Сан ретімен санау
- Кері санау
- Есеп шығару
Өте жақсы, балалар!
Ән
«Рахмет саған, Әліппе»
Отан туралы бөлім
Сұрақ-жауап өлеңі
Таулары бар ең биік,
Даласы бар жерұйық.
Бұл қай ел? — Қазақстан
Әйнегі — күн, шатыры — аспан,
Кең дала, төсі толған егін.
Көлдері күміс —
Бұл қай ел? — Қазақстан
Гүл-гүлденіп жайнаған
Гүлстанның Отаны.
Бірін-бірі сыйлаған
Туысқандар Отаны.
Бұл қай ел? — Қазақстан
Елінің болашағын ойлаған,
Бақытты балалары ойнаған,
Тәуелсіздігін тойлаған —
Бұл қай ел? — Қазақстан
Ән
«Көк тудың желбірегені»
Еліміз өсіп-өркендеп келеді, ауданымыз көркейіп, мектебіміз де сәулетімен жаңаруда. Сендер — бақытты балаларсыңдар!
Елімізді көркейтетін саналы, ақылды, ибалы азамат болып өсулеріңе тілектеспін, бүлдіршіндер!
Біз қандаймыз?
- Талабы биік таудаймыз
- Мың бұралған бишіміз
- Күмбірлетер күйшіміз
- Біз қызықпыз, ширақпыз
- Біз шеберміз
- Біз ақылдымыз
- Көп оқимыз
- Үлкенге ізеттіміз
- Кішіге қамқоршымыз
- Қазақстан — Елтаңбасымен еңселі
- Туымен тұғырлы
- Әнұранымен айбарлы
Біз — қазақ елінің болашағымыз!
Қорытынды және ұран
Мұғалім: Тәуелсіздік — ата-бабам аңсаған, жете алмай құрбан болған қанша адам! Құтты болсын Тәуелсіздік және Әліппемен қоштасу мерекесі! Бұл күндер әркімге еркін өмір, ақыл мен білім сыйлады.
Мұғалім: Сонымен, біз болашаққа қандай ұранмен барамыз?
Хормен: Ер жеткенде ел сенер нағыз адам боламыз!
Құрметті ұстаздар, ата-аналар, келіп тамашалағандарыңызға көп рақмет! Біз сіздермен қоштаспаймыз — келесі кездескенше!