Мезгіл бағыныңқы сабақтас сөйлемнің бағыныңқы сыңары қашан

Сабақ туралы мәлімет

Бұл материал 8-сыныпқа арналған қазақ тілі сабағының жоспары. Тақырып — мезгіл бағыныңқы сабақтас.

Сабақтың мақсаты

Мезгіл бағыныңқы сабақтас туралы түсінік бере отырып, оқушылардың ойлау қабілетін дамыту және негізгі мәселелерге назар аударуға үйрету.

Міндеттері

  • Түрлі әдістер арқылы тапқырлықты, жылдамдықты және есте сақтау қабілетін арттыру.
  • Сөйлеу мәдениетін жетілдіру.

Сабақтың түрі

Жаңа сабақ.

Құрал-жабдықтар

Оқулық, A3 қағазы, маркер, стикерлер.

Әдіс-тәсілдер және күтілетін нәтиже

Әдіс-тәсілдер

Топтастыру, сұрақ-жауап, ойын арқылы бекіту.

Оқыту нәтижесі

Оқушылар мезгіл бағыныңқы сабақтас сөйлемдерді меңгереді және оны қандай мақсатта қолданатынын түсінеді.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Амандасу, оқушыларды түгендеу.
  • Сабаққа назар аударту, жұмыс ырғағын қалыптастыру.
  • Топқа бөлу.
  • Топтарға жапырақ, жүрекше, төртбұрыш пішінді стикерлер таратылады; тапсырманы дұрыс орындаған топ тақтаға стикер жапсырады.

II. Үй тапсырмасын пысықтау

Үй тапсырмасы өтілген тақырыптар бойынша сұрақ қою арқылы тексеріледі.

  1. 1. Құрмалас сөйлем дегеніміз қандай сөйлем?
  2. 2. Құрмалас сөйлемнің құрамындағы жай сөйлемдер бір-бірімен қалай байланысады?
  3. 3. Сабақтас құрмалас сөйлем дегеніміз қандай сөйлем?
  4. 4. Шартты бағыныңқы сабақтастың ережесі қандай?
  5. 5. Қарсылықты бағыныңқы сабақтастың ережесі қандай?

III. Жаңа сабақ

Құрамындағы жай сөйлемдердің біріншісінде айтылған іс-әрекет екіншісінде айтылған іс-әрекеттің мезгілін білдіретін сабақтас құрмалас сөйлем түрі мезгіл бағыныңқы сабақтас деп аталады.

Мезгіл бағыныңқы сабақтастың құрамындағы жай сөйлемдер сабақтаса байланысады. Бағыныңқы сыңары төмендегі сұрақтарға жауап береді: қашан?, қашанға дейін?, қашаннан бері?, қай кезде?

Бағыныңқы сыңар баяндауышының жасалу жолдары

1) -ған/-ген, -қан/-кен + -ша/-ше

Мысалы: Жиналыс аяқталғанша (қашан?), тізім жасалып та болды.

2) -ған/-ген, -қан/-кен + жатыс септік

Мысалы: Бір күні Құрмаш Көксерекке ас беріп тұрғанда (қашан?), қара ала төбет Көксерекке ұмтылды.

3) -ған/-ген, -қан/-кен + септеулік шылаулар

соң, кейін, сайын, бері, шейін сөздерінің қатысуы арқылы жасалады.

Мысалы: Күшік ауылға келген соң (қашан?), екі күннен кейін көзін ашты.

4) -ған/-ген, -қан/-кен + мезгіл мәнді көмекші сөздер

кезде, шақта, уақытта сөздерімен тіркесу арқылы жасалады.

Мысалы: Әбден қас қараюға айналған уақытта (қашан?) Көксерек жалғыз өзі ауылға келді.

5) -ғалы/-гелі, -қалы/-келі көсемше тұлғасы

Мысалы: Жазғы демалысқа шыққалы (қашаннан бері?), тек дене еңбегімен айналысып жүр.

6) -са/-се + -ысымен/-ісімен

Мысалы: Ұлпа уәделі жерге келсе (қашан?), аттың ізі бар да, жігіт те, ат та жоқ.

Мысалы: Қыс басталысымен (қашан?), Ораз да аңға шығуға дайындалады.

IV. Сабақты меңгерту

Кітаппен жұмыс

133-жаттығу: берілген сөйлемдердің басыңқы сыңарын өздерің ойлап тауып, мезгіл бағыныңқы сабақтас сөйлем құраңдар.

V. Сабақты қорытындылау

Жаңа сабақты бекіту үшін «Арқан тартыс (Білім тартыс)» ойыны ойнатылады. Бұл тапсырма оқушылардың тақырыпты қаншалықты меңгергенін көрсетеді.

Ойын шарты

Әр топқа шашыраңқы сөздер беріледі. Сол сөздерден мезгіл бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем құрастырылады. Барлық сөйлемді дұрыс құрастырған топ жеңімпаз атанады.

Тапсырма

Төмендегі шашыраңқы сөздерден мезгіл бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем құраңдар:

  1. 1.

    Мереке, тазартылып, ағаштар, соң, бұлақтар, отырғызылған, басталды.

  2. 2.

    Қолданылған, ұйқысынан, мынадай, адамдар, қызық, оянған, дәстүр, соң.

  3. 3.

    Әзірлеген, құрғанша, бойжеткендер, алтыбақан, көже, жігіттер, наурыз.

  4. 4.

    Жарысқа, палуандар, дайындалуда, өнерпаздар, салғанша, өнерлерін, ортаға.

VI. Үй тапсырмасы

Жаңа сөздерді пайдаланып, мезгіл бағыныңқы сабақтас құрмалас сөйлемге 3 сөйлем жазыңдар.

VII. Бағалау

Сабаққа белсенді қатысқан оқушылар бағаланады. Бағалау кезінде әр топтың жинаған стикер саны ескеріледі.