Аяулы ұстаздар

«Ұстазым, өзіңменен мақтанамын» әдеби-сазды кеш

Іс-шара барысында интерактивті тақтадан презентациялар көрсетіледі.

Жүргізушілер

  • Серғазы Ақбота
  • Қожбан Гүлжайна

Кеш форматы

  • Құттықтау сөздер
  • Өлең оқу, көрініс, би
  • Слайд-презентациялар: ұстаздар, ардагерлер
  • Сұхбат айдары

Ұстазға арналған арнау

Мұғалімдер, әз жандар —
Білім іздеп инемен құдық қазғандар!
Сан ұрпақты тәрбиелеп, оқытқан,
Өмір деген үлкен жолда тарландар!

Бүгін міне, білім кілті — ұстазымыз. Әніңмен де, жырыңмен де тыңдайық, қадірлі жандар. Кеше сәби, бүгін міне — жасұлан: болашағың шамшырақтай лаулап жансын!

Ұстаздарым — биік тұлға, байсалды,
Құшақ жайып өз мерекең қарсы алды.
Қуанышты, жарқын тілек білдіріп,
Құттықтаймыз, ұстаздарым, баршаңды!

Кештің ашылуы

Армысыздар, ұстаздар мен оқушылар, сондай-ақ бүгінгі мерекелік кешіміздің қадірлі қонақтары! Бүгін мектебіміздің 9 «В» сыныбы ұйымдастырған ашық тәрбие сағаты аясында өтетін «Ұстазым, өзіңменен мақтанамын» атты мерекелік кездесу кешіне қош келдіңіздер!

Пауза Шапалақ

Ұстаз — ұлылық өлшемі

Ұстаз болу — жүректің батырлығы. Ұстаз болу — сезімнің ақындығы. Ұстаз болу — мінездің күн шуағы. Азбайтын адамның алтындығы.

Мұғалім — адамның ардақты аты, білімдік бар биікке шығарар саты. Ең алғашқы жол осы жаннан басталады. Сондықтан да оны жақын да, қастерлі де көреміз.

Ұрпақтың талапты, елдің көзінің қарақты болуы үшін білім мен тәрбиенің нұрын төгетін мектебіміздің барша ұстаздар қауымын төл мерекелері — Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймыз!

Пауза Шапалақ

Экранда

Ұстаздар жайлы слайд көрсетіледі.

Құттықтау сөздер

Мектеп басшысының құттықтауы

Бүгінгі мерекелік кешімізді ашу үшін құттықтау сөз кезегін мектеп басшысы Утепбергенов Ерлан ағайға береміз.

Рахмет, ағай.

Өлең: «Ұстазым»

Сіздің құрметіңізге сыныбымыздың үздік оқушысы Әділхан Жазира «Ұстазым» өлеңін мәнерлеп оқиды. Қабыл алыңыз!

Тәрбиеге жан бар ма бас имейтін,
Бауырмал бол, адалдық сүй дейтін.
Үйретуден жалықпаған ұстазым,
Мерекеде шуақ төгіп жүргейсің!

Асыл қасиет жас жүрекке ектіңіз,
Шәкірт бойына білім нәрін септіңіз.
Мектептің абыройын биік ұстап,
Еліңізге адал қызмет еттіңіз!

Тәрбие ісі меңгерушісінің құттықтауы

Келесі құттықтау сөз кезегін мектебіміздің тәрбие ісі меңгерушісі Қапаров Дауылбай ағайға береміз.

Рахмет, ағай.

Бүгінгі жаңа ғасыр азаматы — білімді де білікті тұлға. Әр шәкірттің қабілетіне, мүмкіндігі мен шығармашылық деңгейіне қарай білім беру — уақыт талабы, әрі әр ұстаздың кәсіби міндеті.

Оқушы шығармашылығы және ұстазға алғыс

Сыныбымыздағы ақынжанды оқушылар өз шығармашылықтарын жылдан-жылға дамытып келеді. Кішкентай ақындарымыздың жүрегінен шыққан өлеңдері аудандық газеттерде және басқа да басылым беттерінде жарияланып жүр.

Бүгін сіздерге олар ұстаздарына деген алғысын өлең-жырмен өрнектейді.

Негізгі ой

Ел жақсыларын еске алу — ұлтымыздың ұлы ісі. Ал ұстаз еңбегінің қоғам алдындағы мәртебесі әрдайым биік.

Ардагер ұстаздарға құрмет

Бүгінгідей мереке күні саналы ғұмырының қомақты бөлігін жас ұрпаққа білім беріп, тәрбие үйретуге арнаған ардагер ұстаздарымызға ерекше құрмет көрсетіледі.

Өмір — күнмен емес, мәнді іспен өлшенеді. Елге тигізген пайдасы, өнегелі еңбегі адам ғұмырының шынайы өлшемі. Өрнекті істерімен ардақты ұстаздарымыз мәңгі жүрегімізде.

Экранда

Ардагер ұстаздардың слайды көрсетіледі.

Экранда

«Ардагерім — ардақты» слайды көрсетіледі.

Көп жыл бұрын шыққанмен ол зейнетке,
Бір табан әлі жақын жүр бейнетке.
Ақсақалдар кеңесін басқарады,
Дауды шешіп, болысып кем-кетікке.

Үлгілі отбасында — отағасы,
Төрт ұл мен төрт қыздың ата-анасы.
Өз қолымен бауын баптап жайқалтқан,
Сан түрлі жеміс толы айналасы.

Шәкірттері болды оның академик,
Әр салада жүр қазір еңбек етіп.
Академик боларын кім біліпті,
Дайындай алар ма еді академик?

Өмір сырын түсініп ұққан терең,
Демалысқа құрметпен шыққанменен.
Қызығыңыз тарқамай замандағы,
Ұзақ ғұмыр тілейміз сізге әлі!

Құрметті қонақ

Ендігі кезекте мерекелік кешіміздің құрметті қонағы — ардагер ұстаз Жетес ағайдың жас ұрпаққа айтар жылы лебізін тыңдайық.

Рахмет, ағай.

Өнер бөлімі

Келесі кезекте «Сырғалым» бишілер тобының орындауындағы би қонағымыздың құрметіне арналады. Қабыл алыңыз!

Сұхбат айдары: «Сыр-сұхбат»

Ұстаз деген — өмірімнің бұлағы,
Мәңгі өшпес көңілімнің шырағы.
Сен жүрген жер толы болды білімге,
Шақырасың әр кез бізді ілімге.

Сен — кеніcің сана-білім көзінің,
Біз бәріне қанығамыз сөзіңнің.
Мақтанышым бола берші әрқашан,
Аман жүрші жамандықтан, қайда жүрсең!

Құрметті қонағымыз, ардагер ұстаз Жетес Ешниязұлына арналған «Өнегелі өмір» кітабының авторы Керімбердиев Жанғазы ағаймен «Сыр-сұхбат» айдарына кезек береміз.

Сұрақ

Ағай, ақын ретінде біздің кішкентай ақындарымыздың өлеңдеріне қандай баға берер едіңіз? Жүрегіңізге жол тауып жатыр ма?

Ұстаз — мектептің жүрегі

Мұғалім — мектептің жүрегі. Ол мектеп үшін жаралған, бар ғұмырын балаға арнаған жан. Шәкіртінің қабілетін ашып, болашаққа жетелеу — әр ұстаздың мейірлі де мерейлі ісі. Шәкірт жүрегіне жол табу — екінің бірінің қолынан келмейді.

Аяулы ұстазымыз

Бала бойындағы қабілетті ұштап, шәкірттердің сүйікті ұстазына айналған жандардың бірі — бастауыш сынып мұғалімі Сүйімбай Рысбике апай.

Қол соғып құрмет көрсетейік!

Түзеттіңіз шалалықты,
Есейттіңіз балалықты.
Ойламайтын ертеңін,
Ойсыз кейбір еркені —
Түзеп, жөнге салдыңыз,
Ел алғысын алдыңыз.

Сабырыңыз құрыштай,
Жөн айттыңыз ұрыспай.
Түзедіңіз тентекті,
Тұрғызбай-ақ бұрышқа.

Мерекелік сөз

Рысбике апайымызға мерекелік сөз кезегін береміз.

Ұстаздық еткен жылдарыңыздан жас ұрпаққа үлгі болар бір қызықты сәтті әңгімелеп берсеңіз.

Рахмет, апай!

Көрініс

Келесі кезекте оқушыларымыздың «Ұстаз болғым келеді» атты көрінісін тамашалайық.

Шәкірттерін азамат қып саналы,
Ұстаз ана, ұстаз дана болады.
Ең бастысы — ұстаз мына өмірде,
Ұлағат боп, ұлылық боп қалады.

Тағы бір құттықтау

Келесі құттықтау сөз кезегін мектебіміздің бастауыш сыныптар жөніндегі орынбасары Қалиева Жадыра апайға береміз.

Қорытынды: «Ұстаз» деген кім?

Ойланайық

  • Ұстаз дегеніміз кім?
  • Қандай жанды ұстаз деп атаймыз?
  • Бүгінгі кештен қандай ой түйдіңдер?

ҰСТАЗ

Ұ
ұлағатты
С
салмақты
Т
танымал
А
ардақты
З
зиялы

Хормен

Осы қасиеттердің барлығы кімнің бойынан табылады?

Әрине — ҰСТАЗДЫҢ!

Білдіріп шәкірттердің ақ ниетін,
Ұстаздың ардақты атын еркін.
Біз сізге сыйлық қылып ұсынамыз,
Жүректің алғысы мен рақметін.

Сыйлық тапсыру сәті.

Кештің аяқталуы

Барлығы бірге

«Алғыстарым көп менің»

Мұғалім болу көптің қолынан келеді, ал нағыз ұстаз болу — бәріне бірдей бұйырмайтын бақыт. Бүгінгі мерекелік кешіміздің кейіпкерлері — сол бақытқа ие жандар.

Өзі ұшырған қырандарын қиядан,
Іздетпейтін құздан емес, қиядан.
Біз бәріміз берешекпіз ұстазға —
Ұстаздарды, ұстаздарды сүй, адам!

Қала, дала жайнап тұрған бау болсын!
Тәрбие — теңіз, береке — білім, құт болсын!
Ел байлығын маңдай термен жасастың,
Ұстаздарым, дендеріңіз сау болсын!

Аяулы ұстаздар! Төл мерекелеріңіз тағы да құтты болсын! Білім беру жолындағы еңбектеріңіз еленіп, абырой биігінен көріне беріңіздер. Ізгі тілекпен бүгінгі мерекелік кешімізді жабық деп жариялаймыз!