Құқықтық мемлекет - қандай мемлекет

Сабақтың мақсаты мен міндеттері

Мақсаты

Еліміздің Ата заңы туралы түсінік қалыптастыру.

Міндеттері

  • Білімділік: Конституция ұғымын, бөлімдерін, қабылдану тарихын және қазіргі қолданысын түсіндіру; білімді өмірмен байланыстыру.
  • Дамытушылық: Деңгейлік тапсырмалар арқылы оқушылардың ой-өрісін дамыту.
  • Тәрбиелік: Патриоттық тәрбие беру, ұлтжандылыққа тәрбиелеу.

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру бөлімі

  • Амандасу.
  • Оқушылардың сабаққа қатысуын тексеру.

II. Кіріспе сұрақтар

  • Құқық дегеніміз не?
  • Құқықтық мемлекет дегеніміз қандай мемлекет?
  • Құқықтық мемлекетке тән белгілер қандай?
  • Құқықтық мәдениет және қоғамдағы рөлі.
  • Соттардың тәуелсіздігі нені білдіреді?
  • Жеке оқушыларға кеспе қағаздарын тарату.

III. Жүйелеу: тарихи сабақтастық

Ешқандай өркениетті қоғам бірден саналы әрі кемел күйде қалыптаспайды. Кемелдікке жету үшін кез келген орта өсіп-өркендеу сатыларынан өтеді. Тәуелсіз Қазақстанның да құқықтық мемлекет ретінде орнығуы ұзақ тарихи сынақтардан өтті.

Керей мен Жәнібек құрған Қазақ хандығы дәуірінен бастап бүгінгі бейбіт кезеңге дейінгі аралықта дала саясатының салмағы ішкі басқару жүйесіне айрықша ықпал етті. Тарих парақтарында із қалдырған басқару үлгілерін мысалға келтіруге болады:

  • Шыңғыс ханның заңдары мен басқару жүйесі
  • Қасым ханның қасқа жолы
  • Есім ханның ескі жолы
  • Әз-Тәуке ханның «Жеті жарғысы»
  • Абылай хан дәуіріндегі ел басқару тәжірибелері

«Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» қағидасын ұстанған халқымыз үшін бұл басқару үлгілері — дала демократиясының символдары. Бүгінгі мемлекеттік саясат пен Ата заң осы тарихи тәжірибелердің заңды жалғасы ретінде елдің құқықтық негізін нығайтады.

IV. Жаңа сабақ: Конституция ұғымы

Терминнің мәні

«Конституция» сөзі латын тілінен аударғанда құрылым, жарғы, заң деген мағыналарды білдіреді. Бұрын бұл ұғым «Основной закон — Негізгі заң» деп қолданылып келді. Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясын алғашқылардың бірі болып «Егемен Қазақстан» газеті Ата заң деп атады. Бұл атау ұлттық дүниетанымға жақын: қазақ ұғымында ата — ең биік тұлға, сөзі — кейінгіге заң.

Анықтама: Конституция — қоғамдық және мемлекеттік құрылыс негіздерін, мемлекеттік органдар жүйесін, олардың құрылу тәртібі мен қызметін, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен міндеттерін айқындайтын мемлекеттің негізгі заңы.

Негізгі ерекшеліктері

  • Ерекше тәртіппен қабылданады.
  • Тұрақтылыққа ие.
  • Құқықтық жүйенің бастауы әрі ең жоғары заңдық күшке ие.
  • Қоғамдық қатынастарды реттеудің негізін қалайды.

1993 жылғы Конституция

1993
  • Жаңа мемлекет жағдайында туындаған мәселелерді көрсетіп берді.
  • Басқару жүйесіне қатысты кейбір мәселелер толық шешілмеді.
  • Жоғарғы Кеңестің өкілеттігіне нақты шек қойылмады.
  • Президенттің құзыреті шектеулі болды.

1995 жылғы Конституция

1995
  • Заң актілерінің жүйесіздігін еңсеріп, мемлекеттік құрылысты жетілдірді.
  • Қысқа мерзім ішінде қажетті нормативтік базаны іске қосты.
  • Заңның ықпалы артты.
  • Президенттің заң күші бар жарлықтары құқықтық реттеудің тиімділігін күшейтті.

ҚР Конституциясының құрылымы және өзегі

Қазақстан Республикасының Конституциясы 9 бөлімнен және 98 баптан тұрады. Оның негізгі қағидасы: ең жоғарғы құндылық — Адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.

Конституцияның ең жоғары заңдық күші бар. Әрбір азамат өз құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін Конституция нормаларын пайдалана алады.

Бөлімдер тізімі

  1. I. Жалпы ережелер
  2. II. Адам және азамат
  3. III. Президент
  4. IV. Парламент
  5. V. Үкімет
  6. VI. Конституциялық кеңес
  7. VII. Соттар және сот төрелігі
  8. VIII. Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару
  9. IX. Қорытынды және өтпелі ережелер

Конституция — елдің басты саяси-құқықтық құжаты. Заңға бағыну — тәртіп. Тәртіп бар жерде тәрбие, тиянақтылық сияқты қоғам дамуына негіз болатын қасиеттер қалыптасады. Өз Отанын танып, сүю және оның заңдарын құрметтеу — әр адамның азаматтық жауапкершілігі мен азаматтық борышының көрінісі.

V. Дамыту: деңгейлік тапсырмалар

I деңгей: Сәйкестендір

  • Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы — 1990 жыл.
  • Референдумда қабылданған ҚР Конституциясы — 1995 жыл.
  • ҚР-ның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Заңы — 1991 жыл.
  • ҚР-ның тұңғыш Конституциясы — 1993 жыл.

II деңгей: Құқықтық күшіне қарай ретте

Төмендегі құжаттарды заңдық күшіне байланысты жоғарыдан төменге қарай орналастыр.

  1. ҚР Конституциясы
  2. ҚР Президентінің жарлығы
  3. Жоғары лауазымды органдардың нормативтік актілері
  4. Үкімет қаулылары
  5. Жергілікті өкілдік органдардың шешімдері

III деңгей: Талдау

Конституцияның бөлімдерін ата және әр бөлімде не туралы тұжырымдалғанын қысқаша түсіндір.

Кеңес

Жауапта: мемлекеттік құрылым, билік тармақтары, азамат құқықтары, сот жүйесі және жергілікті басқару тақырыптарын бөліп көрсет.

VI. Бекіту және қорытындылау

Бекіту

Тақырыпты бекіту үшін тест тапсырмалары орындалады.

Қорытындылау

Оқушылар Конституцияның мәнін, оның қоғам өміріндегі рөлін және құқықтық мемлекеттің негізгі қағидаларын қорытындылайды. Азаматтық жауапкершілік, заңды құрметтеу және Отанға қызмет ету құндылықтары айқындалады.