Сабаққа әзірлігін тексеру

Кіріспе ой: дастархан — мәдениет айнасы

Әр халықтың өз тарихы бар. Сол тарих арқылы халықтың тыныс-тіршілігі, дүниетанымы мен әдет-ғұрпы көрінеді. Көшпелі өмір салтын ұстанып, мал шаруашылығы мен егіншілікті қатар дамытқан халқымыздың дастарханы да этнографиялық болмысымен ерекшеленеді.

Ежелден қазақ халқы өздері баққан малдың терісін, жүнін, етін, сүтін, сондай-ақ тары, сұлы, күріш, арпа секілді дақылдарды орнымен пайдаланып, тағам әзірлеу өнерін жетік меңгерген. Қазақ үшін дастарханнан, дәмнен артық құндылық жоқ.

Тәрбиелік екпін

Дастархан — береке мен бірліктің, қонақжайлық пен мәдениеттің белгісі.

Өлең жолдары

Қазы, жая, омыртқа, көмбе деген,

Қуырдақ, сүр, мипалау — тәтті неден?

Қарта, төстік, жая, шұжық, жаужұмырдың,

Қазағым қасиетін ерте білген.

Сабақ форматы: қорытынды сайыс

Бүгінгі сабақ — қорытынды сабақ. Оқушылар «Тамақтану мәдениеті» бөлімінен алған білімдерін бекіту мақсатында сайыс түрінде жұмыс істейді. Сабаққа қатысып отырған мұғалімдер арасынан ақылдастар алқасы (әділқазылар) сайланады.

Топтар

  • I топ: «Алтын астық»
  • II топ: «Ақ дастархан»

Сайысқа шақыру (поэтикалық кіріспе)

Бүгін біздің ауылда дүбірлі той,

Ден қойып тыңдаңыздар, көңілді қой.

Жырдан шашу шашылып, күй күмбірлеп,

Қош келдіңдер, халайық, сергісін бой.

Болады қыздың аты затына сай,

Ниет етсең — болуға өнерге бай.

Артық емес «үйрен де жирен» деген,

Бос қалып бұл өмірде жүрмеші жай.

Сабақтың барысы

  1. I. Ұйымдастыру кезеңі

    Сыныптың жұмысқа бейімделуі, көңіл күйді реттеу.

  2. II. Сабаққа әзірлігін тексеру

    Құрал-жабдық, тазалық және қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылау.

  3. III. Ақылдастар алқасын сайлау

    Әділ бағалау үшін әділқазылар құрамын анықтау.

  4. IV. Кіріспе әңгіме және топқа бөлу

    Оқушыларды топтарға бөліп, жоспармен таныстыру және сайыс кезеңдерінің ретін түсіндіру.

Сайыс кезеңдері

I кезең: Топпен таныстыру

Топ басшысы өз тобының атауын, мүшелерінің қабілетін, білімі мен жетістіктерін таныстырады.

II кезең: Сұрақ-жауап

Тағам түрлерін әзірлеу әдістеріне байланысты сұрақтарға жауап беру арқылы теориялық білім тексеріледі.

III кезең: «Мың бір мақал»

Қазақ тіліндегі мақал-мәтелдер арқылы ойды қысқа әрі нұсқа түйіндеу мәдениеті бағаланады. Мұғалім мақалдың басын айтады, оқушылар жалғасын табады.

IV кезең: «Тағамдар түріне саяхат»

Екі топ жайған дастархандағы тағамдардың барлығы қолдан жасалған. Оқушылар олардың сіңімділігі, құнарлылығы, дәмдік ерекшелігі және тағамның қадір-қасиеті мен маңызы туралы айтып береді.

V кезең: Өз өнерін көрсету

Оқушылардың таңдауы бойынша салат әзірленеді. Мұнда тазалық, қауіпсіздік, уақытты тиімді пайдалану және эстетикалық безендіру талаптары ескеріледі.

Бекіту және қорытынды

Қыздар, бүгінгі сайыс сабағында ізденістерің анық байқалды. Осындай сайыс сабақтар қызығушылықты, ізденімпаздықты және бәсекелестікті арттырады. Сондықтан әрдайым үлкен ізденіс, тынымсыз еңбек және таудай талап қажет екенін есте сақтаңдар.

Қорытынды сөз (әділқазыларға кезек беру)

Кімдер білгір, кімдер ұшқыр —

Салыстырып біз көрдік.

Қара қылды қақ жарып,

Әділін тек айтатын,

Ортамызда төбе би,

Өзіңізге сөз бердік.

Сабақ соңында екі топқа да мақтау қағаздары тапсырылады.

Автор туралы мәлімет

Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласы, №19 жалпы орта білім беретін мектептің жоғары білімді, I санатты технология пәнінің мұғалімі — Жұмағалиева Салтанат Құлымжановна.