Сабақ мақсаты

Сабақ жоспары (11-сынып)

Пән: Өзін-өзі тану Тақырып: «Ата-анаң — алтын тұғырың» Құндылық: сүйіспеншілік Қасиеттер: мейірімділік, қамқорлық, достық

Сабақтың мақсаты

«Ата-анаң — алтын тұғырың» тақырыбын түсіндіру арқылы оқушылардың сүйіспеншілік құндылығы туралы түсінігін кеңейту.

Міндеттері

Білімділік

Ата-анаға қамқорлық сезімін қалыптастыру, ата-ананы құрметтеуге үйрету.

Дамытушылық

Ата-ананы қадірлеуге, ардақтауға және олардың үмітін ақтауға баулу.

Тәрбиелік

Махаббатқа, мейірімділікке, қамқорлыққа тәрбиелеу.

Сабақ барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

  • Сәлемдесу, оқушылардың көңіл күйін сұрау.
  • Сабаққа қатысуды тексеру.
  • «5 Т» ережесін қайталау:
1) Тәртіп
2) Талап
3) Тыныштық
4) Тазалық
5) Татулық

2) Тыныштық сәті

«Нұрға бөлену» жаттығуы.

3) Үй тапсырмасын тексеру

Үйге берілген тапсырма бойынша оқушылардың жауаптарын тыңдау, қысқаша талқылау.

4) Дәйексөз

«Әке — асқар тау, Ана — ағып жатқан бұлақ, Бала — жағадағы құрақ».
Халық нақылы

5) Әңгімелесу (сұхбат)

Ата-ананың қай-қайсысы да баласына мықты денсаулық, бақытты және шат өмір тілейді. Олар баласының ер жетіп, елінің азаматы болып, халқының мақтанышы атануын қалайды.

Бесіктегі нәрестенің ертең елге қызмет ететін азамат болып қалыптасатынына үміт артып, «адал еңбек ет, ел-жұртыңды қорға» деген игі ниетті тілектерін әнмен, жырмен де жеткізеді.

Бұл тілектердің мәні — халқыңды сүю, халық мүддесін жоғары қою, елге қорған болу, еңбекқор әрі жауапты азамат болып өсу. Яғни, бала өсе келе қоғамға пайдасын тигізетін, өмірде өз орнын таба алатын тұлғаға айналсын деген мақсат.

6) Шығармашылық іс-әрекет (топтық жұмыс)

1-топ

«Ата-анаң — алтын тұғырың» тақырыбына эссе жазу.

2-топ

Осы тақырыпқа сурет салу.

Дәптермен жұмыс

Дәптердегі 1-тапсырманы орындау.

7) Топпен ән айту

«Ана туралы жыр» Сөзі: Ғ. Қайырбеков Әні: Ш. Қалдаяқов

Әлемнің жарығын, Сыйладың сен маған. Даланың әр гүлін, Жинадың сен маған. Сен бердің құстардың, Қанатын самғаған. Балалық құштарым, Өзіңе арнаған.

Қайырмасы:

Әлдилеп аялап, Өсірген жемісің. Самал жел, сая бақ, Құшағың мен үшін. Есейіп кетсем де, Мен саған сәбимін. Көңіліңді көктемдей, Көзіңнен танимын.

Өтеуге борышым, Анашым, жан сырым. Іздедім сен үшін, Әлемнің асылын. Әлемнің байлығын, Сыйлар ем, кеш мені. Сыйлар ем ай, күнін, Қолыма түспеді.

8) Үй тапсырмасы

«Ана махаббаты мен бала махаббаты» тақырыбына эссе жазып келу.

9) Қорытындылау және соңғы тыныштық сәті

Бүгінгі сабақтан алған жақсы қасиеттерді жүректеріңізге сақтап, күнделікті өмірде қолдануға талпыныңыздар. Сабақ аяқталды. Сау болыңыздар!

Автор

Мұғалім: Жаукенова Г.