Елтаңба негізі - шаңырақ
Сабақтың мақсаты мен бағыты
Бұл сабақтың мақсаты — оқушылардың мемлекеттік рәміздер туралы бұрынғы білімін еске түсіріп, оны тереңдетуге бағыттау. Оқушылар рәміздердің мәнін, тарихын және ел үшін маңызын жете түсінуге ұмтылады. Сонымен бірге елжандылыққа, отан сүйгіштікке, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге әрі қастерлеуге тәрбиеленеді.
Көрнекілік
Ел рәміздерінің суреттері, рәміздер туралы бейнефильм.
Сабақ түрі
Жаңа сабақ.
Әдістер
Сөйлеу, баяндау, бейнефильм демонстрациялау, интерактивті тәсілдер.
Кіріспе бөлімі
- 1 Әнұранды орындау.
- 2 Рәміздер туралы бейнефильм көру.
- 3 Бейнефильм бойынша оқушылар пікірін тыңдау.
- 4 Мұғалімнің кіріспе сөзі.
«Қазақстан — Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі, Әнұранымен айбатты», — десек, бүгінгі оқу жылындағы алғашқы сабағымыздың тақырыбы: «Ел айбыны — рәміздер».
Қазақ халқы көптен күткен тәуелсіздікке қол жеткізді. Егемен ел болғанына 20 жыл толған кезеңде бүкіл еліміз мерекелеп, мектепте және сыныпта тәрбиелік мәні зор көптеген шаралар өткізілді. Бүгінгі сабақ — сол тақырыптардың жалғасы.
Баршамызға мәлім: 1992 жылғы 4 маусымда Қазақстан өз мемлекеттік рәміздерін қабылдады. Олар: Қазақстан Республикасының Туы, Елтаңбасы және Әнұраны.
Негізгі бөлім: рәміздер туралы мәліметтер
Мемлекеттік Ту
Мемлекеттік Ту — бірыңғай көгілдір түсті. Бұл бейбіт аспанды елестетіп, қазақ халқының бірлік пен ынтымақ жолындағы адалдығын білдіреді. Нұрға малынған алтын күн — байлық пен тыныштықтың нышаны. Қанатын жайған қыран — халқымыздың кеңдігі мен еркіндігін айқындайды. Ағаш сабына бекітілген тұстағы тік жолақ ұлттық ою-өрнекпен безендірілген.
Авторы: суретші Шәкен Ниязбеков.
Мемлекеттік Елтаңба
Елтаңбаның негізі — шаңырақ. Ол отбасы мен бірлікті бейнелейді, күн шеңберін еске салады. Шаңырақ айналасындағы уықтарды қанатты тұлпар қоршап тұр. Қанатты тұлпар — қазақ поэзиясында кең тараған бейне; ол уақыт пен кеңістікті біріктіретін символ. Бесбұрышты жұлдыз — «Бағың ашылып, жұлдызың жарқырай берсін» деген тілек-мағынаны білдіреді.
Авторлары: Ж. Мәлібеков, Ш. Уәлиханов.
Мемлекеттік Әнұран
2006 жылғы 6 қаңтар — еліміз үшін тарихи күн. Сол күні Парламент жаңа Мемлекеттік Әнұранды қабылдады. Ол мемлекетімізге жаңа екпін, жаңаша мазмұн мен серпін беретін рухани құндылық ретінде бекітілді. Жаңа Әнұран ресми түрде 2006 жылғы 11 қаңтарда ұлықтау рәсімінде тұңғыш рет орындалды.
Сөзі: Ж. Нәжімеденов, Н. Назарбаев.
Әні: Ш. Қалдаяқов.
Тарихқа құлақ түрсек
Геральдика туралы
XII ғасырда геральдика ілімінің негізі қаланды. «Геральдика» термині латын тілінен енген және елтаңбаға қатысты ұғымды білдіреді. Бұл ғылымның негізін салушы ретінде француз ғалымы Менестере аталады.
Ту тарихынан дерек
Алғаш рет ту шамамен бес мың жыл бұрын Таяу Шығыста пайда болған. Ол кезде туларға құстардың немесе құдайлардың бейнелері салынған. Ең көне ту Иран аумағында табылған: төртбұрышты, металдан жасалған жәдігер Гиннестің рекордтар кітабына енгізілген. Қазіргі қолданылып жүрген тулардың алғашқы үлгілерінің бірі ретінде Қытай императоры Чжодтың ақ түсті туы айтылады: ақ түс — билік пен көштің белгісі саналған.
Әнұран ұғымы
Әнұран — дыбыстық рәміз. «Гимн» сөзі грек тілінен шыққан, мағынасы — салтанатты ән.
Оқушылардың өлең-жырлары
Мен қазақпын, ұланымын қазақтың,
Тәуелсізбін, егеменмін, озатпын.
Көк байрағым көгімде желбіреп,
Алатаудай көкке өрлеген азатпын.
Шықты тарап ой данадан,
Бері қарады жұлдыз беті.
Елі қалап сайлап алған,
Елімнің Президенті.
Бақтың құсы әр адамға қонып тұр,
О, Тәңірім, бізді баққа жолықтыр.
Бүгін міне, тәуелсіздік, ағайын,
Әр қазақтың жүрегі болып соғып тұр!
Көк жүзінде қалықтаған қыраным,
Бейбітшілік пен бостандық жыр-әнім.
Самғап жүрсек бостандықта биікте,
Шарықтайды кең көлемде бұл әнім!
Қорытынды бөлім: мұғалімнің сөзі
Ұлттық рәміздерді құрметтеу — әрбір азаматтың міндеті. Өйткені олар — елдіктің киелі белгілері. Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан халықаралық қауымдастыққа еніп, көптеген елмен елшілік қарым-қатынас орнатты. Елдің абыройын, ұлан-байтақ жеріміздің тұтастығын қорғайтын құжаттар мен шарттарға қол қойылды. Ең бастысы — еркіндік.
Сондықтан тәуелсіздікті күнделікті қорғап, қолдап отыру қажет. Бұл жауапкершілік біздің жақсы оқуымыздан, үлгілі тәртібімізден көрінеді. Алда тұрған маңызды сынақ — ұлттық бірыңғай тестілеуге тыңғылықты дайындалып, жақсы нәтиже көрсету. Бұл — еліміздің дамуына қосқан үлесіміздің бір тамшысы болмақ.
Сабақтың аяқталуы
Сабақ соңында «Қазақтай ел қайда» әні орындалады.