Етістіктің тапсырмалары
Сабақтың тақырыбы: Етістік
Бұл сабақ ертегі желісімен ұйымдастырылып, оқушылардың жыл бойы алған білімдерін пысықтауға, етістіктің түрлерін ажыратуға және сөйлемнен етістікті табуға бағытталады. Әр дұрыс жауап үшін 1 ұпай беріледі, сабақ соңында ұпай саны бойынша баға қойылады.
Сабақтың түрі
Ертегі сабақ
Принциптері
- Бірізділік
- Жүйелілік
- Ғылымилық
Сабақтың мақсаты
1) Білімді бекіту
Етістік туралы білімді пысықтау және қорытындылау; сөйлемнен етістікті табу; түрлерін ажырату; дара етістікті күрделі етістікке айналдыру тапсырмаларын орындау.
2) Дамытушылық
Оқушылардың зейінін арттыру, шығармашылық белсенділігін дамыту, білім-білік дағдыларын қалыптастыру.
3) Тәрбиелік
Оқытуды өмірмен байланыстыру; шыдамдылыққа, сауаттылыққа, ұйымшылдыққа тәрбиелеу.
Әдістері
- Қорытындылау
- Сұрақ-жауап
- Тест
- Ойындар
Көрнекілігі
- Интерактивті тақта
- Слайдтар
- Сюжетті суреттер
- Жауап парақтары
- Ұпай шаблондары
Сабақтың жоспары
I. Бағдарлау (мотивациялық кезең)
- 1. Ұйымдастыру бөлімі
- «Сөз таптары еліне саяхат»
- Сөз таптарына шолу
- Етістіктің тапсырмаларымен танысу
II. Операциялық (орындаушылық кезең)
- 1. Тест (өзін-өзі тексеру)
- 2. Дара етістікті күрделі етістікке айналдыру (ауызша)
- 3. «Қалай дыбыстайды?» ойыны
- 4. Дәптермен жұмыс: көркем жазу минуты
- 5. «Е» әрпі бар етістіктер жазу
- 6. Оқулықпен жұмыс (465–468-жаттығулар) және сергіту сәті
III. Рефлексия (бағалау кезеңі)
- 7. Топтық жұмыс: «Не істейді?» ойыны
- 8. «Кім жылдам?» ойыны
- Қорытынды: тірек сызбамен жұмыс
- Үй тапсырмасы: 469-жаттығу, ойынды жалғастыру
Сабақтың барысы
I. Бағдарлау – мотивациялық кезең
1) Ұйымдастыру бөлімі
Оқушылардың қызығушылығын ояту үшін «Сөз таптары еліне саяхат» ертегісі айтылады:
Ертеде «Қазақ тілі» әлемінде «Сөз таптары» деген ел болыпты. Ол елде «Зат есім», «Етістік», «Сын есім» және «Сан есім» деген ағайындылар өмір сүріпті. Олар бір-бірімен тату болып, әрқайсысы өз міндетін атқарыпты.
Сөз таптарына шолу сұрақтары:
- Зат есім туралы не білеміз?
- Сын есім туралы не білеміз?
Мұғалім: «Балалар, бүгін біз Етістіктің үйіне қонаққа барамыз.»
Етістіктің тапсырмалары
Етістік: «Балалар, менің үйімде көптеген қызықты тапсырмалар бар. Сол тапсырмаларды орындауға дайынсыңдар ма? Олай болса, іске сәт!»
Әр дұрыс жауапқа 1 ұпай беріледі. Сабақ соңында ұпайлар қорытындыланып, бағаланады.
II. Операциялық – орындаушылық кезең
1-тапсырма: Тест
5 сұрақТестті орындағаннан кейін гиперсілтеме арқылы өзін-өзі тексеру жүргізіледі. Мақсат — етістіктің түрлерін еске түсіру.
2-тапсырма: Дара етістікті күрделі етістікке айналдыру (ауызша)
Үлгі
Жүзді → жүзіп жүр
Үлгі
Оқыды → оқып отыр
Үлгі
Сарғайды → сарғайып жатыр
3-тапсырма: «Қалай дыбыстайды?» ойыны
Жан-жануарлардың суреттері дыбыстарымен бірге беріледі. Оқушылар олардың қалай дыбыстайтынын айтып, сөйлемнен етістікті табады.
Қасқыр ұлиды.
Арыстан ақырады.
Ешкі маңырайды.
Ит үреді.
Қарға қарқылдайды.
4-тапсырма: Дәптермен жұмыс — көркем жазу минуты
«Бүгін біз Етістіктің үйінде қонақтамыз. Сондықтан Ее әрпін әдемі етіп жазайық».
Назар
Е е Е е Е е
5-тапсырма: «Е» әрпі кездесетін етістіктерді жаз
Оқушылар «Е» әрпі бар етістіктерді дәптерге жазады (мысалы: келеді, береді, естиді, етеді).
6-тапсырма: Оқулықпен жұмыс (465–468-жаттығулар)
а) 465-жаттығу (ауызша)
Жұмбақтарды оқып, шешуін тап. Етістіктерді анықта.
Арыстан ақырады,
Орман жарқырады.
Жауабы: Найзағай
Күндіз тіпті ұшпайды,
Түнде тышқан ұстайды,
Көзі шамға ұқсайды.
Жауабы: Жапалақ
Сергіту сәті
«Балалар, бүгін Етістіктің үйіне басқа да қонақтар келіпті. Солармен бірге билеп, сергіп алайық!» (Көңілді әуен қосылады.)
ә) 466-жаттығу
Өлеңді көшіріп жаз.
Мен гүлдерді жұлмаймын,
Торғайларды қумаймын.
Айтқан сөзді тыңдаймын,
Апашымды сыйлаймын.
А. Бақтыгереева
- Өлең не туралы?
- Етістіктердің астын сыз, оларға сұрақ қой.
б) 467-жаттығу
Көп нүктенің орнына тиісті сөздерді қойып оқы.
Керекті сөздер
қарқылдайды, ақырады, сыңсиды, шаңқылдайды, ұлиды
Арыстан ақырады.
Сауысқан шықылықтайды.
Құндыз сыңсиды.
Қарға қарқылдайды.
Қасқыр ұлиды.
Бүркіт шаңқылдайды.
в) 468-жаттығу
Сөздердің алдына зат есім қойып, сөйлем құрап жаз. (№3 флипчарт)
Үлгі: Алаша тоқыды.
III. Рефлексиялық – бағалау кезеңі
7-тапсырма: Топтық жұмыс — «Не істейді?» ойыны
Үш қатар — үш топ. Әр топқа бір заттың суреті беріледі. Топ мүшелері сол затқа қатысты «Не істейді?» сұрағына жауап болатын, қайталанбайтын бір қимылды айтуы керек.
1-топ
Мысық
2-топ
Ит
3-топ
Адам
8-тапсырма: «Кім жылдам?» ойыны
Слайдта берілген сұрақтарға мүмкіндігінше жылдам жауап беру керек.
Қорытынды бөлім: тірек сызбамен жұмыс
Мұғалім етістік туралы негізгі ұғымдарды жинақтап, тірек сызба арқылы қорытынды жасайды.
Үй тапсырмасы
- 469-жаттығу
- «Қалай дыбыстайды?» ойынын жалғастыру
Бағалау өлшемі (ұпай бойынша)
Сабақтың қорытынды бағасы жинаған ұпай санына байланысты қойылады.
Сабақ аяқталды. Сау болыңыздар!