Күн - жарық пен жылудың көзі

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Тақырыбы

Күн – жарық пен жылудың көзі.

Сабақтың түрі

Аралас сабақ.

Мақсаты

  • Күн және оның тіршілік үшін маңызы туралы мәлімет беру; Күн жүйесі жөніндегі білімді толықтыру.
  • Табиғатты қорғауға, елін-жерін сүюге, ізденімпаздыққа және еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.
  • Оқушылардың дүниетанымын кеңейтіп, танымдық қызығушылығын арттыру.

Көрнекіліктер

  • Күн жүйесінің суреті
  • Глобус
  • Қосымша суретті оқулықтар
  • Қима қағаздар
  • Лупа

Әдіс-тәсілдер

  • Көрнекілік
  • Түсіндіру
  • Сұрақ-жауап

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру және психологиялық дайындық

Мұғалім өлеңді орташа, жай темппен оқиды:

Табиғат! Тіршіліктің тұнып тұрған.

Сен – Күнсің! Көтерілген күліп қырдан.

Сен – Көлсің, Сен – Ормансың, Сен – Бұлақсың,

Адамды сұлулыққа құнықтырған.

2) Үй тапсырмасын тексеру: «Ғарыш дегеніміз не?»

Бекіту сұрақтары

  • Ғарыштың құрамдас бөліктерін ата.
  • Планета деген не?
  • Ғарышқа жол қашан ашылды?

Негізгі жауаптар

  • Ғарыштың құрамдас бөліктері:

    жұлдыздық жүйелер (галактикалар), әлемдік шаң-тозаң, бос кеңістіктер, газ шоғырлары, әртүрлі сәулелер.

  • Планета:

    өзінен жарық шығармайтын, салыстырмалы салқын аспан денесі.

  • Ғарышқа жолдың ашылуы:

    1957 жылғы 4 қазанда Жердің тұңғыш жасанды серігі ұшырылды. 1961 жылғы 12 сәуірде Ю. А. Гагарин адамзат тарихында алғаш рет ғарышқа ұшты.

3) Жаңа сабақ: Күн – жарық пен жылудың көзі

Алдыңғы сабақта Күн жүйесіндегі планеталар және олардың зерттелуі туралы білдік. Енді назарымызды Күннің өзіне аударайық.

а) Топтау (ой қозғау)

«Күн» деген сөзді естігенде нені елестетесіңдер? Қандай сезім туады? Ойларыңды сәулелерге жазып, тақтаға іліңдер.

  • жылу
  • жарық
  • энергия көзі
  • мейірім шуағы
  • аптап ыстық
  • бағыттаушы

Бүгінгі тақырып: Күн – жарық пен жылудың көзі.

ә) Мағынаны тану (суретпен жұмыс)

Өсімдіктер мен жануарлар әлемі, адамзат тіршілігі үшін жылу мен жарықтың орны ерекше. Ал жарық пен жылудың негізгі көзі – Күн.

Негізгі ұғым

Күн – Жерге ең жақын орналасқан жұлдыз, алып газды шар және Күн жүйесіндегі ең үлкен дене.

Неліктен жұлдыздар күндіз көрінбейді?

Күн сәулесі олардың әлсіз жарығын басып кетеді, сондықтан жұлдыздар түнде ғана айқынырақ көрінеді.

Күн туралы маңызды деректер

Массасы

333 000 есе

Күннің массасы Жер массасынан шамамен 333 000 есе үлкен.

Қашықтық

150 000 000 км

Жерден Күнге дейінгі орташа қашықтық.

Жасы

~5 млрд жыл

Күннің жасы шамамен 5 миллиард жыл.

Температура

Бетіндегі температура +6000°C шамасында, ал ішкі қабаттарында бұдан да жоғары.

Жарықтың жету уақыты

Күннен шыққан жарық Жерге 8 минут 19 секундта жетеді.

Жерге жететін энергия

Жерге Күн қуатының шамамен 2 миллиардтан бір бөлігі ғана жетеді. Күн көкжиектен неғұрлым жоғары көтерілсе, соғұрлым күштірек жылытады, бірақ Күн сәулесі Жер бетін біркелкі қыздыра алмайды.

Күннің тіршілік үшін маңызы

Ғалымдардың есептеуінше, Жер бетінде тіршіліктің пайда болғанына 4 миллиард жылдан асады. Осы ұзақ уақытта біржасушалы қарапайым ағзалардан бастап сан алуан өсімдік пен жануарлар дамып, күрделене түсті.

Күн сәулесі болмаса, жасыл өсімдіктер ауадағы көмірқышқыл газын сіңіріп, оттегін бөліп шығара алмас еді. Ал оттегімен жан-жануарлар да, адамдар да тыныс алады.

Күн сәулесі түспеген жерде өсімдік өспейді. Адамдарға қажет киім, тамақ, баспана, дәрі-дәрмек, ал жануарларға азық — бәрі де өсімдіктерге тікелей немесе жанама түрде байланысты. Сондықтан Күннің жарығы мен жылуынсыз Жер бетінде тіршілік болмас еді.

б) Мәтінмен жұмыс (дауыстап оқу және сұрақ-жауап)

Күн жүйесінің құрамына қандай аспан денелері кіреді? — жауабын ашу

Күн және оны айналып жүретін планеталар мен олардың серіктері Күн жүйесін құрайды.

Күннің бетіндегі температура қандай? — жауабын ашу

Шамамен 6000°C.

Күн қуаты қалай пайдаланылады? — жауабын ашу

Электр энергиясын өндіруге, үй жылытуға, астық пен көкөністерді кептіруге және басқа да мақсаттарға қолданылады.

Ғарыштан алынатын ақпараттардың шаруашылық үшін маңызы қандай? — жауабын ашу

Жердің жасанды серіктері халық шаруашылығына үлкен қызмет көрсетеді.

  • Ғарыштан түсірілген суреттер ауа райын болжауға және қауіпті құбылыстардың алдын алуға көмектеседі.
  • Арктикада жүзетін кемелер қалқыма мұз жағдайын бақылап, жүзу бағытын соған қарай жоспарлайды.
  • Жасанды серіктер арқылы хабар тарату, радио және телефон байланысы іске асады.

в) Тәжірибе: лупа арқылы Күн сәулесін шоғырландыру

Нұсқау

Қалың дөңес шыныны (лупаны) пайдаланып, Күн сәулесін біраз уақыт қағаздың бір нүктесіне түсіріп тұрыңдар.

Талқылау сұрақтары

  • Не байқадыңдар?
  • Қағаз неге күйді?

г) Өзіндік жұмыс: мамандықтар үшін Күннің маңызы

Кітаптағы мәтін мен өз білімдеріңді пайдаланып, төмендегі мамандық иелері үшін Күннің маңызы туралы қысқаша әңгімеле:

Дәрігер

Ағзаға жылу мен жарықтың әсері, дәрумен D, денсаулық пен күн тәртібі тұрғысынан.

Диқан

Өсімдік өсуі, фотосинтез, өнім пісуі, ылғал айналымы және маусымдық еңбек үшін.

Саяхатшы

Бағдар табу, тәулік уақыты, ауа райын бағдарлау, жылу мен қауіпсіздік үшін.

Жауаптар ауызша тексеріледі.

д) Шығармашылық жұмыс: РАФТ стратегиясы

Рөл
Күн
Аудитория
тыңдаушы адамдар
Жеткізу формасы
өз қалауыңша
Тақырып
«Нұрлы әлем»

Бүгінгі сабақта басты рөлде – Күн. «Нұрлы әлем» тақырыбында ақынның жүрегімен, суретшінің көзімен, жазушының тілімен Күнге ризашылығымызды білдірейік.

  • Сурет арқылы
  • Өлең жолдарымен
  • Қара сөзбен
  • Хат түрінде

Жауаптар ауызша тексеріледі.

Бекіту және қорытынды

Не білемін?

Күн — жарық пен жылудың негізгі көзі; тіршілікке ықпалы зор.

Не таңқалдырды?

Күн массасының орасан үлкендігі және жарықтың Жерге 8 минуттан аса уақытта жетуі.

Не білгім келеді?

Күн энергиясын тиімді пайдалану жолдары және ғарыштық бақылаулардың мүмкіндіктері.

Бағалау және үй тапсырмасы

Оқушылардың білімін бағалау

Сұрақ-жауап және орындалған тапсырмалар бойынша.

Үйге тапсырма

Оқулық: 105-бет.

Сабағымызды қорыта келе, Күн шуағы шартарапқа мейірімін төге берсін, елімізде әрдайым бейбітшілік болсын.

Хор: «Әрқашан күн сөнбесін!»