Ұялы телефон
Сабақ туралы қысқаша мәлімет
Мұғалім
Павлодар облысы, Качир ауданы, Октябрь жалпы орта білім беру мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі — Мирманова Лағыл Балтабекқызы.
Сабақтың тақырыбы
Ұялы телефон. Зат есімнің көптелуі.
Сабақтың түрі
Жаңа сабақ.
Көрнекіліктер
- Интерактивті тақта
- Кеспе қағаздар, маркер, стикер
- Бағалау парақтары, флипчарт
Мақсаттар мен күтілетін нәтижелер
Сабақтың мақсаты
- Білімдік: зат есімнің түрленуі туралы жалпы түсінік беру; зат есімнің көптелуі мен оның ерекшеліктерін меңгерту; ұялы телефонның пайдасы мен зиянын ажырата білу.
- Дамытушылық: ауызша және жазбаша тілін дамыту; қызығушылығын арттыру арқылы танымдық көзқарасын қалыптастыру.
- Тәрбиелік: елін, жерін, Отанын сүюге; мемлекеттік тілді құрметтеуге; қоғамдық ортада өзін дұрыс ұстауға тәрбиелеу.
Күтілетін нәтижелер
- Зат есімнің түрленуі туралы жалпы түсінік қалыптасады.
- Зат есімнің көптелуі және оның ерекшеліктері меңгеріледі.
- Ұялы телефонның адам өміріндегі пайдасы мен зияны туралы ой қорыта алады.
Әдіс-тәсілдер және оқу әрекеттері
Сабақтағы тәсілдер
- Сергіту сәті (жас ерекшелігіне сай оқыту)
- Кластер
- Ереже шығару (сыни тұрғыдан ойлау)
- Топпен жұмыс (қалай оқу керектігін үйрету)
- Рөлге бөлу (талантты және дарынды оқушылармен жұмыс)
- Демонстрация (ақпараттық технологияларды қолдану)
- «Бір сөзбен» әдісі (оқыту үшін бағалау)
Сыныптағы атмосфера
Тренинг «Мені таны»
Оқушылар шеңберге тұрып, өз есімін айтады. Есімі қай әріптен басталса, сол әріпке сәйкес бір сөз қосып таныстырады (мысалы: «Әсем — әдемі»).
«Шаттық шеңбері»
Көтеріңкі көңілменен шаттанайық бәріміз, көңілді етіп сабақты да өткізейік қане біз!
Қайырлы күн, әлем! Қайырлы күн, аспан! Қайырлы күн, сен! Қайырлы күн, мен!
Қайырлы күн, мұғалім! Қайырлы күн, қонақтар!
Бүгінгі сабаққа қонақтар келгендіктен, оқушылардан жинақылық, мәдениеттілік және белсенділік күтіледі.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылармен амандасу, сабаққа назар аударту.
- Кезекшінің мәліметі.
- Топқа бөлу: телефон түрлері бойынша екі топқа бөлінеді (Samsung, Nokia).
- Топ ішінде рөлдер бөлінеді: жетекші, хатшы, көмекші; топ басшысы тағайындалады.
II. Үй тапсырмасын тексеру
«Аквариумдағы алтын балық» әдісі
Оқушылар шеңбер құрып отырады. Бір оқушы ортаға шығып, үй тапсырмасын оқиды. Қалғандары сұрақ қояды. Жауап бере алмаса, басқа оқушылар толықтырады.
Тапсырма мазмұны
Зат есімнің септіктері, сұрақтары, жалғаулары: айтып, мысал келтіру.
Ойын: «Ойыншықты қағып ал, жауабын тез тап!»
- Зат есім дегеніміз не? Сұрақтары қандай?
- Зат есім тұлғасына қарай нешеге бөлінеді?
- Негізгі зат есім дегеніміз не?
- Туынды зат есім дегеніміз не?
- Жалпы есім дегеніміз не? Мысал келтір.
- Жалқы есім дегеніміз не? Мысал келтір.
III. Жаңа сабақ
Тақырыпты ашу
Суреттердің алғашқы әріптерін құрастыру арқылы сабақтың тақырыбы анықталады.
Күнтізбелік белгі
Жиырма үшінші желтоқсан.
Тақырып: Ұялы телефон. Зат есімнің көптелуі.
Негізгі ұғым
Қазақ тілінде жалғау төрт түрлі: көптік, тәуелдік, септік, жіктік.
Теория: зат есімнің түрленуі
Зат есімді түрлендіретін тұлғалар — оның жалғаулары. Жалғаулар бір жағынан сөзге грамматикалық мағына үстейді, екінші жағынан сөздерді өзара байланыстырады.
Зат есім негізінен көптеледі, тәуелденеді және септеледі. Тек адамға қатысты зат есімдер ғана жіктеле алады: мен бала-мын, сен бала-сың, сіз бала-сыз, ол бала.
Кейде адам мәнінде қолданылған сөздер де жіктеледі: Мен асқар таумын. Сен төбесің. Сен темірсің. Мен көмірмін, еріткелі келгенмін.
Көптік жалғау
Көптік жалғау алты түрлі: -лар, -лер, -дар, -дер, -тар, -тер. Үндестік заңына сай жалғанып, заттың көптігін білдіреді: оқушылар, үйлер, қыздар, мектептер.
Мағыналық ерекшелік
Көптік жалғау кейде заттың санын ғана емес, сол затқа қатысты адамдардың көптігін де білдіреді: «Үйлеріңе қайтыңдар», «Қонақтар шайларын ішті». Сондай-ақ «Зейнептер әлі есік алдында тұр» дегенде, бір Зейнеп және оның қасындағы адамдар тобы жинақталып айтылады.
Ескерту
Лексикалық мағынасы көптік ұғымды білдіретін кейбір сөздерге көптік жалғауы жалғанбайды: мал, мұнай, газ, тары және т.б.
Тапсырмалар
1-тапсырма
«Ұялы телефон дегеніміз не?» — ережені шығару. Әр топ басшысы шығып қорғайды. Оқушылар жауабы сөздік анықтамамен салыстырылады.
Анықтама (Уикипедия)
Ұялы телефон — радиожелі арқылы байланыс жасауға арналған құрал.
2-тапсырма
Берілген сөздерге көптік жалғауын жалғап, көптелмейтін зат есімдерді анықтап, дәптерге жазу және дауыстап оқу.
3-тапсырма
Телефонның пайдасы мен зияны: 1-топ пайдасын, 2-топ зиянын флипчарт арқылы дәлелдеп қорғайды.
Сергіту сәті
«Көңілді күн» (қимыл-қозғалыс арқылы сергіту).
4-тапсырма
«Түйінді сөздер»: берілген сөздер мен сөз тіркестерін қолданып әңгіме құрастыру.
Ойды жеткізудің сан түрлі тәсілі бар: хат жазу, теледидар, радио, компьютер және т.б. Байланысудың басты мақсаты — басқаларға өзің туралы, ой-пікірің туралы ақпарат беру, хабарлама жіберу. Байланыс арқылы алыстағы туыстарымыз бен достарымыздың хал-жағдайын біліп отырамыз.
1) 5 сұрақ құрастыр
Мәтін бойынша бес сұрақ дайында.
2) Жоспар құр
Мәтінді бөлімдерге бөліп, жоспар жаса.
3) Ат қой
Мәтінге мазмұнға сай тақырып ұсын.
IV. Бекіту
Сұрақ-жауап арқылы тақырып бекітіледі:
- Ұялы телефонның адам денсаулығына зияны бар екенін білесіз бе?
- Адам қанша уақыт ұялы телефонмен сөйлесе алады?
- Ұялы телефон қандай ауруларға ұшыратуы мүмкін?
- Ұялы телефон қандай дене мүшелеріне кері әсер етеді?
- Ұялы телефонның зияндылығын қалай анықтауға болады?
V. Үй тапсырмасы
1) Жарнама дайындау
Өз ұялы телефоныңның маркасы туралы қысқа жарнама мәтінін жазу.
2) Диалог құрастыру
Басқа қаладағы туыс немесе доспен ұялы телефон арқылы сөйлесу тақырыбында диалог құрастыру.
VI. Бағалау
Сабаққа қатысу белсенділігіне қарай оқушылар бағаланады. Топтар өзара бағалау жүргізеді: «Екі жұлдыз, бір тілек».
VII. Қорытынды
«Бір сөзбен» әдісі
Оқушыларға берілген 12 сөздің ішінен бүгінгі сабақтағы көңіл күйі мен жағдайын сипаттайтын 3 сөзді таңдап айтады:
Нәтиже
Сабақ соңында оқушылар зат есімнің көптелуі туралы білімін жүйелейді, ұялы телефонның пайдасы мен зиянына қатысты өз ұстанымын дәлелдеуге дағдыланады.