Әркімге туған жері, елі қымбат

Менің туған өлкем

«Өз елін сүймеген адам еш нәрсені де сүйе алмайды», — деген Байронның сөздерімен ойымды бастағым келеді. Әркімге туған жері, елі қымбат. Меніңше, адам баласы үшін туған өлкесінен артық еш нәрсе жоқ. Өйткені бұл — бізді әлдилеген анамыздың, қолдаған әкеміздің, туған-туыстың, жора-жолдастың кіндік қаны тамған қасиетті мекен.

Осында менің білім нәрін алған мектебім, балалық шағым өтіп жатқан ауылым бар. Егер менен «Неге туған өлкеңді сүйесің?» деп сұраса, мен мүдірместен Мұқағали атамыз айтқандай, оның күні мен түнін, қыбырлаған жәндігіне дейін сүйетінімді айтар едім.

Шығыс Қазақстан — жанға жақын көркем мекен

Менің туған өлкем — Шығыс Қазақстан. Оның табиғаты ең әдемі, ең көрікті: сан алуан орманы, жусан мен жуаның аңқыған иісі, самал желі бар. Қыста қалың қардың ақ көрпесіне оранып, жазда құлпырған шалғын даласын жайқалтып тұрады.

Бұл өлке мен үшін ең ардақты: бар жылуын, мейірімін, махаббатын бойыма сіңірді. Осы жерден күш-жігер алдым, арманым айқындалды.

Арман, мақсат және елге қызмет

Мен қазір 6-сыныпта оқысам да, алтын ұя мектебімді аяқтап, үлкен өмірге жол ашатын ұлттық тестілеуден өтуге қазірден дайындалып жүрмін. Өйткені Отанымды көркейтіп, дамыту үшін қолдан келгеннің бәрін жасағым келеді.

Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Мағжан Жұмабаев сияқты ұлыларды дүниеге әкелген қасиетті мекеннің мерейін одан әрі өсіргім келеді. Мен — болашақта үлкен мамандық иесі болуды мақсат еткен, өмір атты керуеннің жолаушысымын. Таңдаған мамандығымның соңына түсіп, өмір керуені қайда жетелесе — сонда жол тартпақпын.

Абай атамыз айтқандай: «Сен де бір кірпіш, дүниеге; кетігін тап та бар, қалан». Өмірде өз орныңды табу — әр адам үшін маңызды.

Сағыныштың салмағы

Дегенмен «туған ауылымды тастап кетемін» деген ойдың өзі-ақ киелі құт мекеніме деген сағынышымды қазірден арттыра түседі. Туып-өскен жерім туралы толғанып, ой жетегіне берілген сәттерде Бәкір Тәжібаевтың мына шумағы жиі есіме оралады:

Қайда жүрсем, туған жерім,

Сен есімнен шығармысың!

Жастық дәурен құрған жерім,

Көз алдымда тұрармысың!

Туған жерге тағзым — ұлт рухы

Туған жер туралы жыр да, қара сөз де әр халықтың әдебиетінде мол. Бұл — әр жұрттың өз мекенін анасындай қастерлейтінінің дәлелі. Қазақ халқы да туған жер қадірін жас ұрпақтың бойына бала кезден сіңіруге ұмтылады: оны мақал-мәтелдерден, аңыз-әңгімелерден, батырлар жырынан анық көреміз.

  • «Ит тойған жеріне, ер — туған жеріне»
  • «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас»

Осы сөздердің түйіні бір-ақ нәрсеге келіп тіреледі: әркімге туған жері де, туған елі де қымбат.

Мұқағали Мақатаев жырлағандай: «Туған жер — ай! Теңдесер кім?» Оқушы да өз кіндік кескен мекенін қастерлеуге, оның тыныс-тіршілігін, тарихын, мәдениетін, экономикалық жағдайын, зиялы қауымын, еңбек ерлерін, асқар таудай ақсақалдарын, абзал аналарын мақтан тұтуға тиіс. Туған жердің болашағын бәрінен артық көруге қақылымыз.

Туған жердің бір түйір тасы жаттың ат басындай алтынынан қымбат емес пе? Дулығалы ата-бабаларымыз кең даласын, асқар тауын, сарқырап аққан көк өзенін қорғап, бізге мұраға қалдырды. Тәуелсіздік кеңістігінде отаншылдық рух пен туған жерге деген махаббат күндей жарқырап тұруы керек.

Меніңше, әр қазақстандық өз елінің картасына көз салып, байтақ өлкесін мақтан тұтуға тиіс.