Қызым келші көмектесші
Ашық оқу іс-әрекеті туралы мәлімет
- Өтетін орны
- Жамбыл облысы, Т. Рысқұлов ауданы, Құлан ауылы, «Балауса» балалар бақшасы
- Тәрбиеші
- Мансурова Амина Шакиртовна
- Білім беру салалары
- Таным, Қатынас, Шығармашылық
- Бөлімдері
- Математика, Көркем әдебиет, Сурет
- Тақырыбы
- «Ойнайық та, ойлайық!»
Мақсаты
- Ертегі желісі арқылы балалардың танымдық қабілеттерін арттыру.
- Қарапайым математикалық ұғымдарды ойлау әрекеті арқылы меңгерту.
- Есту, көру, сөйлеу, ойлау дағдыларын дамыту.
- Ұқыптылыққа, ептілікке, бірлікке және достыққа тәрбиелеу.
Әдіс-тәсілдер
Түсіндіру, көрсету, сұрақ-жауап.
Көрнекіліктер
«Шалқан» ертегісінің кейіпкерлер қуыршақтары, шалқан, геометриялық пішіндер.
Құрал-жабдықтар
Ақ қағаз, желім, боялған жарма, матадан қиылған геометриялық пішіндер, жарма терапиясына арналған материалдар.
Билингвалдық компонент
- Репка шалқан
- Моншақ бусы
- Сандар цифры
Инклюзивті қолдау
Аслан мен Жансаяға тапсырмаларды орындау барысында жүйелі түрде көмектесу.
Сабақтың өзегі
Ертегіге сүйене отырып, санау, салыстыру, пішіндерді ажырату және бірлесіп әрекет ету дағдыларын дамыту.
Сабақ барысы: «Шалқан» ертегісі арқылы ойлау мен әрекет
Мотивациялық кезең
Тәрбиеші:
«Балауса» атты бақшаның
Тәрбиелі баласы —
Алдыменен қонақпен
Сәлемдесіп алады.
Шаттық шеңбері
Балалар:
Алақанды ашайық,
Күннің нұрын салайық.
Жүрекке жылу сыйлайық,
Жиналған жылы шуақты
Қонақтарға шашайық.
Танымдық сұрақтар: тәуліктің бөліктерін атау (таң, түс, кеш, түн).
Ізденіс-ұйымдастыру кезеңі: ғажайып сәт
Тәрбиеші: «Балалар, қараңдаршы: атаның бақшасында шалқандар өсіпті. Қане, санайық. Неше шалқан болды? Шалқандардың барлығы бірдей ме?»
Әңгіме желісі бойынша ата төрт шалқанды жинап, соңғысына келгенде жұла алмай қалады. Ары тартса да, бері тартса да шамасы жетпейді. Сөйтіп, ол кемпірін көмекке шақырады.
Кемпір: «Мен балапандарымды түгендеп, санай алмай жатырмын».
Тәрбиеші: «Балалар, апаға көмектесеміз бе? Қане, балапандарды санайық».
Шалқан әлі жұлынбайды. Апасы қызын шақырады.
Қызы: «Сабақтан берілген танымдық есептерді шығара алмай отырмын».
Танымдық есептер
- Үстел үстінде 4 алма болды. Оның біреуін ағам жеп қойды. Сонда неше алма қалды?
- Күн шуақты күні 1 күшік отыр еді. Жанына тағы 1 күшік келді. Неше күшік болды? Сен сана.
Ары тартса да, бері тартса да шалқан шықпайды. Қызы күшігін шақырады.
Күшік: «Мен үйшігімді сындырып алдым».
Тәрбиеші: «Балалар, күшіктің үйшігін құрастырып берейік».
Шалқан тағы да жұлынбайды. Күшік досы мысықты шақырады.
Тәрбиеші: «Балалар, мысық ұйқысын аша алмай жатыр екен. Қане, оятып, сергітіп алайық».
Сергіту сәті
Музыка ырғағымен қимыл-қозғалыс жасау.
Мысық тышқанды шақырады.
Тышқан: «Байқамай кілемді кеміріп қойыппын. Маған ұрысатын болды».
Тәрбиеші: «Балалар, тышқанға көмектесейік: кілемнің жамауын табайық».
Ақыры бәрі бірігіп, ары тартып, бері тартып, шалқанды жұлып алады.
Тәрбиеші: «Міне, балалар, ынтымақтың, бірліктің және достықтың арқасында шалқанды тартып алдық. Сендердің көмектерің көп тиді».
Тәрбиеші: «Достық туралы мақал-мәтелді кім айтып береді?»
Атасы: «Балалар, достық пен ынтымақтың арқасында шалқанды жұлып алдық. Енді сендерге қызықты шығармашылық тапсырма беремін. Сау болыңдар!»
Шығармашылық жұмыс: үш орталық
1-орталық
«Шалқан» ертегісіндегі шалқанды дәстүрден тыс тәсілмен — жарма арқылы бейнелеу.
Негізгі дағды
Түстерді үйлестіру, ұқыпты жапсыру, ұсақ моторика.
2-орталық
Матадан қиылған геометриялық пішіндерден моншақ құрастыру.
Негізгі дағды
Пішіндерді тану, ретімен тізу, эстетикалық талғам.
3-орталық
Жарма арқылы геометриялық пішіндерді салып, әртүрлі бейнелер жасау.
Негізгі дағды
Қиялдау, композиция құру, кеңістікте бағдарлау.
Саусақ жаттығуы
Санайық жаңаша — бір, екі, үш!
Желбіре, жалауша —
Достықта біздің күш.
Рефлексия және қорытынды
Тәрбиеші: «Балалар, тақтада ненің бейнесі тұр? Оның пішіні қандай?»
«Күннің шуақтары менде. Егер шуақтардағы қорытынды сұрақтарға жауап берсеңдер, күннің шуағы толық шығады».
Бағалау тәсілі
Балаларды «күн» бейнесі арқылы бағалау.
- Сендер қай ертегі кейіпкерлеріне көмектестіңдер?
- Шалқанды орыс тілінде қалай айтамыз? Оның пішіні қандай?
- Моншақты қандай пішіндерден жасадыңдар?
- Күшікке үйшікті қандай пішіндерден құрастырдыңдар?
- Атасы шалқанды көргенде қалай таңғалды? Шаршағанда не істеді?
Қорытынды ой: бірлескен әрекет, өзара көмек және достық — кез келген қиындықты жеңудің кілті.