Тойға келіңдер, тойға

Қош келдің, әз Наурыз! Бұл мерекелік шараның өзегі — Наурыз мейрамы туралы түсінік беру арқылы қазақ халқының салт-дәстүрін таныту, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелеу және ұрпақтың өз ұлтына деген сүйіспеншілігін арттыру.

Мақсаты

  • Наурыз мерекесінің қазақ даласындағы орнын түсіндіру.
  • Ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты Наурызбен сабақтастыра насихаттау.
  • Ынтымақ, бірлік, еңбек құндылықтарын дәріптеу.

Көрнекілігі

  • Плакаттар
  • Нақыл сөздер
  • Музыкалық сүйемел (әуен үздіксіз ойналып тұрады)

Тілек-лебіздер

Ұлыс бақты болсын, төрт түлік ақты болсын!

Дастарқан берекелі болсын!

Жыл басы — Наурыз, мол болсын дәм-тұз!

Наурыздың мәні мен мерекелік атмосфера

Наурыз — «жаңа күн» деген ұғым. Бұл — ата-бабамыз мыңдаған жылдар бойы атап өткен жыл басы, табиғат түлеп, күн мен түн теңесетін қасиетті мезет. Ұлыстың ұлы күнінде әр шаңыраққа құт-береке дарысын, еңбектер өнімді болып, тілектер қабыл болсын!

Жүргізуші сөзі (1)

Құрметті ұстаздар, ата-аналар, қонақтар! Көптен күткен Наурыз мерекесі де келіп жетті. Мерекелеріңіз құтты болсын!

Наурыз тойы құтты болсын! Ұлыстың ұлы күнінде еңбектеріңіз өнімді болып, тілектеріңіз қабыл болсын!

Жүргізуші сөзі (2)

Наурызым қайта оралды — аты аңыз. Үй — дастархан, даламыз — сахнамыз: ұлы мейрам Наурызға шақырамыз!

Бүгін — ақ түйенің қарны жарылған күн. Наурыз — көктем мен еңбектің мерекесі, күн мен түн теңесетін шақ.

Маңызды дерек

Наурыз мерекесі дәстүр бойынша 22 наурыздан 19 сәуірге дейін аталып өтетін ұзақ мереке ретінде де танылады. Бұл кезең — көктемнің келуі мен жаңарудың нышаны.

Шара барысы: шашу, ән-күй, жыр

Салтанатты ашылу

«Қош келдің, әз Наурыз!» атты думанды ашу үшін сөз мектеп директоры Абсаттар ағайға беріледі.

Шашу дәстүрі

Тойдың берекесін арттыратын игі ырым — шашу шашылады. «Несібе көп болсын, ырыс көл-көсір болсын!» деген тілек айтылады.

Сахналық белгі:

ШАШУ ШАШЫЛАДЫ.

Өнер бағдарламасы

Ән орындалып, күй шертіледі. Жастардың, ұстаздардың және әжелердің орындауындағы әсем әндер мерекенің сәнін кіргізеді.

Жыр шумақтары

Көктем жетті көл-көсір шуақ құрып,
Қыс та ұзап барады жылап тұрып.
Шатырында үйлердің Наурыз да жүр,
Мұз көрпесін ақпанның лақтырып.

Жыр сыйлайық, нұр сыйлайық тірлікке,
Қастерледік қадіріңді, білдік те.
Құтты болсын ұлыс күн жұмылдырған,
Бәрімізді ынтымақ пен бірлікке.

Сахнаға халық кейіпкерлері шығады

Әуен ойнап тұрады. Ортаға Алдар көсе, Қожанасыр, Тазша бала шығып, жиналған жұртты Наурыз тойына шақырады.

Алдар көсе

Уа, халайық! Тойға келіңдер, тойға!

Әй, ағайын! Наурыз тойға келіңдер, мен де бірге барайын!

«Мен Алдармын, адал жандардың досымын. Жақсыларға серік болып, жаманды талай алдадым.»

Қожанасыр

Нұрлы Наурыз тойына келіңдер!

Ассалаумағалейкум, халқым менің! Мереке басы берекенің басы болсын!

Наурыз тойы мектепте болады деп, көк есекті желдіртіп жетектеп келдім.

Тазша бала

Уа, балалар! Жылан жылының айтулы тойына, мектебіміздің Наурыз мерекесіне келіңдер!

Алдар аға, бүгінгі тойға өлеңдетіп, сәнденіп келіпсіз. Әйгілі жыртық шапаныңыз қайда?

Танымдық үзінді: Қызыр ата туралы

Халық ұғымында 21 наурыз түні даланы Қызыр ата аралайды. Қызыр — дәулет дарытып, бақ қондыратын, ақсақал кейпінде көрінетін қиял-ғажайып бейне.

Ақ бата және ырыс-несібе

Бата сұрау

«Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар; ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар» — деген игі ниетпен, үлкендерден бата сұралады.

Наурыз көже — басты ырым

Наурыз тойының өзіне тән басты асы — Наурыз көже. Ол жеті түрлі дәмнен жасалып, жаңа жылда тоқшылық, молшылық, татымды өмір болсын деген тілекті білдіреді. Бұл кезде төрт түлік төлдеп, ақ молайғандықтан, дастарханда көбіне ақ тағамдар басым болады.

Алдар көсенің Наурыз батасы

Ұлыс оң болсын!
Ақ мол болсын!
Ұлыс бақты болсын!
Төрт түлік ақты болсын!
Ұлыстың ұлы күнінде
Ұлың оңға қонсын!
Менің берген бұл батам
Алланың құлағына шалынсын!
Әумин!

Қорытынды шақыру

Баршаңызды Наурыз көжеден дәм татуға шақырамыз! Мереке құтты болсын!

Авторлық мәлімет

Қызылорда облысы, Қызылорда қаласындағы №215 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары — Скендирова Анар Болатқызы.