Армысың қайырымды Аспан - ана
Ұйымдастыру кезеңі
«Шаттық шеңбері»
Армысың шапағатты Күн-ана!
Армысың қайырымды Аспан-ана!
Армысың мейірімді Жер-ана!
Құт дарыт, бар әлемді жарылқа!
Ойын: «Қонжық»
Мақсаты
Балалардың тіл байлығын дамыту және сүйіспеншілік сезімін ояту.
Өту барысы
Тәрбиеші балаларға: «Өткенде аюды мақтадық, енді қонжыққа жылы сөздер айтайық» деп ұсынады. Балалар қонжықты өздері білетін жақсы сөздермен еркелетеді.
Мысал сөздер
- Томпағым
- Ақылдым
- Ең адал досым
- Мейірімді қонжығым
Өткен тақырыпты еске түсіру және бекіту
Сұрақтар (сурет бойынша)
- Дос қандай болуы керек?
- Сендердің достарың кімдер?
- Достарың туралы не айта аласыңдар?
- Өз досың туралы қысқаша әңгімелеп бер.
Сергіту сәті
Қимыл-қозғалыс жаттығуы
Тербеледі ағаштар,
Алдымнан жел еседі.
Кіп-кішкентай ағаштар,
Су құйғанда өседі.
Жаңа сабақ: «Көктем»
Кіріспе әңгіме
Тәрбиеші балалармен жыл мезгілдері туралы әңгімелеседі. Негізгі назар — көктем мезгілінің белгілерін байқау және сипаттау.
Балалардың жауаптарына үлгі
«Көктемде қар ериді, ағаштар бүршік жарады».
Сурет бойынша әңгіме
- Суреттен нені көріп тұрмыз?
- Көктемде жердің түсі қандай болады?
- Суреттен тағы нені байқадыңдар?
- Құстарға қандай көмек көрсетуге болады?
Әдебиетпен танысу
Балалар ақын Төлеген Айбергеновтің «Көктем» өлеңімен танысады. Тәрбиеші құстардың дауысын тыңдатып, өлеңді мәнерлеп, баяу оқиды. Одан кейін балалар өлеңді тәрбиешінің соңынан қайталап оқиды.
Өлең: «Көктем»
Көңілді көктем далаға
Келді сұлу шағала.
Аспандағы ақ құстар
Ауылымды арала.
Көктем қандай көңілді,
Көктен жаңбыр төгілді.
Мөлдір аспан ашылып,
Күннің көзі көрінді.
Ойын: «Күн мен түн»
Мақсаты
Балалардың зейінін дамыту.
Ойынның барысы
Балалар парта үстіне бастарын қойып жатады. «Күн» дегенде бастарын көтереді, «түн» дегенде қайтадан партаға қойып, көздерін жұмады. Қателескен бала ойыннан шығады.
Бекіту сұрақтары
- Қандай жыл мезгілдерін білеміз?
- Көктемнің қандай ерекшеліктері бар?
- Біз танысқан өлеңнің авторы кім?
- Өлеңде не туралы айтылған?
Шығармашылық жұмыс: «Көктем көрінісі»
Қағазбен жұмыс (қиып-жапсыру)
- 1 Сұр қағаздан ұзынша жолақты қолмен қиып алып, қағаздың төменгі бөлігіне жапсырамыз.
- 2 Жасыл қағаздан жіңішке жолақшаларды қолмен қиып, жердің үстіне шөп ретінде жапсырамыз.
- 3 Сары қағаздан күнді қиып алып, ақ қағаздың жоғарғы бөлігіне жапсырамыз.
- 4 Осылайша қағаз бетінде көктем көрінісін бейнелейміз. Қаласаңдар, суретті үйде жалғастыруға болады.
Қорытынды
Кері байланыс және мадақтау
Тәрбиеші балалардың белсенділігіне алғыс білдіріп, жауаптарын және шығармашылық жұмыстарын атап өтіп, мадақтайды.