Қос сөздер
Сабақтың мақсаты
- Қос сөздер туралы алғашқы түсінікті қалыптастыру; қос сөздердің екі түрлі сөздің өзара қосарлануы арқылы жасалып, жаңа ұғым тудыратынын ұғындыру; сөйлем ішінен қос сөздерді табуға және мағынасын ажыратуға үйрету.
- Оқушылардың ауызша және жазбаша тілін дамыту; сөздік қорын байыту; байланыстырып сөйлеу қабілетін арттыру; көркем жазуға баулу.
- Ұқыптылыққа және сауаттылыққа үйрету; қайырымдылыққа, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.
Ұйымдастыру деректері
- Сабақтың әдісі:
- әңгімелесу, салыстыру, оқулықпен жұмыс
- Сабақтың түрі:
- аралас сабақ
- Пәнаралық байланыс:
- әдебиеттік оқу
- Көрнекілігі:
- интерактивті тақта, оқулық
Психологиялық даярлық
Қонақ күту салтымыз, Оқып-біліп жатырмыз. Келген қонақ сіздерге, Сәлем бердік жалпымыз. Бір, екі, үш — Сынып іші тып-тыныш. Жалқаулықты тастаймыз, Сабақты біз бастаймыз.
Поэзия минуты
Қазақ тілім — өз тілім, ана тілім, Абай, Мұхтар сөйлеген дана тілім. Қастерлейді ұл-қызың мәңгі сені, Болашағым, бақытым — дара тілім.
Үй тапсырмасын тексеру
Берілген тапсырма:
6-жаттығу. Адам, жер-су, аң-құс атауларына байланысты біріккен сөздер құрап келу.
Жер-су атаулары (мысалдар)
Талдықорған, Ақсу, Үштөбе, Үшарал, Ақмола, Ақтау, Ақтөбе, Жезқазған, Байқоңыр, Жаңатас.
Аң-құс атаулары (мысалдар)
Аққу, түйеқұс, жолбарыс, қараторғай, қарақұйрық, қосаяқ, қарақұлақ, жұпартышқан, таутеке, арқар.
Қайталау сұрақтары
- Берілген сөздер қандай сөздерге жатады? (Біріккен сөздер.)
- Біріккен сөз дегеніміз не?
- Күрделі сөз дегеніміз не және ол қалай жасалады?
Күрделі сөздер түбірлердің бірігуі, қосарлануы, тіркесуі арқылы жасалады. Олар: біріккен сөздер, қос сөздер, қысқарған сөздер, тіркесті сөздер болып бөлінеді.
Күрделі сөздердің түрлері
Біріккен сөздер
жолбарыс, Сарыағаш
Қос сөздер
ата-ана, дүркін-дүркін
Қысқарған сөздер
мысалдар тақырып бойынша беріледі
Тіркесті сөздер
мысалдар тақырып бойынша беріледі
Жаңа сабақ: Қос сөздер
Кіріспе: сөзжұмбақ
«Сиқырлы сандар» сөзжұмбағын шешу арқылы жасырылған сөз анықталады. Нәтиже: қос сөздер.
«Қос» сөзін екі деп түсінеміз. Бүгін біз қос сөздің не екенін, оның қалай жасалатынын және сөйлем ішінен табуды үйренеміз.
Күн реті және көркем жазу
- Дәптерге күн ретін және тақырыпты жазу.
- Көркем жазуға Қ әрпін жазу.
- Қ әрпіне қатысты сөздер ойлап, жазу.
Ескерту: әріптерді жолдан шығармай, созбай, қисайтпай таза жазу.
Мысал сөйлемдер (талдау)
Сенің білім алудағы, еңбектегі табыстарың — ата-анаң үшін зор бақыт.
Жағалай-жағалай тас қойдым, Жирен атты бос қойдым.
Орман іші тып-тыныш.
Сұрақтар:
- Ерекшеленген сөздердің құрамы қандай?
- Олар қалай жасалып тұр?
Қос сөздердің жасалу жолдары
1) Бір сөздің қайталануы
жиі-жиі, биік-биік
Мағынаны күшейту, әсерді арттыру үшін қолданылады.
2) Екі түрлі сөздің қосарлануы
бір-екі, жоғары-төмен
Қарама-қарсы не қатар мәнді ұғымдарды қамтиды.
3) Күшейткіш буын арқылы
үп-үлкен, дөп-дөңгелек
Белгіні айқындап, күшейтіп көрсетеді.
Қос сөздің емлелік белгісі: екі сыңардың арасына дефис (-) қойылады.
Оқулықпен жұмыс
1-жаттығу
Қосарланып жасалған күрделі сөздердің құрамындағы бастапқы мағынасы мен жаңа сөз жасалғаннан кейінгі мағынасын салыстыру. Жасалу жолына және дефиске назар аударту.
Қорытынды: екі сөздің қосарланып айтылуынан жасалған сөз қос сөз деп аталады.
2-жаттығу (дәптермен жұмыс)
Сөйлемдерді көшіріп жазып, қос сөздердің астын сызу:
- Қазы-қарта, жал-жая қазанда бұрқ-бұрқ қайнайды.
- Үйге кірмеген жігіт-желең, кәрі-құртаңдар — өз алдына бір топ.
- Балконның есігін ашып еді, еденде тыпыр-тыпыр етіп жатқан әлдебір құсты көрді.
- Арбамыз толған азық-түлік, киім-кешек, құрал-сайман еді.
- Бақа шыбын-шіркей, құрт-құмырсқаны тілімен қағып жейді.
3-жаттығу (сурет бойынша)
Суреттер бойынша қос сөздер құрастыру, 1–2 сөйлем құрау және сөйлем мүшесіне талдау:
- Қызықты әңгімелер мен жаңалықтарды газет-журналдардан оқимыз.
- Мен анама ыдыс-аяқ жинауға көмектесемін.
- Айдостың әкесі құрал-сайман сататын дүкенде жұмыс істейді.
Сергіту сәті
Орнымыздан тұрайық, Алақанды ұрайық. Бір отырып, бір тұрып, Бір тынығып алайық.
Терме диктант
Мәтіннен қос сөздерді тауып, тыныс белгілерін дұрыс қойып, теріп жазыңдар:
Ертеде Атымтай деген адам болған екен. Оның кедей-кепшікке, жетім-жесірге барынша көмек көрсетуімен, қайырымдылығымен аты шығыпты. Атымтай жомарт бай болса да, күнде-күнде бір мезгіл үстіне ескі-құсқы киім киіп, отын кесіп, шөп тасып, жұмыс қылады екен.
4-жаттығу: сәйкестендіру
Сөздерді мағынасына қарай өзара үйлесімді сөздермен тіркестіріп, қос сөз жасаңдар.
Менің бағытым (сөздер)
жолдас, жылы, ұят, мынау, төмен, шашын
Жұптар (бастамалар)
- жыл-
- жора-
- жауын-
- жоғары-
- ар-
- оны-
Қорытынды
Жұмбақтар
Жұмбақ 1
Үш көзді батыр, Жолды аңдып жатыр.
Жауабы: бағдаршам
Жұмбақ 2
Асүйден табылады, Керегіңе жарап. Байқамасаң шағылады.
Жауабы: ыдыс-аяқ
Венн диаграммасы (идея)
Біріккен сөз
бағдаршам
Қос сөз
ыдыс-аяқ
Ортақ белгі
Екеуі де күрделі сөз.
Үй тапсырмасы және бағалау
Үйге тапсырма
5-жаттығу. Қос сөздері бар мақал-мәтел, жұмбақ немесе жаңылтпаш жазу.
Бағалау
Төрт дегенің — жақсы баға, Алады оны жақсы бала. Бес дегенің — үздік баға, Оқитын бол үздік қана.
Автор туралы
Алматы облысы, Талдықорған қаласы, №19 орта мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі — Дюсенбинова Гүлнұр Қызайбекқызы.