Сыр сандық Шынын айтсам

Тренинг-сабақ (11-сынып)

«Өткен күн, кеше — тарих, келер күн, ертең — сыр, ал бүгінгі күн — үлкен сый».

— Қорқыт ата

Мақсаты

ҰБТ-ға дайындық кезінде оқушылардың өзіне деген сенімділігін арттыру, өмірдің әртүрлі сыйын қабылдай білуге үйрету.

Қажетті көрнекіліктер

  • Интерактивті тақта
  • Музыка
  • A4 форматтағы қағаздар
  • Түрлі-түсті қарындаштар
  • Желім
  • Мотиваторлар (суреттер/карточкалар)

Тренинг жоспары

1) Нұрға бөлену

Релаксация және ішкі тыныштықты күшейту.

2) «Сыр сандық» жаттығуы

Ашық айту, ойды жинақтау, эмоцияны тану.

3) Кедергіден құтылу

Ішкі бөгеттерді символикалық түрде жеңілдету.

4) Мотиваторлар

Өз құндылықтарыңды көру, таңдауды түсіндіру.

5) «Нұрлы ойлар шеруі»

Шығармашылық арқылы тілекті айқындау.

6) Хормен ән айту

«Сенім» (Мәдина Садуақасова).

7) Ақ тілек және рефлексия

«Бал дәурен — тәтті дәурен» қорытынды ой бөлісу.

Өту барысы

I

Ұйымдастыру кезеңі

Амандасып, жайғасқаннан кейін тренинг «Нұрға бөлену» релаксациясымен басталады.

Нұсқаулық (баяу әуен ырғағымен)

  1. Ыңғайланып отырыңыз. Денеңізді түзу ұстаңыз. Аяқ-қолыңызды айқастырмаңыз; қолыңызды тізеңізге немесе үстелге қойыңыз. Көзіңізді жұмуды өтінемін.
  2. Елестетіңіз: күн нұры төбеңізден түсіп, кеудеңізге қарай бойлап барады. Кеудеңіздің ортасында гүлдің түйнегі бар. Ол нұрдың әсерімен баяу ашылады.
  3. Балғын, таза, әсем гүл ойыңызды, сезіміңізді, эмоцияңызды, тілегіңізді жуып-шаяды; жүрегіңіздің қабығын ашады. Нұр сәулесі бойыңызға ақырын тарай бастайды да, біртіндеп күшейе түседі.
  4. Ойша нұрды қолыңызға бағыттаңыз. Қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашады: қолымыз тек жақсы, ізгі істерді істейді және баршаға көмектеседі.
  5. Нұр аяқтарыңызға тарайды. Аяқтарыңыз нұр сәулесін шашып, сізді тек жақсылық жасауға апаратын жақсы жерлерге жетелейді. Олар нұр мен махаббаттың құралына айналады.
  6. Нұр аузыңызға, тіліңізге тарайды: тіліңіз тек шындықты және ізгі сөздерді айтады.
  7. Нұрды құлағыңызға бағыттаңыз: құлағыңыз тек жақсы сөзді және әсем әуенді естиді.
  8. Нұр көзіңізге жетеді: көзіңіз тек жақсыға қарап, барлық нәрседен жақсылық көреді.
  9. Басыңыз түгелдей нұрға толады: ойыңызға тек ізгі, сәулелі ойлар келеді. Нұр қарқынды әрі шұғылалы болып, денеңізден шығып, айналаңызға сәуле шашады.
  10. Осы нұрды туыстарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз. Уақытша түсінбеушілік болып, ренжісіп жүрген адамдарға да бағыттаңыз — олардың да жүрегі нұрға толсын.
  11. Нұр бүкіл әлемге таралсын: адамдарға, жан-жануарларға, өсімдіктерге, барлық тіршілік иесіне... Ғаламның түкпір-түкпіріне нұр жіберіңіз.
  12. Ойша қайталаңыз:

    Мен нұрлымын...

    Нұр менің ішімде...

    Мен — Нұрмын.

  13. Осы Нұр, Махаббат және Тыныштық күйінде біраз отырыңыз. Енді нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз: нұрға толы әлем жүрегіңізде. Осы әсем күйді сақтаңыз. Жайымен көзіңізді ашуға болады.

Рахмет!

II

Әр түлектің ішкі сыры: «Сыр сандық»

Мұғалім алдын ала сандықшаға «Шынын айтсам...» деп басталатын сөйлемдер жазылған тілім қағаздарды (оқушылар санына сай) салып қояды. Әр оқушы кезекпен бір қағаз алып, жазуды оқып, сөйлемді жалғастырады.

Шынын айтсам, келе жатқан тест туралы ойласам...

Шынын айтсам, тестке дайындалғанда мен...

Шынын айтсам, қобалжығанда...

Шынын айтсам, ойымды жинақтай алмаған кезде...

Шынын айтсам, алдағы тестке байланысты ата-анамның қобалжуын ойласам...

Шынын айтсам, тестке көп дайындалғандықтан...

III

«Көмек қолдары» және кедергіден құтылу

Жаттығудың идеясы — «желкеге мінген», «иықта тұрған», «қолды бөгейтін» ауырлықты символикалық түрде сылып тастау, өзіңді жеңіл сезіну.

Өткізу тәртібі

  • Оқушылар бір-біріне қарама-қарсы екі қатар болып тұрады.
  • Әр оқушы кезекпен екі қатардың ортасымен өтеді.
  • Өтіп бара жатқан оқушының «бойындағы бөгеттерін» мұғалімнің нұсқауымен сыныптастары жеңіл қимылмен «сылып тастайды».

Мотиваторлар

Оқушылар мотиватор-суреттердің ішінен біреуін таңдайды. Таңдаған суреттің атауын үш тілде айтып, неліктен осы суретті таңдағанын түсіндіреді.

IV

Шығармашылық жұмыс: «Нұрлы ойлар шеруі»

Әр оқушы A4 қағазына қалауы бойынша: тілек жазады, сурет салады немесе өз таңбасын бейнелейді. Жұмыс уақыты — 7 минут.

Шеру

Уақыт аяқталған соң, әр оқушы кезекпен өз «нұрлы ойымен» бөліседі: жазғанын оқиды, салғанын таныстырады, мағынасын қысқаша айтады.

V

Хормен ән айту

Ән сөздері жазылған парақтар таратылады. Музыка қосылып, бәрі бірге орындайды: «Сенім» (Мәдина Садуақасова).

VI

Ақ тілек және рефлексия

Қорытынды бөлімде қатысушылар бір-біріне ақ тілек айтып, әсерімен бөліседі. Рефлексия тақырыбы: «Бал дәурен — тәтті дәурен».