Оқушылардың назарын сабаққа аудару

Сабақ туралы

Әдебиеттік оқу, 4-сынып. Қ. Толыбаев, «Талас» мәтіні бойынша сабақ жоспары.

Сабақтың мақсаты

Оқушыларға тазалық сақтау, жеке бас гигиенасы және салауатты өмір салты туралы түсінік беру; денсаулықтың адам өміріндегі орнын ұғындыру.

Күтілетін нәтижелер

Түсінеді

Тазалық сақтаудың не үшін қажет екенін біледі.

Бағамдайды

Алға қойған мақсатына еңбектену арқылы жететінін түсінеді.

Талдау жасайды

Әңгіменің мазмұнын аша отырып, кейіпкерлердің іс-әрекетіне талдау жасай алады.

Сабақ құрылымы

Кіріспе

  • Сәлемдесу, оқушыларды түгендеу.
  • Құрал-жабдықтарды тексеру, назарды сабаққа аудару.

Психологиялық ахуал

Көңілді әуен қосып, қысқа дене шынықтыру жаттығуларын жасату арқылы сергіту.

Мақсат: оқушылардың көңіл күйін көтеріп, бірлескен жұмысқа дайындау.

Топқа бөлу

«5 саусақ» әдісі арқылы оқушылар шеңбер құрып, ретімен: «басбармақ», «балаң үйрек», «ортан терек», «шылдыр шүмек», «кішкене бөбек» деп санап, топтарға бөлінеді. Әр оқушы өз тобына барып отырады.

Үй жұмысын тексеру

«Серпілген сұрақтар» тәсілі: оқушылар алдын ала дайындап келген сұрақтарын бір-біріне кезектесіп қойып, жауап береді.

Тұсаукесер: денсаулық пен тазалық туралы ресурстар

Оқушылар ресурстарды оқып, талқылау арқылы сабақтың алгоритмін анықтайды.

Ресурс 1

Адамның денсаулығы — қоғам байлығы. Әрбір адам өз денсаулығын нығайту жолдарын қарастыруы керек. Дені сау адамның көңіл күйі көтеріңкі болып, еңбекке әрқашан құлшына кіріседі. Халқымыз «Дені саудың — жаны сау» деп орынды айтқан. Отанымыздың келешегі мен көркеюі — салауатты өмір салтын сақтап, қолдауға байланысты.

Ресурс 2

Қараңғы үйге кіріп шам жақсаңыз, үй жарық болады. Көп қызыл гүлдің ішінен бір ақ гүл көрсеңіз, көзіңіз соған түседі. Сол сияқты өмірімізді нұрландыратын, жан-жағымызға сәулесін шашатын басты байлық — денсаулық. Денсаулық — адамның еңбекке белсенді болуы, ұзақ өмір сүруі, тән және рух саулығын сезінуі.

Ресурс 3

Тері тазалығы — адам денсаулығының кепілдерінің бірі. Ыстық су мен сабынды қолданғанда ғана тері түрлі микробтар мен кір-қоқыстан тазарады.

Адам денесіндегі күтімді көбірек қажет ететін бөліктердің бірі — шаш пен тырнақ. Шаш басты күн сәулесі мен суықтан қорғайды. Әр шаштың өз өмір сүру мерзімі бар: тәулігіне шамамен 100 тал шаш түсіп, 100 тал шаш қайта өсіп отырады.

  • Шаш күтімі: шашты аптасына 1 рет жуған дұрыс.
  • Суық күндері: бас киімсіз шығуға болмайды.
  • Тырнақ күтімі: қол тырнағын аптасына 1 рет; аяқ тырнағын 2 аптада 1 рет немесе айына 1 рет алу ұсынылады.

Талқылау сұрағы: жеке бас тазалығы әдептілікке жата ма? Бұл сұраққа жауап табу үшін жаңа тақырыппен танысып, мәтінге назар аударамыз.

«Болжау» стратегиясы

Мәтін не туралы болуы мүмкін? Оқушылар ресурстар мен қойылған сұраққа сүйене отырып, мәтін мазмұнын болжап айтады.

Негізгі бөлім

1) АКТ: бейнефильм көру

Мәтін желісі бойынша түсірілген бейнефильмді көру арқылы оқушылар шығарманың мазмұнымен және автормен танысады.

Автор туралы

Құрманбай Толыбаев 1926 жылы 14 наурызда Алматы облысы, Шелек ауданында дүниеге келген. Балалар жазушысы. Мұғалім, редактор қызметтерін атқарған. Балаларға арналған өлеңдері мен шығармалары көп.

2) Постер дайындау (топтық жұмыс)

Үш топқа тапсырма беріліп, әр топ постер дайындайды. Дайын жұмыстар қорғалады, бағалау «Екі жұлдыз, бір тілек» тәсілімен жүргізіледі.

I топ

Мараттың таза жүрмеу себептерін атап, дәлелде. Оқиғаны жалғастыр.

II топ

Тазалық сақтау және әдемі киіну кім үшін қажет: айналадағы адамдар үшін бе, әлде адамның өзі үшін бе? Оқиғаны жалғастыр.

III топ

«Таза әрі әдемі киіну» дегенді қалай түсінесің? Оқиғаны жалғастыр.

3) Бағалау: «Екі жұлдыз, бір тілек»

Әр топ қарсы топтың жұмысына 2 «жұлдыз» (ұнаған екі тұсы) және 1 «тілек» (жақсартуға ұсыныс) айтады.

Қорытынды

Жеке бас тазалығының ережелері

«Жеке бас тазалығының ережелеріне нелер жатады?» деген сұраққа сүйене отырып, әр топ өз ережелерін құрастырып жазады және сынып алдында оқиды.

Үй тапсырмасы

1) Хат жазу

Маратқа хат жаз: оған қандай кеңес берер едің?

2) Оқу және түсіндіру

Мәтінді оқып, түсінгеніңді ауызша айтып бер.

Бағалау және рефлексия

Оқушылар сабақ барысында алған білімін «Бағалау ағашы» арқылы саралап, рефлексия парағын толтырады және пікірін айтады.

Рефлексия сұрақтары

  • Өзіңді «бағалау ағашының» қай бөлігінде тұрмын деп ойлайсың? (қорша)
  • Неліктен сол бөлікті таңдадың?

Негізгі ой

Денсаулық — ең үлкен байлық. Жеке бас тазалығы мен жинақылық — әдептілік пен жауапкершіліктің көрінісі; ол адамның өзіне де, айналасына да пайдалы дағды.