Ескірмейтін есті сөз мақал - мәтел айтысы

Автор туралы

Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Миялы селосы, Х. Досмұхамедұлы атындағы орта мектептің бейнелеу өнері және сызу пәні мұғаліміТөкенова Жайнагүл.

Сайыстың мақсаты

Білімділік

Оқушыларды сөздің төркінін түсініп, орынды сөйлеуге, өз ойларын толық әрі анық жеткізе білуге үйрету; ізгілік негіздерін бойларына сіңіру.

Дамытушылық

Шешендік сөздер мен мақал-мәтелдерді мол меңгерту арқылы шәкірттерді адамгершілікке, имандылыққа, әділдікке баулу; сөздік қорын байыту; мағлұмат арқылы рухани дүниесін, ұшқыр ойын және ойлау қабілетін дамыту.

Тәрбиелік

Халық тәлім-тәрбиесінің ананың ақ сүтімен, әженің өнегесімен, атаның ақылымен берілетінін ұғындыру және ұлттық қасиеттерді балалар бойына қалыптастыру.

Ұйымдастыру форматы

Түрі

Сайыс-ойын

Әдіс-тәсілдері

  • Мақал-мәтелдерді жатқа айту
  • Баяндау, мәнерлеп жеткізу

Көрнекіліктері

Алдын ала дайындалған, көрнекі етіп жазылған нақыл сөздер.

Жоспар

  1. 1 Екі топқа бөлу
  2. 2 Әділқазылар алқасын сайлау

Сайыс бағдарламасы

  1. «Мен атамның жалғасымын» — топ басыларының өзін таныстыруы
  2. «Асылдың сөзі — ақылдың кені» — үй тапсырмасы
  3. «Ескірмейтін есті сөз» — мақал-мәтел айтысы
  4. «Жақсы деген немене, жаман деген немене?» — ойды сарапқа салу
  5. Қорытынды

Сайыстың барысы

Сайыс күй тартыла отырып басталады. Жүргізушілер көрерменмен амандасып, кештің мазмұнын таныстырады.

1-жүргізуші

Көп жасаған қария — ақылы теңіз-дария.

Көп өнеге сөзі бар, сөзі — соқпақ, сөзі — нәр.

Сөз атасы — сәлем емес пе?

Бармысыздар, балалар!

Бүгін көптеген аталы сөздермен, бабалар өсиетіндегі ақылдың кенін танып-білесіздер.

2-жүргізуші

Ата салты ардақты, әрбір сөзі салмақты.

Сол сөздерді ұқпасаң, тістерсің бір күн бармақты.

Армысыздар, қонақтар!

«Атаның сөзі — ақылдың көзі» атты сайысқа қош келдіңіздер!

Сайыскерлермен танысайық: «Ақыл» тобы және «Достық» тобы.

Әділқазылар және бата

Әділқазылар алқасы таныстырылғаннан кейін, сайыскерлерге бата беру үшін сахна төріне ата мен әже шақырылады.

Атаның батасы

Жүйрік тілді ақын бол,
Жақсыларға жақын бол.
Достарыңмен тату бол,
Дұшпаныңа қату бол.
Әумин!

Әженің батасы

Ұсақ болма, ірі бол,
Өз ортаңның гүлі бол.
Ата-анаңның көзінің
Сөнбейтұғын нұры бол!
Әумин!

«Ойға тоқы, нарқын сез — ата сөзі алтын сөз» деген осы.

1-сайыс: «Мен атамның жалғасымын»

Топ басылары өзін таныстырады. Белсенділік, сөйлеу мәдениеті және ойдың жүйелілігі бағаланады.

2-сайыс: «Асылдың сөзі — ақылдың кені» (үй тапсырмасы)

«Ақыл» тобы

Тақырып: «Достықты нығайтатын не?»

  • Достық пен жолдастықты ынтымақ, бірлік, теңдік, туыстық, бауырмалдық нығайтады.
  • Шын дос — ақылдыға тән қасиет.
  • Дос болуды ойласаң: «Сәлеметсіз бе?», «Кешіріңіз», «Рақмет», «Сау болыңыз», «Сәлем айтыңыз», «Рұқсат па?» деген сөздерді үйрену керек.
  • Сәлемдесе білген — кешіре де біледі; кешіре білген — рақмет те айта біледі.
  • Жөн сөз көңіліңді өсіреді, жөнсіз сөз өміріңді өшіреді.

«Достық» тобы

Тақырып: «Адамға ақыл беретін кімдер?»

  • Адамға ақыл беретін — ата-ана, ұстаз, дос.
  • Ата-ана ақылын ұл-қызға айтады, ұстаз ақылын шәкіртке айтады.
  • Адамға ақыл беретін — адал дос.
  • Адал дос — ақылшың, ақылшы дос — жақының.
  • Ана — ақылшың, әке — қамқоршың, ағаң — қорғаушың, інің — сүйенішің, қарындасың — қанатың.

Әр топтың мәнерлеп айтуы мен жауабының толықтығы әділ бағаланады.

3-сайыс: «Ескірмейтін есті сөз» (мақал-мәтел айтысы)

Бұл кезеңде екі топ мақал-мәтелді кезектесіп айтып жарысады. Барлық сайыскерлер бірдей қатысады.

Жүргізушілердің қанатты сөзі

Шешендіктен не пайда — артында сөзі қалмаса.

Батырлықтан не пайда — халқың үшін қайрат қылмаса.

Туған соң адам болып, білімсізден жаман жоқ.

Ата сөзін білмесең, жұрт айтады надан деп.

Мақал-мәтелдер

  1. 1Бірлік түбі — тірлік.
  2. 2Төртеу тату болса — алар, алтау ала болса — алдырар.
  3. 3Сыйға — сый, сыраға — бал.
  4. 4Сыйлап берген су — сатып алған балдан артық.
  5. 5Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы кісі сәлем берер.
  6. 6Қуыс үйден құр шықпа.
  7. 7Шешен сөз бастар, батыр қол бастар.
  8. 8Көп сөз — күміс, аз сөз — алтын.
  9. 9Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер.
  10. 10Өткір тіл — дарын, ұзын тіл — жауың.

4-сайыс: «Жақсы деген немене, жаман деген немене?»

Әр топтың сайыскерлері бірінің айтқанын екіншісі жалғастырып отырады. Мәнер, мазмұн және бірізділік ескеріледі.

Жақсы бала

  1. 1Жақсы бала құлақ асып, айтқаныңды ұғады.
  2. 2Жақсы бала — ол анық, шалалыққа бармайды.
  3. 3Ерте тұрып, бетін жуып, ұялмай шығады тақтаға.
  4. 4Тап-таза болып жуынып, таранып алады.
  5. 5Сабағына барады: күнделігі дап-дайын, іші толған бағалар.
  6. 6Үлкенді сыйлайды, достарын жинайды.

Жаман бала

  1. 1Анау бала — қолы қара, кір-қожалақ қап-қара.
  2. 2Тырнағы өскен, шашы да көптен алынбаған.
  3. 3Түске дейін жатады, шешесімен ұрысады.
  4. 4Жаман бала құрысып, өз-өзінен тырысып.

Қорытынды

Сабыр, сақтық, ой, талап болмаған жан —
Анық төмен болмай ма хайуаннан?
Ынсап, рақым, ар, ұят табылмаса —
Өлген артық дүниені былғағаннан.

Естігендеріңізден ғибрат алып, ой түйеді деп сенеміз. Әділқазылар шешім шығарғанша және ұпайлар есептелгенше, көрерменге бір әуен ұсынылады: «Әке туралы ән».

Марапаттау және тілек

«Өсиетін атамның мұра тұту — бізге парыз» дей отырып, сайыстың қорытындысын айту және марапаттау сөзі әділқазылар алқасына беріледі.

Бойларыңда от бар екенін, жүректеріңде шоқ бар екенін байқадық.

Күн нұрлы, өмірлерің сырлы болсын. Келесі мерекелік кеште жүздескенше — шуақты күндер тілейміз.