Жанды жеріңнен етіңді кесіп тастап, қайта тігу
«Бала – бауыр етің». Қазақ мәтелі
«Расында, бала болмаса, адам мен адамның табиғи байланысы болуы да мүмкін емес». (Цицерон, ежелгі Рим мемлекет қайраткері)
Жаным, жарығым менің! Салмақты сүйкімдім... Бәрін де түсінесің, білесің. Өмірге мұның керек екенін де ұғасың. Әйтсе де, бастан өткерер азап пен ауыр қиналыс бар.
Екінші мәрте сынақ
Ауыртпалықты өткенде-ақ көрдің. Тамыздың он бесінде жасалған операция жарты жанымызды алып кеткендей еді. Әбден қажыдым. Жанды жеріңнен етіңді кесіп, қайта тігу... Есіңді келтірмей төрт сағаттан аса наркозда жату кімге оңай?
Ал бұл бар-жоғы жеті жастағы сәби болса ше? Ол бауыр етіңнен жаралған өз балаңның басынан өтіп жатса ше? Ата-ананың жаны шүберекке түйіліп кетпей ме?
Кезек күткен дәліз
Көз алдыңда мейірбикелер бөлмесінде жан-жағына алақ-жалақ қарап, жәудіреген үш бала... Операция үстеліне кезек күтіп тұр. Сонда ғой, қайта-қайта сабырсызданып қасыңа келіп қаламын. Сен «бара берші» дегендей кері қайтарасың...
Енді, міне, амал жоқ — екінші рет. Мұндайға баланы тағы да көндіру оңай соққан жоқ. Ақыр соңында біздің айтқанымызға түсінікпен мойын бұрдың: «Мақұл, көке, жасат десеңіз — жасатайын».
Аурухана дәлізінде томпаңдап жүргеніңе, ойлылықпен айналаңа көз тастағаныңа қарап жүрегім шымырлай түседі. Кәдімгідей үлкен кісілерше күрсініп қоясың... Мен қарай қалсам, қабағың жазылып, еріксіз езу тартасың. Бала бойындағы осы құбылыстар әкелік жанымды тығырыққа тірейді: бар үміт, бар уайым осы шаққа байланып қалғандай.
Дерек
Палатаң — 33. Ойға ала бергеннен бе, әлде өткендегі наркоздың әсері ме — салмағың бар-жоғы 10 кило болып қалыпты.
Сабақ — өмірдің жібі
Ақылдым, «сабағымды оқимын» деп Қазақ тілі, Ана тілі, Тарих және Математика оқулықтарын тастамай осында ала келіпті. Кереуетке жайғасқан соң, сөмкесін ашып, кітаптарын реттеп қойды. «Бүгін мына тақырыпты өтіп жатқан шығар», — деп Ана тілін дауыстап оқи бастадың.
Күнделікке қол қою
Өз ойыммен әуре болып, дегбірім қашып тұрған маған бір кезде басыңды әнтек көтеріп: «Көке, мынаған қол қойып жіберіңізші», — дедің.
Сөйтсем, сабаққа қатыса алмайтын күндерін толтырып, күнделігіңді ұсынып тұр екенсің. «Ата-анасы» деген жерге қол қойып бердім. Алдыңғы беттерін парақтасам — кілең бестік... Шыдай алмадым. Сыртқа беттедім.
Ақ халатты қайта жамылып, 33-палатаға қалай кіріп барғанымды білмей қалдым. Мұхтарым сабақ дайындап отыр: «жатыр» емес — кереует үстінде ойланып отыр. «Сырт... сырт...» Қай жақтың сағаты десем, тығылып соққан өз жүрегімнің лүпілі екен. Әр секунд ауыр. Мазасыз минуттар-ай...
Мені көрген сайын көңілің босап қала ма деп, бірде сыртқа шығамын, бірде қайта кіремін. Қатты әбіржіп жүргенімді сездің бе, маған тура қарап: «Сурет салатын дәптерім жоқ екен», — дедің.
Нені тап десең де әзір тұратын әкелік жүрек далаға қарай алып ұшты. Орталық көшеге інім Қасым екеуміз асығыс бұрылдық. «Білім» дүкенінен тауып, кеудеге қысып ауруханаға қарай тарттық — аяғымыз жерге тиер емес.
Тамшының тырсылы
Келсек, сені операция үстеліне алып кетіпті. Мейірбикелер әкетуге келгенде анаңның құлағына: «Мама, бүгін емес, ертең жасасыншы?» — деп жай сыбырлапсың.
Палатаның ішінде күрсіне отыра кеттім. Бөлмедегі су құбырынан тамшы тамып тұр. Тура миыма тамып жатқандай. Жүрегім аузыма тығылып, қазір түсіп қалатындай. Әлде жүрегімнің дүрсілі мен тамшының тырсылы бірдей естілді ме?
Тура сағат 13:31-де (30.09.1994) сені алып келді. Көзімнен жас ыршып кетті... Ес-түссіз жатырсың. Мұндайда не дейсің? Бәрі ішіңде. Ішкі дүниең аласапыран...
Уһ, жаным! Екінші рет қиналдың-ау. Бәлкім, пешенеңнен көрерің осы шығар. Әке-шешең үшін де бұл үлкен сын болды-ау, балам.
Далада алай-дүлей сезімімді баса алмай біраз жүрдім. Кешкі бестер шамасында ауруханаға қайта соқтым. Жаңа ғана көзіңді ашыпсың. Ояна сала: «Не, тағы да наркоз салған ба маған?» — деп сұрапсың. Басың айналып, көзің қарауытқан соң, жаураған жандай ернің дірілдеп тұр.
«Қорыққан жоқпын»
Жарайсың, ұлым. Жарадың, жарығым. Бүгін көзіңді аштың. Бетіңнен сүйдім. Екеуміз сөйлестік. «Көке, қорыққан жоқпын», — дейсің. Артынша «еш жерім ауырмайды» дейсің — мені уайымдамасын деп.
Қасыңда отырған анаңнан білдім: түнімен көз ілмей шығыпсың. Ернің кезеріп, көзің шүңірейіп кеткен. Әлсіз күрсінесің. Жүзіңе қарай қалсам, жымиуға тырысасың.
Мұхтарым, сен — менің өмірімсің. Менің кішкентай тамшымсың. Қуанышым да, қайғым да сенімен бірге екенін білесің ғой... Бәлкім, бар ата-ананың ойы осылай шығар.
Бейсенбі, 13 қазан 1994 жыл
Сыйлыққа сақталған қуаныш
Мұхтар ауылдағы Тынтай әжесіне, Әбдіқайым атасына, Ләйла апасына, Бақыт әпкесіне, Айжан қарындасына және өзі жақсы көретін Қасымның баласы Нұрсұлтан бауырына — әрқайсысына сыйлық алып келіпті. «Мынау саған», — деп үйлестіріп жатыр.
«Мұны қайдан алған?» десем, сөйтсем, өзі жесін, ойнасын деп әкеліп берген түрлі шоколадтарды, сыйлықтарды, ойыншықтарды мұртын бұзбай жастығының астына жинап, жақындарына сақтаған екен ғой. Ақылдым менің!
Ниет пен дұға
Бүгін күн бейсенбі болғандықтан, құдайы беріп жатырмыз. «Ата-баба рухы қолдап жүрсін» деп ниет жасап, құран оқыттық.
Әкім Ысқақтың «Жүректегі жазулар» күнделік-эссесінен (үзінді).