Натурал санның еселіктерін таба білу

Ұзақ мерзімді жоспар тарауы

Тарау
Натурал сандардың бөлінгіштігі (5-сынып)
Сабақ тақырыбы
Натурал санның еселіктері
Мұғалім
Төлегенова Гүлбаршын Жақсылықовна

Сабақ мақсаты

  • Натурал санның еселіктерін таба білу.
  • Натурал санның еселіктерін табуға арналған есептерді шығара білу.

Бағалау критерийлері

Оқушылар:

  • натурал санның еселігін таба алады;
  • натурал санның еселіктерін табуға арналған есептерді шығара алады.

Сабақ барысы

Сабақтың басы: ұйымдастыру кезеңі

а) Топқа бөлу

Үстел үстіндегі конверттерде сандар жазылған үлестірме қағаздар болады. Оқушылар 3, 6, 9, 12 сандары бойынша топтарға бөлінеді. Әр топқа бағалау парақшалары таратылады.

ә) Ширату жаттығуы: «Айырмашылығы неде?»

Оқушылар суретке қарап, сандардың орналасуын түсіндіреді және айырмашылықтарын айтады.

Сабақтың ортасы: «Ойлан, жұптас, бөліс»

Оқушылар оқулықтан тақырыппен танысып, мысалдарды қарастырады және ережені оқиды. Жеке, жұппен және топпен талқылайды. Мұғалім көмек қажет ететін оқушыларға жақындап, қысқаша түсіндіру береді.

Жаңа тақырыпты бекіту: «Қызыл микрофон» әдісі

Оқушылар анықтаманы және негізгі тұжырымдарды дауыстап айтып, мысал келтіреді.

Анықтама

Натурал a санының еселігі деп a санына қалдықсыз бөлінетін натурал санды айтады.

Маңызды 1

Кез келген натурал санның еселіктері шектеусіз көп.

Маңызды 2

Берілген натурал санның ең кіші еселігі сол санның өзіне тең.

Мысалдар

  • 5 санының еселіктері: 5, 10, 15, 20, …
  • 14 санының еселіктері: 14, 28, 42, 56, …
  • 21 санының еселіктері: 21, 42, 63, 84, …

Оқулықпен жұмыс

№562

Тапсырма барлық топтарға

Мына сандардың ішінен 45, 50, 70, 75, 90, 100, 120 сандарынан 25-тің еселіктерін жазыңдар.

Дұрыс жауап

50, 75, 100

№572

Жеке/жұптық талқылау

  1. 1) 45-ке бөлгіш және 5-ке еселік санды жазыңдар.

    Дұрыс жауап

    15

  2. 2) 92-ге бөлгіш және 23-ке еселік санды жазыңдар.

    Дұрыс жауап

    46

  3. 3) 120-ға бөлгіш және 30-ға еселік санды жазыңдар.

    Дұрыс жауап

    60

Тексеру және өзара бағалау

Тапсырмалар орындалғаннан кейін интербелсенді тақта арқылы дұрыс жауаптар тексеріледі. Оқушылар жұмыс дәптерлерін сағат тілі бағытымен алмастырып, бір-бірінің жұмысын тексереді.

Сергіту сәті

1-ден 23-ке дейін сандарды кезекпен айтыңдар. Егер айтылған сан 3-ке еселік болса, қол шапалақтаңдар.

Саралау: «Дереккөздер» тәсілі

Тез қабылдайтын оқушыларға

  1. 1-тапсырма

    18 асықты асық саны өзара тең болатындай етіп, үймелерге неше тәсілмен бөлуге болады?

  2. 2-тапсырма

    a санының бөлгіштері: 1, 2, 3, 5, 6, 10, 15, a. Осыған сүйене отырып, a санын анықтаңдар.

Баяу қабылдайтын оқушыларға

  1. 1-тапсырма

    Сатушы 35 түп қалампыр гүлін әкелді. Ол әр гүл шоғындағы гүлдер саны бірдей болатындай етіп, неше тәсілмен гүл шоқтарын дайындай алады? Әр гүл шоғында неше гүлден болуы мүмкін?

  2. 2-тапсырма

    65 түп ағаш көшеттерін әр қатардағы көшеттер саны бірдей болатындай етіп, неше қатарға отырғызуға болады?

Қорытынды ескертпе

Бұл сабақта оқушылар натурал санның еселігін анықтауды, еселіктердің шексіз болатынын және ең кіші еселіктің берілген санның өзіне тең екенін мысалдар арқылы бекітеді.