Сабақ тақырыбы

Жезқазған қаласы, №10 орта мектеп

Түзете-дамыта оқыту сыныбының мұғалімі: К. Кулашева

Мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытудың ерекшеліктері

Бұл мақалада бастауыш сыныптарда мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытудың өзіне тән ерекшеліктері қарастырылады. Педагогика жүйесіндегі маңызды міндеттердің бірі — баланың мінез-құлқындағы және дамуындағы ерекшеліктерді ескере отырып оқыту, ой-өрісін дамыту және қоршаған ортаға бейімделуін күшейту.

Негізгі түйін

Мінез-құлықтағы кемшіліктер баланың жеке тұлға болып қалыптасуына, оқу, жазу, ортаға бейімделу әрекеттеріне және ересектермен, құрдастарымен қарым-қатынасына әсер етуі мүмкін. Сондықтан психикалық дамуында ерекшелігі бар балаларға оқу процесін қабылдау мен танымдық қабілеттерді қалыптастыруда қиындықтар тән.

Танымдық қабілетті дамыту ойлау қызметін жетілдірумен тығыз байланысты. Ойлау қабілетін дамыту — мектеп тәжірибесінде ерекше орын алатын мәселе: оқушы өз деңгейіне сай ең басты нәрсені ажырата алса, мәнді тапсырмаларды да орындай алады.

Мұғалім тәжірибесінен: айырмашылықты сезіну

Менің ұстаздық тәжірибемде қалыпты дамып жатқан балалармен жұмыс істегеніме 29 жыл болды, ал мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істеп келе жатқаныма — екінші жыл. Осы аз уақыттың ішінде бұл бағыттың қаншалықты қиын әрі үлкен жауапкершілікті қажет ететінін терең сезіндім.

Қалыпты балалармен жұмыста нәтиже көбіне тез байқалады: олар ортаға жылдам бейімделеді, айтқаныңды жылдам түсінеді. Ал даму жүйесінде ауытқушылығы бар балалар көбіне құрдастарынан қалып қояды, бейімделуі баяу, кейбірі денсаулығына байланысты қимылы баяу болады. Көңіл күйі төмендеу балалар қатқыл сөзді көтере алмайды, сондықтан олармен жұмыс ерекше сабыр мен нәзік қарым-қатынасты талап етеді.

Сыныптағы шынайы көрініс

  • Бір сыныпта бес бала болса, әрқайсысының қабылдау деңгейі әртүрлі: біреуі түсінгенді екіншісі түсінбеуі мүмкін.
  • Кей балалар бірін-бірі тыңдауға қиналады, сабақты көңіл күйіне қарай қабылдайды.
  • Қатқыл сөйлеуге болмайды: тек асқан шыдамдылықпен баланың тілін табу қажет.
  • Әр балаға оның деңгейіне сай әртүрлі тәсіл қолдану тиімді.

Таным, есте сақтау және ойлау

Баланың ақыл-ой дамуы тек белгілі бір білім көлемімен шектелмейді. Ол танымдық іс-әрекетпен — баланың жанына жақын нәрселерді есте сақтатумен, ойландырумен, елестетумен және түрлі қабілеттерін дамытумен тығыз байланысты.

Маңызды тірек

Мүмкіндігі шектеулі баланың дамуы үшін есте сақтау мен ойлау қабілетінің мәні өте зор.

Замана талабы

Мұғалім әртүрлі қарқынмен оқитын, зейіні мен қабылдауы әркелкі оқушылардың жүрегіне жол таба білетін жаңашыл, ізденімпаз тұлға болуы тиіс.

Отбасылық жағдай және эмоциялық ерекшеліктер

Ақыл-ойында әртүрлі ауытқуы бар балалардың көбі толық емес немесе әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларынан шығуы мүмкін. Бұл олардың отбасымен толық қарым-қатынас жасай алмауына әкеліп, тұлғалық қалыптасуына кері әсер етуі ықтимал.

Интеллектуалдық жетіспеушілік салдарынан эмоциялық салада да қиындықтар көрінеді: олар мадақтауға, қолдауға, ренішке өте сезімтал. Кейде өз эмоцияларын сөзбен жеткізе алмай, қатынасын жымиюмен немесе аянышты көзқараспен білдіреді. Көп жағдайда селсоқтық, өзіне сенімсіздік байқалса, кейбірінде ашушаңдық болуы мүмкін.

Назарда ұстау керек

Мұндай балалар кейде айқайлауға, жүгіруге, рұқсатсыз зат алуға, шулауға немесе қырсығуға болмайтынын толық түсінбеуі мүмкін. Қиындықтың бір бөлігі — дәл осында.

Мұғалім ұстанатын негізгі қағидалар

  1. 1 Бала мен мұғалім арасындағы педагогикалық әдеп пен ынтымақтастықты сақтау.
  2. 2 Тапсырманың шектен тыс ауыр болмауын қадағалау.
  3. 3 Оқушының міндетті және мүмкіндік деңгейлерін ескеру.
  4. 4 Тапсырманың қабылдау, есте сақтау, зейінге әсерін назардан тыс қалдырмау.
  5. 5 Ата-анамен тұрақты әрі тығыз байланыс орнату.
  6. 6 Сабақта ойын элементтерін көбірек қолдану.

Ойын арқылы оқыту: математика сабағынан мысал

Негізінен, мүмкіндігі шектеулі балаларға сабақты олардың жанына жақын ойын түрінде өткізу тиімді. Себебі эмоциялық көңіл күйі көбіне ойын және еңбек іс-әрекетінде айқын байқалады.

Мен 4 «В» дамыта түзету сыныбына сабақ беремін. Қаңтар айында өткен математика сабағымның бірін «Аңдар бізде қонақта» тақырыбында ұйымдастырдым. Аңдарды таңдаған себебім: балалар Жаңа жыл мерекесінде қасқыр, аю, түлкі бейнесіне енген еді, сондықтан бұл кейіпкерлер оларға жақын болды.

Сабақ тақырыбы

Көптаңбалы сандарды біртаңбалы сандарға көбейту және бөлу

Сабақ мақсаты

Ойлау қабілетін, дүниетанымды дамыту; жануарларға жылы сезім ояту; қорғауға және қамқорлық жасауға үйрету.

Көрнекілік

Интерактивті тақта, аңдардың суреттері, слайдтар.

Ұйымдастыру кезеңі

Сабақ басында жыл мезгілдері және олардың ерекшеліктері туралы сұрақтар қойылды. Одан кейін қыс мезгілі, қыс кезіндегі аңдардың тіршілігі жайында әңгіме жүргізіліп, слайд арқылы суреттер көрсетілді.

Мұғалімнің сөзі

Балалар, бүгін — өте қуанышты күн. Біздің сабағымызға өздеріңе таныс аңдар: қасқыр, аю және түлкі қонаққа келді. Олар жай келмеді — сендерден көмек сұрай келіпті. Кәне, аңдарға көмектесіп, тапсырмаларын орындаймыз ба?

Балалар қуана келісті. Тапсырмалар олардың деңгейіне сай болды және күнделікті орындалып жүрген ұқсас жаттығуларға негізделді.

Аңдар ұсынған тапсырмалар

Қасқырдың тапсырмасы

Есептеу

«Балалар, мына тапсырманы орындап берсеңдер, мен апанымды адаспай табар едім. Әйтпесе адасып жүрмін, әбден тоңдым».

1200 – 172 × 3 + 308 =
4508 + 486 × 2 – 892 =

Аюдың тапсырмасы

Теңдеу

«Мен қыс бойы ұйықтаймын. Бірақ бұл жолы мына тапсырманы орындай алмағандықтан ұйықтай алмай жүрмін. Көмектессеңдер, алаңсыз тәтті ұйқыға батар едім».

(45 – X) × 7 = 49
8 × X = 632 × 7

Оқушылар бір-біріне көмектесе отырып тапсырмаларды орындады.

Түлкінің тапсырмасы

Математикалық диктант

«Балалар, маған да көмектесіңдерші? Мен мына есептерді шығара алмай жүрмін».

  1. 1. 14 пен 7-нің бөліндісі нешеге тең?
  2. 2. 42 : 6 =
  3. 3. 24 саны 8 санынан неше есе артық?
  4. 4. 36 мен 6-ның бөліндісі нешеге тең?
  5. 5. 28-ден 7 саны неше есе кем?
  6. 6. 49 : 7 =
  7. 7. 21 мен 3-тің бөліндісі қанша?