Нақыл сөздермен жұмыс
Ұлттық тәрбие – ұлағат көзі
Ұлттық тәрбие — ұрпақты ізгілікке бастайтын, елдік сананы бекітетін құндылықтар жиынтығы. Бұл тәрбие сағаты ата-бабамыздан ұрпақтан-ұрпаққа жеткен асыл мұрамен таныстырып, жас ұрпақты салт-дәстүрден нәр алып өсуге, инабаттылыққа, мейірім мен қайырымдылыққа тәрбиелеуді көздейді.
Мақсаты
- Ата-бабадан қалған мұраның мәнін ұғындыру.
- Халықтық салт-дәстүр арқылы әдептілікке, ізеттілікке баулу.
- Мейірімділік, қайырымдылық, елжандылық қасиеттерін дамыту.
Көрнекілік
- Нақыл сөздер
- Қабырға газеттері
- Буклеттер
Сабақтың құрылымы
- IКіріспе бөлім
- IIНегізгі бөлім: таныстыру, көрініс, шешендік сөздер, салт-дәстүр, ырым-тыйым
- IIIҚорытынды бөлім: сұрақ-жауап, нақыл сөздермен жұмыс
Кіріспе бөлім
Құрметті ұстаздар мен оқушылар, «Ұлттық тәрбие – ұлағат көзі» атты тәрбие сағатына қош келдіңіздер! Бүгін біз ата-бабамыздан жалғасып, кейінгі ұрпаққа жеткен рухани мұрамен танысамыз. Қазақ халқы — бір ауыз сөзбен қуантқан, бір ауыз сөзбен ой салған шешен, қайсар, кеңпейіл ел.
Ізетіңді түйме етіп, иманыңды күйме етіп, жүрші, балам, жамандықты күйретіп.
Балалар, бабаларымыздың жақсы дәстүрін бойға сіңіріп, жалғастырып, жамандықтан аулақ, жаны таза, елжанды ұрпақ болыңдар!
Негізгі бөлім
Жүргізушілер сөзі
1-жүргізуші
Армысың, аманбысың, асыл халқым,
Әрқашан арта берсін сенің даңқың.
Ұмытпай қазағымның ата-салтын,
Әрқашан арта берсін сенің даңқың.
2-жүргізуші
Қашанда жақсылардың соңына ерем,
Көкейден жыр нөсерін бүгін төгем.
Бүгінгі «Ұлттық тәрбие – ұлағат көзі» атты
тәрбие сағатына қош келіпсіздер!
Тақырыпқа бағыт
1-жүргізуші
Мен қазақпын, биікпін, байтақ елмін,
Қайта тудым, өмірге қайта келдім.
Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске,
Айта бергім келеді, айта бергім.
Сұрақ: Балалар, ұлтымыздан, бабамыздан бізге не қалды?
- 1-топ: «Шешендік сөз нәрі»
- 2-топ: «Салт-дәстүр нәрі»
- 3-топ: «Ырым-тыйым сөздер»
Таныстыру кезеңі
Жаңарған сана ұмытпайды: ата-баба дәстүрін қайта жаңғыртар кез келді. Ендеше, топтардың таныстыру кезеңіне кезек берейік. Оқушылар дайындаған қабырға газеттерін таныстырады.
1-топ
Шешендік сөз нәрі
2-топ
Салт-дәстүр нәрі
3-топ
Ырым-тыйым сөздер
Даналық сөздер және топтық бөлімдер
Төле би
Атадан ұл туса игі,
Ата жолын қуса игі.
Өзіңе келер ұятын,
Өзі біліп тұрса игі!Келесі кезекте «Шешендік сөз нәрі» тобы дайындаған көріністі ұсынады.
Қаз дауысты Қазыбек би
Алтын ұяң – Отан қымбат,
Құт-берекең – атаң қымбат,
Аймалайтын анаң қымбат.
Асқар тауың — әкең қымбат,
Туып-өскен жерің қымбат,
Ұят пенен ар қымбат,
Өзің сүйген жар қымбат.Келесі сөз «Салт-дәстүр нәрі» тобына беріледі.
Әйтеке би
Ашу деген ағын су,
Алдын ашсаң арқырар.
Ақыл деген дария,
Алдын тоссаң тоқырар.
Кісі бірге туыспау керек,
Туысқан соң сөз қуыспау керек.
Сөз қуған бәлеге жолығады,
Жол қуған олжаға жолығады.Келесі кезек «Ырым-тыйым сөздер» тобына беріледі.
Шешендік сөз үлгісі: «Үш арсыз, үш ғайып, үш жетім»
Оқиға желісі
Жәнібек хан халықты жиып: «Үш арсыз, үш ғайып, үш жетім болады, соны кім табады?» — деп сұрайды. Жиналған жұрт біраз ойланып, «үш арсыз» бен «үш ғайыпты» табады, ал «үш жетімді» ешкім айта алмайды.
Сонда Жәнібек хан: «Елде келмеген кім қалды?» — деп сұрайды. Халық: «Келмеген Қарабас шешен қалды», — дейді. Хан Қарабас шешенді шақырып, жауабын сұрайды.
Жауаптар
Үш арсыз
Ұйқы арсыз, күлкі арсыз, тамақ арсыз.
Үш ғайып
Қонақ ғайып, несібе ғайып, ажал ғайып.
Қарабас шешеннің түйіні
Жетім үшеу емес, бесеу:
Оты жоқ жер жетім,
Басшысы жоқ ел жетім,
Елінен ауған ер жетім,
Тыңдаусыз қалған сөз жетім,
Жоқтаусыз қалған қыз жетім.
Салт-дәстүр және ырым-тыйымға қатысты ойлар
Тақпақ
Ата-баба ардақты,
Жамандыққа бармаған.
Үлкенді ардақ тұтып,
Ата жолын жалғаған.
Қасиетті сандар
Ата-бабамыз кейбір сандарды қасиетті деп есептеген: 3, 5, 6, 7, 9 және т.б.
- Үш байлық
- Төрт мұрат
- Бес қару
- Алты парыз
Түйін
Ата салты — ардақты, әрбір сөзі — салмақты. Сол сөздің мәнін ұқпасаң, бір күн бармақ тістейсің.
Тілім барда — қазағым бар, халқым бар.
Дәстүрім бар, ата жолы — салтым бар.
Кең даладай дархан мінезім бар,
Аңқау, ашық көңілім бар.
Көк байрағым — ар-намысым, жігерім,
Әнұраным — қайрат-күшім, тірегім.
Елтаңбам — ел тарихының өрнегі,
Тұрмыс-салтым — танытарлық бір әлем.
Достар, сөздің нарқын түсінейік. Бабамыздың салт-дәстүрін үйренейік, ұлттық құндылықты қадірлейік — сонда ғана бақытқа бастар жолымыз айқын болады.
Қорытынды бөлім
Сұрақ-жауап және нақыл сөздермен жұмыс
Үш топ бір-біріне сұрақ қояды: 1-топ → 3-топқа, 2-топ → 1-топқа, 3-топ → 2-топқа. Сонымен бірге нақыл сөздермен жұмыс жүргізіледі.
Түйін сөз
Балалар, ұлттық тәрбиенің қазынасы — ата-бабадан қалған шешендік сөздер, салт-дәстүр, ырым-тыйымдар. Олардың барлығын бір тәрбие сағатында толық қамту мүмкін емес. Алда әлі де оқып, танып-біліп, білімімізді толықтырамыз.
ХХІ ғасыр азаматы өркениетті өмірге ұмтылатын, ата дәстүрін жалғастыратын, туған жерін және көк тулы Отанын сүйетін, үлкен-кішіге мейірімді, ізетті, текті, дені сау азамат және азаматша болып өссін деген тілегіміз бар.
Ұлттық тәрбие – ұлағат көзі.