Ақиқат тобына қойылатын сұрақтар
Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы
Көркемсурет лицейі
Дузимова Жайнагүл Қонысбаевна
Сабақ тақырыбы: Білім және құқық
Бұл сабақ құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, білім мен заңның қоғамдағы рөлін түсіндіруге, сондай-ақ оқушылардың өз құқықтары мен міндеттерін саналы түрде орындауына бағытталған.
Сабақтың мақсаты
А) Білімділік
Оқушылардың өз құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыра білуге дайын болуын қамтамасыз ету; айналасындағы адамдардың іс-әрекетінің заңға сәйкестігін бағамдау қабілетін қалыптастыру.
Ә) Дамытушылық
Оқушыларды құқық пен заңды білуге, сыйлауға, құрметтеуге және оны орындауға дағдыландыру.
Б) Тәрбиелік
Құқықтық сана қалыптастыру; қоғамға қарсы келетін оғаш көріністерді заң аясында шешуге үйрету; Ата заңға сүйіспеншілік сезімін дамыту арқылы адамгершілігі мол, білімді, парасатты тұлға тәрбиелеу.
Негізгі идея: Конституция және құқықтық мәдениет
Конституциялық ұстаным
Қазақстан Республикасының Конституциясында еліміздің демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнығатыны көрсетілген. Бұл — қоғам дамуы үшін айрықша маңызды мақсат.
Конституцияның 1-бабында: «Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп баяндалған.
Құқықтық мәдениеттің мәні
Азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекетті қалыптастырудың негізгі алғышарттарының бірі — азаматтардың құқықтық білімін жетілдіру және құқықтық мәдениетін дамыту. Оның маңызды құрамдас бөлігі — адам құқықтары мәдениеті.
- Құқықты құрметтеу — тұлғаның биік ұстанымы.
- Әділдік, борыш, жауапкершілік, заңдылықты сезіну — азаматтық кемелділік өлшемі.
- Жастардың құқықтық сауаттылығы қателікке ұрынбай, дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі.
Оқушының құқықтары мен міндеттері
Оқушы құқылы
- Мемлекеттік стандарт белгілеген көлемде жалпы білім алуға.
- Қосымша білім алуға.
- Ғылыми жұмыстармен айналысуға, кеңесулерге, конференцияларға, олимпиадаларға, көрмелер мен жарыстарға қатысуға.
- Мектепті басқаруға қатысуға.
Оқушы міндетті
- Қазақстан Республикасының заңдарын сыйлауға және ұстануға; ұлттық салт-дәстүрлерді құрметтеуге.
- Мектеп жарғысында көрсетілген талаптарды мүлтіксіз орындауға.
- Мемлекеттік стандартқа сәйкес білім алуға ұмтылуға.
- Мұғалімдер мен тәлімгерлерге құрмет көрсетуге.
- Сыныптастарымен және мектептің басқа оқушыларымен тіл табысып, кішілерге көмек көрсетуге.
- Мұғалімдер берген тапсырмаларды белгіленген мерзімде тапсыруға.
- Себепсіз сабақтан қалмауға.
- Өзімен бірге қажетті оқулықтар мен оқу құралдарын алып жүруге.
- Мектептің қоғамдық жұмысына белсене қатысып, қоғамдық тапсырмаларды орындауға.
- Мектептің абыройын аудандық, қалалық және республикалық іс-шараларда қорғауға.
- Қоғамдық орындарда өзін ұстау мәдениетін көтеріп, білімді толықтыруға арналған жұмыстарды жүйелі жүргізуге.
- Мектеп формасын сақтауға.
- Мектеп және қоғамдық мүлікті дұрыс қолдануға.
Сабақ барысы: сайыс құрылымы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Оқушылар екі топқа бөлінеді. Сайыс кезең-кезеңімен ұйымдастырылады.
- 1 Топпен таныстыру
- 2 Білім сайысы
- 3 Жылдар сөйлейді
- 4 Ой сергіту
- 5 Адасқан әріптер
- 6 Қорытынды
II. Ережелер мен бағалау
Әр кезеңде топтар ұпай жинайды. Соңында қазылар алқасы жалпы ұпай саны бойынша жеңімпаз топты анықтап, марапаттау рәсімін өткізеді.
Негізгі қағида: әділ бағалау, мәдени пікірталас, дәлелді жауап.
1-кезең: Топпен таныстыру
Оқушылар сайысты өзін таныстырудан бастайды. Бұл кезеңде әр топ өз атауын айтып, топ мүшелерін таныстырады.
2-кезең: Білім сайысы (сұрақ-жауап)
«Әділет» тобына сұрақтар
- Мемлекет деп нені айтамыз?
- Қоғамдық өмірдің негізгі аяларын атаңдар.
- Азаматтық құқық қандай қатынастарды реттейді?
- Меншіктің қандай түрлері бар?
- Сенат төрағасын кім тағайындайды?
- Судья сот төрелігін іске асыру кезінде кімге бағынады?
- «Жеті жарғы» заңдарын атап беріңдер.
- Азаматтық құқық дегеніміз не?
- Қылмыс деген не?
«Ақиқат» тобына сұрақтар
- Қоғам дегеніміз не?
- Автохтонды ұлт ұғымын қалай түсінесің?
- Отбасының атқаратын функциялары қандай?
- Әрбір адамның құқықтары мен бостандықтары қай орган арқылы қорғалады? — Сот
- Құқықтық мемлекет дегеніміз не?
- Құқық дегеніміз не?
- Заңды тұлға деген кім?
- Шетелдік азаматтар жеке тұлға бола ала ма?
3-кезең: «Жылдар сөйлейді»
Бұл бөлімде топ басшыларына маңызды тарихи-құқықтық даталар бойынша сұрақтар қойылады.
«Әділет» тобының топ басшысына
- Қазақстан Республикасының Конституциясы қашан қабылданды?
- Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңы қашан қабылданды?
- «Бала құқықтары туралы» заң қашан қабылданды?
- Қазақстан Республикасының Туы мен Елтаңбасы қашан қабылданды?
«Ақиқат» тобының топ басшысына
- Бала құқықтары туралы Конвенция қашан қабылданды?
- Қазақстан үкіметі қай жылы ақша реформасын іске асырды?
- Адам құқықтарының жалпыға бірдей Декларациясы қашан қабылданды?
- «Қазақстан-2030» Жолдауы қай жылы жарияланды?
4-кезең: Ой сергіту (мақал-мәтелді жалғастыр)
Әр топқа білім және құқық тақырыбындағы мақал-мәтелдер беріледі. Тапсырма — мақалдың жалғасын табу.
«Әділет» тобы
- Білімді өлсе, қағазда аты қалар; ұста өлсе, істеген заты қалар.
- Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл.
- Ақыл — тозбайтын тон, білім — таусылмайтын кен.
- Білім гауһар — бағасы жоқ; надандық кесел — дауасы жоқ.
«Ақиқат» тобы
- Ұрлық түбі — қорлық.
- Біреуге ор қазба — өзің түсесің.
- Заңның құрығы — бәрінен ұзын.
- Қолыңмен істегенді — мойныңмен көтер.
5-кезең: «Адасқан әріптер»
Шарты: ретсіз орналасқан әріптерден термин немесе мағыналы сөз құрастыру.
| № | Дұрыс сөз | Адасқан әріптер |
|---|---|---|
| 1 | Конституция | уяцтсикионт |
| 2 | Инновация | няоинвцф |
| 3 | Президент | тпнрендзи |
| 4 | Декларация | цяиралдкеа |
| 5 | Куәгер | гркуеә |
| 6 | Білім | іблмі |
| 7 | Үкімет | тіүкем |
| 8 | Республика | серубплиак |
| 9 | Педагогика | едпкагоги |
| 10 | Психология | ясипсилогх |
6-кезең: Қорытынды
Нәтиже
Қазылар алқасы сайыс барысында жиналған ұпайларға сүйене отырып, жеңімпаз топты анықтайды.
Марапаттау
Жеңімпаздар марапатталып, қатысушылардың белсенділігі мен ынтасы атап өтіледі.