Біз бағанадан бері сынып оқушыларымен жұмыстар жүрігіздік

Тренинг-сабақ

Өзіңді танысаң — істің басы

Бұл тренинг-сабақ оқушылардың өзін-өзі тануына, қызығушылығы мен қабілетін анықтауына бағыт береді. Адам өз мүмкіндігін түсініп, ішкі әлемін бағалай алғанда ғана көздеген мақсатына сенімді қадам жасайды.

Мақсаты

  • Өзін-өзі тануға бағыт беру: қызығушылық, бейім, қабілетті айқындау.
  • Өзін таныған адам ғана мақсатына жете алатынын ұғындыру.
  • Өзін-өзі түсіну, бағалау, тәрбиелеу туралы түсінікті кеңейту.
  • Халық даналығы арқылы рухани құндылықтарды тануға баулу.

Күтілетін нәтиже

  • Оқушы өз-өзін танып, мүмкіндіктері мен әлеуетін нақтырақ түсінеді.
  • Ойлау аясының кең екенін сезініп, өзін бағалауға дағдыланады.
  • Байқампаздық пен рефлексия (өз-өзіне есеп беру) қабілеті дамиды.

Дәйексөз

«Дүниедегі ең оңай нәрсе — біреуге ақыл айту, ең қиын нәрсе — өзіңді-өзің түсіну».

Әл-Фараби

Жоспар

  1. I Кіріспе сөз
  2. II «Мен кіммін?» тренингі
  3. III «Мен қандаймын?» жаттығуы
  4. IV «Өзіңді ғана емес, өзгені де таны» жаттығуы
  5. V «Өз ұстазыңызбен қарым-қатынасыңыз қалай?» жаттығуы
  6. VI Қорытынды

Кіріспе: өзін-өзі танудың мәні

«Өзін-өзі тану» курсы бүгінде ғылыми тұрғыда қалыптасып келе жатқан жаңа бағыттардың бірі. Оның стратегиялық мақсаты — тұлғаның қалыптасуына ықпал ету, дүниетанымды кеңейту, әлеуметтік-экономикалық міндеттер мен күнделікті өмірдегі өзекті мәселелерді шешуге, тиімді қарым-қатынас орнатуға үйрету.

Тұлғаның негізгі 4 аумағы

  • Мотивациялық аумақ: мінез-құлық пен іс-әрекет мотивтері, әлеуметтік қажеттіліктер.
  • Белсенділік аумағы: интерналдылық, бастамашылдық, өзіне сенімділік, өзін таныта білу.
  • Құндылықтық-мағыналық аумақ: құндылық бағдарлар, өмірдің мағынасы мен мақсаттары.
  • Этникалық өзіндік сана аумағы: этномәдени сәйкестілік, этникалық түсініктердің ықпалы.

Р. С. Немов бойынша маңызды қайнар көздер

  1. 1 Қоршаған орта: ата-ана, туыс, достар бағасы арқылы баланың өзіндік бағасы қалыптасады.
  2. 2 Салыстыру: адам өз іс-әрекетін өзгенікімен салыстырып, қорытынды шығарады.
  3. 3 Өмірлік жағдайлар мен тесттер: өзін тану да, өзгені тану да тәжірибе арқылы тереңдейді.

II. «Мен кіммін?» тренингі

Мақсаты

«Мен кіммін?» сұрағына жауап іздеу және өз есімін қабылдау арқылы өзін бағалауға үйрену.

Әрқайсымызға есім беріледі, ал оны таңдауға көбіне мүмкіндік болмайды. Сондықтан кейде өз есіміміз ұнамай қалуы мүмкін. Бұл жаттығуда есімге деген ішкі сезімді байқауға тырысамыз.

  • 1 Мүлде ұнатпаймын
  • 2 Ұнатпаймын
  • 3 Қанағаттанарлық
  • 4 Ұнатамын
  • 5 Өте қатты ұнатамын

Қысқа бағыттама

  • Көзіңізді жұмып, есіміңізді елестетіңіз: ол жазу түрінде ме, әлде бейне түрінде ме?
  • Ол үлкен бе, кіші ме? Қандай түсте?
  • Есіміңізге байланысты қандай да бір дыбыс немесе үн естілетіндей бола ма?

Біз бағыт-бағдарымызды айқындап, өзімізді ғана емес, айналамыздағы адамдарды да тереңірек түсінуге ұмтылсақ, ұлы тұлғалардың өмірі мен жақсы қасиеттерінен үлгі алсақ — бұл өз дамуымызға үлкен демеу болады.

III. «Мен қандаймын?» жаттығуы

Өз мінезіңізді жаңа қырынан білгіңіз келе ме? Төмендегі шағын тапсырмалар арқылы байқап көріңіз. Әр тапсырмадан кейін нәтижені қағазға белгілеңіз: сол1, оң2.

  1. 1) Саусақтарды айқастыру

    Саусақтарыңызды айқастырып ұстаңыз. Жоғарыда қай қолдың бас бармағы қалғанын байқаңыз: сол — 1, оң — 2.

  2. 2) Нысанаға көздеу

    Жалған нысананы көздеңіз. Қай көзіңіз ашық қалады: сол — 1, оң — 2.

  3. 3) Қолды кеудеде айқастыру

    Қолыңызды кеудеңізде айқастырыңыз. Қай қол үстінде қалды: сол — 1, оң — 2.

  4. 4) Шапалақтау

    Шапалақтаңыз. Қай қол жоғарыда қалады: сол — 1, оң — 2.

Бұл тапсырмалар «дұрыс» немесе «бұрыс» деген бағалау үшін емес. Мақсаты — өз әдетіңізді бақылап, өзіңіз туралы қосымша дерек жинау.

IV. «Өзіңді ғана емес, өзгені де таны» жаттығуы

Ойын шарты

Оқушыларға ауылға еңбек сіңірген адамдардың суреттері ұсынылады. Әр оқушы таңдалған тұлға туралы қысқаша әңгімелейді: оның қандай ісі үлгі бола алады, қандай мінез-құлқы немесе ұстанымы өнеге.

Мақсат — жақсы қасиеттерді көру, құрмет сезімін дамыту және «мен де осындай құндылықтарды ұстанғым келеді» деген ішкі ниетті күшейту.

V. «Өз ұстазыңызбен қарым-қатынасыңыз қалай?» жаттығуы

Бұл бөлімде оқушы мен мұғалім арасындағы өзара түсіністікті байқауға болады. Сынып өміріне күнделікті араласып, тәрбие мен білімді ұштастырып жүрген мұғалімдердің оқушыларды қаншалықты танып-білетінін тексереміз.

Жүргізілу тәртібі

  1. 1 Сыныпқа сабақ беретін мұғалімдер алдын ала сауалнама сұрақтарына жауап дайындайды.
  2. 2 Мұғалім бір оқушыны таңдап, сол оқушының атынан сауалнамаға жауап береді.
  3. 3 Соңында мұғалім жауаптары оқушының нақты жауаптарымен салыстырылады.

Сауалнама үлгісі

Менің есімім

Менің сүйікті түсім

Менің сүйікті ісім

Менің аяқкиім өлшемім

Менің сүйікті әнім

Менің сүйікті фильмім

VI. Қорытынды

Адамның өз «Менін» сезіне бастауы, Абай атамыздың сөзімен айтқанда, өзіне-өзі ұдайы есеп беруінен және өзін аңғарып, байқай алу қабілетінен көрінеді. Біреу өз бойындағы берекесіздіктен арылғысы келеді, біреу тұйықтықты жеңгісі келеді, енді бірі ұялшақтықтан құтылуды қалайды.

Біз кемшіліксіз жаратылмаймыз. Дегенмен адам шын ниетпен кіріссе, мінездің өзгеруі — табиғи құбылыс. Ең маңыздысы — өзіңді түсінуге қадам жасау және сол қадамды тұрақты әдетке айналдыру.

Түйін сөз

Адам ғалам — ғажайып, жеке-дара,
Жан құмары — ізденген мәңгі сана.
Өзіңді-өзің танысаң — істің басы,
Түзеген өз ғаламын болған дана.