Күз мезгілінің суретін көрсету

Алматы облысы, Райымбек ауданы • «Балбөбек» бөбекжай-балалар бақшасы

Тәрбиеші: Салықбаева Советхан Есімқызы

Тіл дамыту Тақырып: Күз байлығы

Мақсаты

  • Балаларға күз мезгілі туралы түсінік беру.
  • Сөйлем құрастырып, өз ойын анық жеткізе білуге дағдыландыру.
  • Күз байлығына жеміс-жидек, көкөністер және дәнді дақылдар жататынын меңгерту.
  • Ересектер еңбегін бағалауға, нанды қадірлеуге тәрбиелеу.
  • Жұмбақ пен тақпақ айту арқылы тілін дамыту.

Көрнекілік

  • Жемістер мен көкөністердің суреттері
  • Күз мезгілін бейнелейтін иллюстрациялар
  • Атрибуттар және табиғи үлгілер: жеміс-жидек, көкөніс
  • Дәнді дақылдар: бидай, арпа
  • Ұн және нан

Әдіс-тәсілдер

  • Көрсету және түсіндіру
  • Сұрақ-жауап
  • Тақпақ, жұмбақ айтқызу
  • Ойын арқылы бекіту

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру: «Жылулық шеңбері»

Тәрбиеші балаларды амандасуға шақырады, алақандарын жоғары қаратып, күннің жылуын сезінуді ұсынады. Содан кейін жылылықты бір-біріне тілектер арқылы «беруге» бағыттайды:

  • «Әрқашан күн сөнбесін!»
  • «Деніміз сау болсын!»
  • «Нанымыз көп болсын!»

II. Әңгімелеу: жыл мезгілдері және күздің ерекшелігі

Балалар жыл мезгілдерін атайды: қыс, көктем, жаз, күз. Әр мезгілде үш ай болатыны еске түсіріледі.

Күз айлары: қыркүйек, қазан, қараша.

Күз туралы сурет көрсетіліп, балалардан бұл мезгілдің белгілері сұралады. Балалар мынадай жауаптарды бекітеді: күн салқындайды, ағаш жапырақтары сарғаяды, жел соғады, жапырақ жерге түседі, құстар жылы жаққа ұшады, адамдар жылы киім киеді.

Сонымен бірге күзде астық пісіп, жеміс-жидек пен көкөністер молаятыны айтылады.

III. «Егіс даласынан нанға дейін» әңгімесі

Егіс даласының суреті арқылы еңбек үдерісі түсіндіріледі: адамдар астықты жинап, көлікке тиеп, қырманға жеткізеді. Қырманнан бидай наубайханаға апарылады, ұнға тартылады, ұннан нан пісіріледі.

Нан — негізгі азық, береке мен байлықтың нышаны. «Наннан үлкен ас жоқ», сондықтан нанды қадірлеу керек.

Нан туралы тақпақ

Нан қоқымын шашпаңдар, Жерде жатса баспаңдар. Теріп алып қастерлеп, Торғайларға тастаңдар!

IV. Балалардың күз туралы тақпақтары

1-бала (Темірлан)

Көк майсалы көрікті, Алқаптағы көп егін. Бұл күндері киіпті, Сары жібек көйлегін.

2-бала (Іңкәр)

Күзім-ау, күзім-ау, Мінезің бұзық-ау. Жаңбырың сіркіреп, Келгенің қызық-ау.

3-бала (Әдемі)

Жапырақтар жамырап, Сайға барып бекінді. Анасынан ажырап, Қалған бала секілді.

4-бала (Диана)

Жатыр дала жалтылдап, Жаз шуағын мол құйды. Күн астында алтын дән, Тербеледі, толқиды.

V. Сергіту сәті

Құлпыра берші, кең далам, Гүліңді мен терейін. Жапырағыңмен жасыршы, Қойныңа мен енейін.

VI. «Ғажайып сәт»: Күздің келуі

Есік қағылып, балаларға «қонақ келгені» хабарланады. Күз мезгілі үш айымен бірге келіп, балалармен амандасады және «күзгі байлығын» таныстырады.

Жемістер

  • Алма, алмұрт, мандарин, жүзім
  • Алманың пішіні: дөңгелек
  • Алманың түсі: қызыл, сары
  • Мандариннің түсі: сары

Көкөністер

  • Сәбіз, пияз, қияр, қызанақ, қырыққабат, қызылша
  • Сәбіз бен қиярдың пішіні: сопақша
  • Қиярдың түсі: жасыл
  • Сәбіздің түсі: сары

Жемістер мен көкөністерде ағзаға пайдалы дәрумендер көп екені қорытындыланады.

Тақпақ (Аяла)

Мен алмамын, алмамын, Таңдайда қалар бар дәмім.

Жұмбақ (Диана)

Күзде піседі, Домалап түседі. (Алма)

VII. Дидактикалық ойын: «Дәмінен таны»

Балалардың көзін жұмғызып, кесілген жемістерден дәм татқызылады. Әр бала дәмі арқылы жемістің атын табады.

Ойынның мақсаты: сезім мүшелері арқылы ажырату дағдысын дамыту, сөздік қорын молайту және батыл жауап беруге үйрету.

Қорытынды

Сабақ соңында балалар күз мезгіліне алғысын айтып, күздің сыйлықтарын қабылдайды. Қонақтарға да дәм ұсынылады.