Қымбатты біздің ұстаз - азаматтар

Жалпы мәлімет

Аты-жөні
Өтегенова Набия Төлегенқызы
Туған күні
12.01.1985
Білімі
Жоғары
Мамандығы
Қазақ тілі мен әдебиеті және «Өзін-өзі тану» пәнінің мұғалімі
Еңбек өтілі
7 жыл
Мектебі
БҚО, Казталов ауданы, Казталов ауылы, Казталовка ОЖББМ

Мерекелік кештің жүргізуші мәтіні

7 мамыр — Отан қорғаушылар күніне арналған сценарий (өңделіп, әдеби тұрғыда реттелді).

Құттықтау сөзі

Кеш жарық, ардақты азаматтар, қымбатты әріптестер! Көңілдеріңізге көктем шуағындай сезім мен нұр құйып, 7 мамыр — Отан қорғаушылар күні де келіп жетті. Бұл айтулы мерекенің орны әрқашан бөлек. Себебі абзал азаматтарымызға деген ыстық ықылас, алғыс пен құрмет ешқашан сөнбейді. Олар — өмірдің мәні, көңілдің жыры, әр отбасының алтын қазығы.

Ендеше бүгінгі мерекелік кешіміз өздеріңізге арналады.

Жүрекке адалдықтың еккен гүлін,
Ғажайып келешектің төккен үнін,
Ардақты ағаларға шын көңілден
Жолдаймыз алғыс пенен сәлем бүгін.

Құрметті азаматтар, біздің мектептің ұстаздары, жігіттер! Сіздерді 7 мамыр — Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Отанға адал, елге қайырымды, отбасыға мейірімді болыңыздар. Жүректеріңіз оттай лаулап, жандарыңыз әрдайым жас болсын. Қайратты да мақсатты болыңыздар. Еңбектеріңізге табыс тілейміз!

Құттықтау сөз кезегін мектеп директоры А. А. Талпаховқа береміз.

Музыкалық нөмір

Тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды, тыныштығымыз бен бейбіт тірлігімізді қас қақпай күзетіп тұрған, халқымызға қорған болған ұлттық әскеріміздің айбыны арта берсін!

Орындаушы
Ғаббас Есенбике
Шығарма
«Көңіл ашар» күйі

Ардақты ағаларға арнау

Жете бер аңсап күткен тілегіңе,
Қылаудай дақ түспесін жүрегіңе.
Отанның, ел-жұртыңның мақтаны бол,
Алды бол қатарыңның бұл өмірде.

Осы орайда Альберт аға, Самат аға, Жасұлан аға, Махамбет ағаны шын жүректен құттықтаймыз!

Орындаушы
Жұмин Ниязбек
Ән
«Қазақ жігіттері»

Құттықтау және би

Қалыбың адамдықтың бір бұзбадың,
Ұяңнан түлеп ұшты ұл-қыздарың.
Өзіңнен өркен жайып, өнеге алған,
Тілейді сізге бақыт жұлдыздарың.

Ғарифолла аға, Бақберген аға, Исатай аға, Еділболат аға — мерекелеріңіз құтты болсын!

Мың бұралып билеген аруды кім сүймеген,
Күміс көмей аруларға кімдер басын имеген?

Орындаушылар
Құндыз, Маржан
Би
«Тойбастар»

Тілек пен алғыс

Аға ұрпақ пен жас буынның Отанымызды қорғап, қызметте айтулы үлес қосқанын біз әрқашан мақтан тұтамыз. Еліміздің өркендеуі жолында атқарып жатқан игі қызметтеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, мол бақыт және бейбіт ғұмыр тілейміз.

Мінезіңнің міні жоқ — майда қоңыр,
Бір жымисаң кетеді жайнап өңір.
Ризамыз пейіліңе, дархан аға,
Айырмасын шаттықтан қайран өмір.

Ғабит, Дәурен, Руслан, Сағындық сынды ұстаздарымызды айтулы күндерімен шын көңілден құттықтаймыз!

Күндеріңіз толсын гүлге, желекке,
Отбасында болсын ырыс-береке.
Құттықтаймыз шын жүректен сіздерді,
Өмір думан, бақ әкелсін мереке.

Орындаушы
Хибатова Наргиза
Аспап / шығарма
Қыл қобыз — «Арнау» күйі

Армия — ел қорғаны

Ел-халқына шат-шадыман күлкі мен тыныш өмір сыйлауда әскеріміздің атқарып жатқан қызметі ұшан-теңіз. Армиямыздың айбынын асқақтататын сардарлар мен сарбаздарымызға қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Жігіттерімізге амандық пен денсаулық тілейміз. Еңселеріңіз биік, мерейлеріңіз үстем болсын!

Себездеп алтын ара жан-жағыңнан,
Ту тіккен алаулаған арманыңнан.
Кеудеңде махаббаттың шоғы маздап,
Биіктен биіктерге самға, қыран.

Дархан, Жансерік, Асан, Айбек сынды жігіттерімізге таусылмайтын дәулет, арылмайтын бақыт тілейміз.

Кешіміз өтіп жатыр салтанатты,
Төгілген күн нұрының шапағаты.
Ортада биші қыздар би билейді,
Халайық, қол соғыңыз мархабатты.

Би
«Катюша»

Ұстазға тағзым

Қымбатты ұстаз-азаматтар! Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да — бәрі-бәрі ұстаздан білім мен тәлім алған. Сондықтан, ұлағатты ұстаздар, айбынды азаматтар, сіздерге бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді.

Ұстаздар — жақсылықтың жол ашары,
Қолыңда шәкіртіңнің болашағы.
Өмірді алға қарай өрлететін
Сендер ғой Ұлы Отанның болашағы.

Орындаушы
Кабир Әсем
Ән
«Ұстазым»

9 мамыр — Жеңіс күніне құттықтау

Құрметті халайық, баршаңызды келе жатқан 9 мамыр — Жеңіс күнімен құттықтаймыз! Бүгінгі мамыражай, тыныш өмір — аталарымыз қалыптастырған берік бірліктің нәтижесі. Ер жігіттің құл болмай, ару қыздың күң атанбай, халықтың бірлікте өмір сүруі — нақ солардың ерлігі арқасында!

Бұл мереке — батылдық пен ерліктің, қаһармандық пен елдіктің нышаны; Отанға деген сүйіспеншілік пен адалдықтың өлшемі. Құрметті ардагерлеріміз — болашақ ұрпақ үшін, егемен еліміздің тәуелсіздігін қорғаушылардың бәрі үшін жарқын үлгі болып қала бермек.

Аспанымыз ашық, еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!

Орындаушы
Кабир Әсем
Ән
«Ақ көгершін»

Қорытынды

Мамырдың мамыражай күндерімен, майда желімен келіп жеткен мерекелеріңіз тағы да құтты болсын, ардақты азаматтар! Өздеріңізге қонар бақтың баяндысын, бітер дәулеттің көл-көсірлігін, келер ырыстың ысырап болмауын, жүрек гүлінің мәңгі солмауын, шаңырақтарыңызға шаттық орнауын, Тәңірдің шексіз қолдауын тілейміз!

Демеңіз, біз өнерді аяп қалдық,
Мезгіл де біраз жерге таяп қалды.
Қош болып тұрыңыздар, көріскенше,
Осымен концертіміз аяқталды.

Сау-саламатта болыңыздар!