Microsoft Word мәтіндік редакторының қызметі

6-сынып информатика: Word мәтіндік процессорында практикалық жұмыс

Бұл сабақ Microsoft Word бағдарламасында жұмыс істеу дағдыларын бекітуге арналған практикалық сабақ ретінде ұйымдастырылады. Оқушылар жарыс форматында білімдерін тексеріп, деңгейлік тапсырмалар арқылы мәтін теру, пішімдеу және құжатты сақтау әрекеттерін тәжірибе жүзінде орындайды.

Сабақтың түрі

Практикалық сабақ

Әдісі

Жарыс сабағы, деңгейлеп оқыту

Көрнекілігі

Флипчарт, карточкалар

Пәнаралық байланыс

  • Қазақ әдебиеті
  • Қазақ тілі
  • Математика

Сабақтың мақсаттары

Білімділік

Microsoft Word тақырыбы бойынша білімді тексеру, редактормен жұмыс істеу ережелерін практикалық тапсырмалар арқылы бекіту, тақырыпты қорытындылау.

Дамытушылық

Алған білімді тапсырма орындау барысында қолдана білуге, қойылған мақсатқа жетуге дағдыландыру және пәнге қызығушылықты арттыру.

Тәрбиелік

Оқушыларды алғырлыққа, шапшаңдыққа, ұқыптылыққа және бірлесіп жұмыс істеуге тәрбиелеу.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру

  • Оқушыларды түгендеу.
  • Сабаққа назарын аудару, жұмыс тәртібін еске салу.

II. Үй тапсырмасын тексеру және жарыс сабағы

Сынып екі топқа бөлінеді, әр топтан топ басшысы сайланады. Сабақ бірнеше турдан тұрады: I топ — Word, II топ — WordPad. Әр дұрыс жауап немесе орындалған тапсырма үшін ұпай беріледі.

I тур — «Кім жылдам?»

Қай топ бірінші болып жауап берсе, сол топ 1 ұпай алады.

  1. Microsoft Word мәтіндік редакторының қызметі қандай?
  2. Microsoft Word бағдарламасын іске қосу жолы қандай?
  3. Мәтіндік құжатты пішімдеу дегеніміз не?
  4. Жасалған жұмысты қалай сақтаймыз?
  5. Жаңа құжат құру командасы қандай?
  6. Backspace және Delete пернелері не үшін қажет?

II тур — «Мен білімдімін»

Әр топ Microsoft Word терезесінің элементтерін бір параққа жазып шығады. Нәтиже тақтадағы дұрыс жауаппен салыстырылады. Әр дұрыс элемент — 1 ұпай.

III тур — «Артық сөзді тап»

Мәтіндік редакторға қатысы жоқ сөзді анықтау.

Сөздер
операциялық жүйе, мәтіндік процессор, абзац, пішімдеу, қиып алу, графикалық редактор, т.б.

IV тур — «Мақал-мәтелдер сайысы»

Әр топқа мақалдың жартысы беріледі. Оқушылар мақалдың жалғасын тауып, Word-та тез әрі қатесіз теріп жазуы керек. Бірінші әрі қатесіз орындаған топ ұпай қосады.

Мақал-мәтелдер (тапсырмаға арналған)

Нұсқалар

  • Туған елдей ел болмас, туған жердей жер болмас.
  • Өнер алды — қызыл тіл.
  • Ырыс алды — ынтымақ.
  • Көз қорқақ — қол батыр.
  • Ұрлық түбі — қорлық.
  • Денсаулық — зор байлық.
  • Еңбектің наны тәтті, қорқақтың жаны тәтті.

Ескерту

Мұғалім мақалдардың жартысын карточка түрінде таратады. Оқушылар жалғасын тауып, теру жылдамдығы мен қателіксіз жазуына қарай бағаланады.

Практикалық бөлім: деңгейлік тапсырмалар

1-деңгей: «Менің Отаным — Қазақстан» мәтінін теру

Төмендегі мәтінді теріп, файлды «Отан» атауымен сақтаңыз.

Қазақстан — ежелгі ел, бірақ әлемнің қазіргі картасынан ол таяуда ғана, яғни 1991 жылы орын алды. Біздің Отанымыз — егеменді, тәуелсіз Қазақ мемлекеті. Жүз жиырмадан аса ұлт өкілдері тұратын осы қасиетті мекенде, асқақ Алатаулы өлкеде, кеңшілігі керемет, дархан дастарқандай далада, егіні теңіздей толқыған, төрт түлігі мыңғырған, өндірісі өркендеген жерде өмір сүретін әрбір адам өз Отанын жанындай сүйіп, оның көк байрағын көкке көтеруді мақтаныш тұтады.

2-деңгей: А. Құнанбаев «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін жатқа жазу

Өлеңді Word құжатында мәтінді дұрыс теріп, жоларалық пен тыныс белгілерін сақтауға назар аударыңыз.

Ғылым таппай мақтанба

Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба
Ойнап босқа күлуге.

Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз.

Тілеуің, өмірің алдыңда,
Оған қайғы жесеңіз.

Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ —
Бес дұшпаның білсеңіз.

Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым ойлап қой —
Бес асыл іс көрсеңіз.

Жамандық көрсең нәфрәтлі,
Суытып көңіл тыйсаңыз.

Жақсылық көрсең ғибрәтлі,
Оны ойға жисаңыз.

Ғалым болмай немене,
Балалықты қисаңыз?

Болмасаң да ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз.

Ондай болмақ қайда деп,
Айтпа ғылым сүйсеңіз.

3-деңгей: шағын әңгіме жазу

Төмендегі тақырыптардың бірін таңдап, шағын әңгіме жазыңыз:

  • Менің Отаным
  • Менің сыныбым
  • Менің ең жақсы көретін пәнім
  • Менің досым

Сергіту сәті

2 минуттық дене және көз жаттығуларын орындау (видеоролик қолдану).

Жедел тест

  1. Word қандай редактор?
    A. Операциялық жүйе
    B. Графикалық редактор
    C. Мәтіндік редактор
  2. Қай перне арқылы бос орын ашылады?
    A. Enter
    B. Shift
    C. Бос орын пернесі
  3. Enter пернесінің қызметі қандай?
    A. Жаңа жолдан бастайды
    B. Жаңа беттен бастайды
    C. Жолдың соңына апарады
  4. Бас әріп теру үшін қай перне қолданылады?
    A. Ctrl
    B. Delete
    C. Shift
  5. Сандарды теру үшін қай перне (режим) қолданылады?
    A. Ctrl
    B. Num Lock
    C. Shift
  6. Word құжатының кеңейтілімі:
    A. Txt
    B. Doc
    C. Bmp

Осы тапсырмалардың қорытындысы бойынша жеңімпаз топ анықталады.

Қосымша тапсырмалар

1) «Информатика» сөзінен терминдер айту

«Информатика» сөзінің әр әрпінен басталатын, пәнге қатысты сөздер мен терминдерді мүмкіндігінше тез айту.

Мысалдар

  • И — информатика, информация, иілгіш диск, интернет, интерфейс
  • Н — ноутбук, номер, надпись
  • Ф — формат, файл, флешка, фигура, формула
  • О — орналастыру, орау
  • Р — реттеу, редактор, рисунок
  • М — меню, монитор, маус, маркер, модем
  • А — ақпарат, архивтеу, антивирус, абзац
  • Т — тақырыптық жол, тізім, термин, түс
  • И — информатика сабағының мұғалімі
  • К — компьютер, көшіру, клавиша, клавиатура
  • А — ақпараттандыру, айналдыру жолағы, адаптер, ашу, алмастыру

Бағалау өлшемі

  • Жылдамдық
  • Тақырыпқа сәйкестік
  • Терминдердің әртүрлілігі

2) Сөзжұмбақ

Берілген перне/ұғымдарға байланысты сөзжұмбақты шешу.

Сөздер қатары

WINDOWS CAPS LOCK ENTER DELETE

  1. Қазіргі кездегі компьютерде кең тараған операциялық жүйе.
  2. Үлкен/кіші әріп режимін ұзақ уақытқа ауыстыратын перне.
  3. Енгізуді (орындауды) растайтын перне.
  4. Меңзердің оң жағындағы таңбаны өшіретін перне.

Үй тапсырмасы, қорытынды және бағалау

Үй тапсырмасы

Word тақырыбы бойынша ребус құрастырып келу.

Сабақты қорытындылау

Турлар мен практикалық жұмыстар нәтижесі бойынша негізгі ұғымдар қайталанып, қорытынды жасалады.

Бағалау

Сабақ басында таратылған бағалау парағындағы ұпайлар негізінде оқушылардың қорытынды бағасы қойылады.