Тіл - ұлттың жаны
Тақырыбы: Тіл — ұлттың жаны
Тіл — халықтың рухани тірегі, ұлт болмысының ең терең өзегі. Көркем сөздің қуаты мен құдіреті ұрпақты ойға жетелейді, жүрекке жол табады, қоғамды біріктіреді.
Бұл мазмұнның негізгі мақсаты — қызыл тілдің құдіретін, халықтың рухани кәусар бұлағы саналатын көркем сөздің күшін, мәнін, дәрежесін және байлығын түсіндіру; оқушылардың интеллектуалдық ой-өрісін кеңейтіп, білім деңгейін көтеру; тіл байлығын арттырып, өз ойын анық әрі әсерлі жеткізуге үйрету.
Сонымен қатар жас ұрпақты Отанды сүюге, еліміздің рәміздерін қастерлеуге, туған жеріне, тіліне, тарихына сүйіспеншілігін күшейтуге тәрбиелеу — басты құндылық. Ұлтжандылық, инабаттылық, адамгершілік және патриоттық сезім — тіл арқылы орнығатын биік қасиеттер.
Мерекелік құттықтау және тарихи дерек
1-жүргізуші
Қайырлы күн, қадірлі ұстаздар мен оқушылар! Сіздерді келе жатқан Қазақстан Республикасы халықтарының Тілдер мерекесімен құттықтаймыз. Бұл — барша елге ортақ, жалпыхалықтық мереке, сондай-ақ барлық ұлт өкілдеріне көрсетілетін зор құрмет.
2-жүргізуші
1989 жылы 22 қыркүйекте Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңы қабылданды. Қазақ тілі — Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі.
Туған тіл туралы өлең шумақтары
Армысың, ардақты анам — қазақ тілім,
Бір өзіңнен тараған өнер-білім.
Құтты болсын бүгінгі тіл мейрамы,
Жарқын болсын әрқашан келер күнің.
Қазақ тілі — өз тілім, ана тілім,
Абай, Мұхтар сөйлеген дана тілім.
Қастерлейді ұл-қызың мәңгі сені,
Болашағым, бақытым, дара тілім.
Қазақ тілім — саялаған нұр бағым,
Қазақ тілім — ана тілім, ардағым.
Сен арқылы жетіп жатыр өмірге
Жан сырым да, тілегім де, бар арманым.
Туған тілім — бабам тілі, өз тілім,
Туған тілім — анам тілі, өз тілім.
Туған тілім — далам тілі, өз тілім,
Туған тілім — адам тілі, өз тілім.
Ойын барысы
Ұйымдастыру
- Сынып 3 топқа бөлінеді.
- Топ басшылары сайланып, әр топ өз атауын қояды.
- Әр топқа 10 сұрақтан қойылады.
1-кезең: «Кім жылдам?»
1-топ: Білімділер
1) Әліпбидегі 10-шы дыбыс қандай дыбыс?
Жауабы: Ж
2) Сөз таптары нешеу?
Жауабы: 9
3) Қосымша нешеге бөлінеді?
Жауабы: 2 (жұрнақ, жалғау)
4) Жалқы есімдер қалай жазылады?
Жауабы: Бас әріппен
5) Сын есімнің сұрақтары қандай?
Жауабы: «қандай?», «қай?»
6) Сөздің одан әрі бөлінбейтін, мағыналы бөлігі қалай аталады?
Жауабы: Түбір
7) «Ас» сөзіне жуық мәндес сөздерді ата.
Жауабы: Дәм, тамақ
8) Кейде дауысты, кейде дауыссыз болатын дыбыс қайсы?
Жауабы: У
9) Жауап алу мақсатымен айтылатын сөйлем қалай аталады?
Жауабы: Сұраулы сөйлем
10) «Көзқарас» қандай сөз?
Жауабы: Біріккен сөз
Негізгі ой: тіл — білім мен тәрбиенің, ұлттық рух пен бірліктің тірегі. Оны құрметтеу — өзіңді құрметтеу.