Әдепті бала
Мақсаты мен міндеттері
Мақсаты
Оқушылардың әдептілік пен әсемдік туралы түсініктерін кеңейту.
Міндеттері
- Өзара сыйластық қарым-қатынастың адам өміріндегі мәнін түсіндіру.
- Бірлесіп әрекет ету дағдысын дамыту.
- Өзара көмекке, ізгілікке тәрбиелеу және түсініктерін тереңдету.
Сабақтың барысы
Ұйымдастыру кезеңі
- Сәлемдесу.
- Тыныштық сәті: «Нұрға бөлену».
Үй тапсырмасы
12-сабақтағы «Бірлік» әңгімесін оқып келу.
Әңгімелесу: тақырыпты ашу
Сабақ тақырыбын ашу үшін «Бірлік» мәтінін оқуға болады. Бұл оқушылардың сезімін ұштауға, жақсылық пен өзара көмектің мәнін түсінуге ықпал етеді. Жақсылық жасау адамның жеке қасиеттерімен, қоғамдық ортаның әсерімен және оның болмысымен тығыз байланысты. Ең маңыздысы — жақсылық ішкі жан тазалығынан, адам пайымынан және шынайы ішкі қажеттіліктен туындауы.
Мәтін: «Бірлік»
Данияр мектептен келсе, үйдің алды омбы қар болып қалыпты. Ол тамағын ішіп, аздап демалды да аулаға шықты. Қорадан қол шанасын алып, оған талдан тоқыған қорапты таңып бекітті. Қолына күрек алды. Ауланың қарын тазартуға кірісті.
Қорапқа қар толтырып, шанамен сырғытып, оны алысқа апарып төгеді. Жалғыз өзі қанша қимылдаса да, ісі өнбеді.
— Данияр! Кел, мен саған көмектесейін, — деді көрші үйдегі досы Нариман. Нариман да қол шанасын сүйреп шығыпты. — Содан кейін бірігіп біздің үйдің алдын тазалайық, жарай ма?
— Жарайды, — деді Данияр қуанып.
Екеуі екі шанамен қар толтырып тасып, жұмысты тез аяқтады. Осыдан кейін Нариманның үйінің алдына келді. Бұларға көрші үйдегі Берік пен Серік қосылды. Төртеуі ойнап-күліп жүріп, қызу еңбекке кірісті. Олардың бұл ісіне үлкендер сүйсіне, қызыға қарады.
— Алақай! Екі сағатта бәрін бітірдік! — деп айқайлады балалар.
Осылайша, төрт дос күш қосып, төрт үйдің алдын лезде-ақ қардан тазартып шықты. Мұның аты — бірлік еді.
Талқылау сұрақтары
- 1 Әңгіме не туралы?
- 2 Басты кейіпкер кім?
- 3 «Бірлік» дегенді қалай түсінесіңдер?
- 4 Жалғыз істеген жұмыс пен көп болып жасаған жұмыстың айырмашылығы қандай?
Ойын-жаттығу: «Мақалды құрастыр»
Мұғалім ортадағы үстелге үй макетінің бөліктерін (іргетас, кереге, шатыр, есік-терезе) қатты қағаздан қиып, жайып қояды. Әр бөліктің арғы бетіне мақал-мәтелдің бір сөзі жазылады. Балалар сөздерді дұрыс құрастырып, мақалдарды толықтырып отырып, үй макетін жинайды.
Толықтыруға арналған мақалдар
- Бала тәрбиесі — ________ бесіктен.
- Адам — ________ әдебімен көрікті.
- Тәрбие басы — ________ тал бесіктен.
- Өзіңді өзің сыйламасаң — ________ өзгеден сый дәметпе.
- Үлкенді сен сыйласаң — ________ кіші сені сыйлайды.
- Әдепсіз өскен баладан — ________ тәртіппен өскен тал артық.
- Әдепті бала — ________ арлы бала.
Шығармашылық бөлім
Сахналау: «Бес нәрсеге асық бол»
Балалар өлеңді сахналап көрсетеді. Рөлдер оқушылардың қалауы бойынша бөлінеді.
Қатысушылар
- Мұғалім
- Қанағат
- Рақым
- Терең ой
- Талап
- Еңбек
Ән
«Мен әдепті баламын» — И. Нүсіпбаев.
Үй тапсырмасы және қорытынды
Үй тапсырмасы
66-бет: Н. Баймұхамедовтың «Айгөлек» әнін мәнерлеп оқып, жаттап келу.
Соңғы тыныштық сәті
Музыка әуенімен қысқа тыныштық сәтін өткізу.
Негізгі ой
Бүгін біз ізеттілік, бірлік, қамқорлық туралы сөйлестік. «Жалғыз ағаш орман болмас» деген нақылдың мәні осында: сыйластық бар жерде — қамқорлық бар. Жүрегіміздегі мейірім мен сүйіспеншілікті бір-бірімізге жылы сөзбен, нақты іспен жеткізейік.