Алтын күз суреті, көкөністер мен жемістер суреті
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Бекарыстан би ауылы
№24 мектептің бастауыш сынып мұғалімі — Мамбетжанова Бақыткүл Алдоңғарқызы
Сабақ форматы
Түрі: аралас сабақ
Әдісі: көрнекілік, сөздік
Сабақтың мақсаты
1) Білімділік
- Балалардың күз мезгілі туралы білімін тиянақтау.
- Күзге тән негізгі белгілерді түсіндіру.
- Күзгі еңбек түрлерімен таныстыру.
- Сөздік қорын байыту.
2) Дамытушылық
- Нан әзірлеуге қатысты еңбек үдерісін бейнелейтін сурет бойынша әңгіме құрастыруға үйрету.
- Жемістер мен көкөністерді пішіні мен түсіне қарай ажырату дағдысын дамыту.
- Олардың суретін салуға машықтандыру.
3) Тәрбиелік
- Астықтың дастарханға нан болып келу жолын түсіндіру арқылы үлкендердің еңбегін құрметтеуге тәрбиелеу.
- Қоршаған ортаны, табиғат өзгерістерін байқай білуге баулу.
- Әсемдік пен әдемілікке тәрбиелеу.
Көрнекіліктер
- «Алтын күз» суреті
- Көкөністер мен жемістердің суреттері
- Бидай бейнесі (жұмбақ шешуіне арналған)
Сабақтың барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
Таңертеңгі жиын
Балалар шеңберге тұрып, қол ұстасады. Бір-бірімен сәлемдесіп, жылы тілектер айтады.
Психологиялық дайындық (өлең)
Қыстың жақын қалғанын,
Жапырақтар білгендей.
Желмен ұшып барады,
Жерге қонып үлгермей.
Жапырақтар жамырап,
Сайға барып бекінді.
Анасынан ажырап
Қалған бала секілді.
Сұрақ-жауап
— Балалар, байқадыңдар ма, осы өлеңде жылдың қай мезгілі туралы айтылған?
— Күз мезгілі.
— Күз екенін қайдан білдіңдер?
Күзде күн суыта бастайды, жапырақтар сарғайып жерге түседі. Сары, қызыл, жасыл түстері жерде жатқан кілемшеге ұқсайды. Адамдар жылы киіне бастайды.
2) Күз айлары және күзгі еңбек
Күз мезгілінің айлары
- Қыркүйек
- Қазан
- Қараша
Қазір қазан айы. Бұл кезде жер жыртылып, күздік егін егіледі. Егін шыққан соң суарылады. Егін піскенде оны жинап алады.
Егінді қалай жинайды?
Егінді комбайнмен орады. Бидайды машинаға салып, қырманға әкеліп төгеді.
Қысқа сергіту
Құлпыра берші кең дала,
Гүліңді мен терейін.
Жапырағыңмен жасыршы,
Қойныңа мен енейін.
3) Жұмбақ: астықтың сыры
Мұғалім жұмбақ жасырады:
Желі басында бес бие,
Бесеуі де жас бие.
Құлындары құла, ала,
Құлақтары сары ала.
Жауабы: бидай.
4) Нан дастарханға қалай келеді?
Нан дастарханға дайын күйінде келуі үшін көп еңбек жұмсалады. Көктемде егіс егіліп, суарылады. Күзде егін жиналып, астық тазартылады да қамбаға құйылады. Бірақ мұнымен іс аяқталмайды:
- Тазаланған бидай диірменге тартылып, ұнға айналады.
- Ұн наубайханаға жеткізіледі.
- Су, тұз, май, ашытқы қосылып қамыр иленеді.
- Қамыр пісіріліп, дайын нан алынады.
- Нан дүкендерге тасымалданады.
- Дүкеннен сатып алынған нан дастарханға қойылады.
Түйін
Нан — үлкен еңбектің жемісі. Сондықтан оны қадірлеу керек: үгітпей, шашпай, ысырап етпей жеу қажет. Үлкендердің еңбегін бағалай білу — тәрбиенің негізі.
5) Мақал-мәтелдер: еңбек пен жер туралы
- Жер — байлықтың көзі.
- Күте білсең, жер жомарт.
- Жері байдың, елі бай.
- Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей.
6) Күзгі өнімдер: жемістер мен көкөністер
Жемістер
Алма, алмұрт, шие, жүзім, қауын, өрік, бүлдірген.
Көкөністер
Сәбіз, картоп, пияз, асқабақ.
Оқушылар «Не артық?» ойынын ойнайды. Сондай-ақ апта күндерін қайталайды: дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі, жұма, сенбі, жексенбі.
7) Күз туралы тақпақтар
Күзім-ау, күзім-ау,
Мінезің бұзық-ау.
Жаңбырың сіркіреп,
Келгенің қызық-ау.
Жайдарлы күз, жарқын күз,
Аяулы күз, алтын күз.
Дәнге толы ен далам,
Дариядай шалқар күз.
Күздің қазан айында
Алма, алмұрт піседі.
Жапырақтар сарғайып,
Сыбдыр-сыбдыр түседі.
8) Сурет бойынша әңгіме құрастыру
Суретте күз мезгілі бейнеленген: егіс даласында тракторлар жүр, адамдар еңбек етіп жатыр, дән тасымалдануда.
Шағын мәтін
Мен алмұртпын, алмұртпын. Ауызындамын бар жұрттың.
Шағын мәтін
Мен жүзіммін, жүзіммін. Моншақ болып тізілдім.
Шағын мәтін
Мен өрікпін, өрікпін. Табиғатқа көрікпін.
Қорытынды сұрақ
Жемістер мен көкөністер қандай пішінге ұқсайды? Домалақ, сопақша.
Сабақты қорытындылау
Оқушылар сабаққа белсене қатысты. Нанның дастарханға қалай келетінін, күзде қандай жемістер мен көкөністер пісетінін, сондай-ақ күзгі еңбек түрлерін қайталап, бекітті. Сабақ аяқталды.