Жаяу Мұса өлеңі
Өтежан Нұрғалиевтің өмірі мен әдеби жолы
Жерлес жазушы, көрнекті қазақ ақыны Өтежан Нұрғалиев биыл 70 жасқа толды. Ол 1938 жылдың 15 тамызында Байғанин ауданы, Ақжар ұжымшарында дүниеге келген. 1964 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдап, «Жалын» баспасында редактор, Қазақ телевизиясында қызметкер болды.
Негізгі жинақтары
- Менің махаббатым (1962)
- Ақ нөсер (1968)
- Нөсерден кейін (1969)
- Кәмелет (1971)
- Ай астында ақ боз үй (1972)
- Қайыңды тоғай (1973)
- Соғыстың соңғы жазы (кітап)
Қазақ поэзиясына өзгеше құбылыс болып келген ақынның кітаптары оқырман тарапынан жоғары бағаланды. Оның поэзиясы алдын ала қалыптасқан өлшемге сыймайтын дара мінезімен, табиғи ағынымен, ойының тосын бұрылыстарымен ерекшеленеді.
Оқырман үні: ақын туралы пікірлер
1-оқушының пікірі
Өтежан аға — өз бағасын баяғыда алған, қазақтың ұлы ақындарының бірі. Көзі тірісінде-ақ аңызға айналған сирек тұлғалардың қатарында. «Соғыстың соңғы жазы» арқылы ол типтік тұлғалардың жалпы қазаққа ортақ тұтас галереясын жасады. Ал «Афины мектебі» көпшілікке жеңіл оқыла бермейтін, философиялық салмағы зор шығарма екенін ашық айту керек: әлемдік философия мен әдебиетті бірдей меңгерген оқырман көп емес.
Әдетте бізде ақынның алдын ала жасалған бір «қалып» бейнесі болады. Өтежан Нұрғалиев сол қалыпқа сыймайды: өзіне ғана ұқсайды. Оны ешкім дәл қайталай алмайды — еліктегіміз келеді, бірақ қолымыздан келмейді.
2-оқушының пікірі
Қасиетті Байғанин өңірінен қазақ өлеңінің топырағын құнарландырып, көкжиегін кеңіткен талантты ақындар көп шықты. Соның бірі — Өтежан Нұрғалиев. Ол жасандылықтан ада, жатық та табиғи, төгілмелі әрі өрісі кең өлеңдерімен жырсүйер қауымның ықыласына бөленді. Алғашқы махаббат, бақытты да баянсыз жастық, даланың көз жауын алатын суреттері қанық бояумен қайта тірілгенде, оқырманның ризашылығын жасыру қиын.
Алпысыншы жылдары жарқ етіп шыққан ақын сол биіктен түскен жоқ: өлеңсүйер жұрт оның әр кітабын асыға күтіп, іздеп жүріп оқыды.
Өлеңнен үзінділер
«Жауынның алдында» (үзінді)
Бұлттарды сабап күйініп, Найзағай әбден шаршады. Жібермей бұлтты иіріп, Кемпірқосақ қоршады... Нөсерлі еді найзағай, Шыбыртқы соққан шартылың. Бұлттарды түріп айдамай, Қуатың қайда, жарқыным!? Тіл қатты таулар осылай Аспанның найзағайына: Қаһары келіп найзадай, Таулардың қайрағанына. Ашумен жұлып кетті де Жартысын кемпірқосақтың, Қосақтап қойған тамшыны Қылышпен кесіп босатты. Шөлдеген жерді шолғандай, Тамшылар бір сәт бөгелді. Енесін көріп қалғандай, Жамырап жерге жөнелді.
3-оқушы: «Сағындым, анам мен сені» (үзінді)
Алдымда биік таулар бар, Таулар биік, еңселі!.. Самал жел соқты сайлардан, Сағындым, анам, мен сені! Көгілдір көкте қыран жүр, Мекендеп бұлттың ар жағын. Жан анам — аты бұл әннің, Әнімді саған арнадым! Келемін алыс аймақтан, Жылдарды желге қалдырып. Сағындым асыл анамды, Тауларды айттым ән қылып. Алтын күннің нұрымен Бұлттарға жаздым жандырып: Мәңгілік өмір сен сүрсең, Сағына берем мәңгілік.
4-оқушының пайымы
Әсіресе, төрт жинақтан түзілген «Соғыстың соңғы жазы» кітабын жұртшылық жеңсік асындай қабылдады. Ақынның «Менің махаббатым», «Ақ нөсер», «Нөсерден кейін», «Кемпірқосақ», «Ай астында ақ боз үй», «Қайыңды тоғай», «Таңдамалы», «Соғыстың соңғы жазы», «Тыныштық», «Афины мектебі» секілді жыр кітаптары қазақ өлеңін мың сан бояумен байытып, деңгейін бір саты көтерді.
Өтежан ақынның тума жырлары өзінен кейінгі қаламгерлерге қатты әсер етті: сол бұлақтан қанып ішкендер уақыт өте өз арнасын тапты, нәзік шыбықтай болып өрген жас таланттар бәйтерекке айналды.
Ақын мінезі, халық ықыласы және туған жерге оралу
5-оқушы: қалыпқа сыймайтын ой, дара үн
Жұматай Жақыпбаев Мұқағали туралы өлеңінде «Өлекселер қашатын тірілерше, өксіп жүрген өлеңнің тілі келсе» дейді. Бізше, осы теңеу Өтежан Нұрғалиевке де келетіндей. Қалыпқа сыймайтын ой-пікірлері кей адамға ұнамағанымен, бұқара арасында ол әрдайым ерекше ілтипатқа ие болды. Сұхбаттары шыққан газет-журналдарды жұрттың іздеп жүріп оқитыны да содан.
Өлең жолдары (үзінді)
Мен не берем? Ақ көшемін арымменен, Аспаныңды бояйтын жалын берем. Көктеміңнің төсіне гүл боп қонам, Базар болып бойдағы барымменен. Оранып ап үлде мен бүлделерге, Кемпірқосақ төгемін шілделерге. Бұлбұлдарға бітпеген салтанатпен Күй шертемін, тотыдай түрленем де. Көкірекке керемет енсе енді, Сол енген күй тек саған сүйенсе еді. Майыспайтын терегім — туған халқым, Саған ғана сенемін, сүйем сені!
Төбегең: кіндік кесілген қоныс, қырық бұлақ
Бұдан соң жұртшылық Төбегеңге барды. «Мынау тақырланған жер — Өтежанның үйінің орны. Дәл осы жерде 70 жыл бұрын, 15 тамызда, қазаққа белгілі Өтежан ағаларыңның кіндігі кесілген. Кезінде бұл жер шабындық еді, қазір жиде өсіп, орманға айналып жатыр. Анау жақта беріректе бұлақтың көзі ашылды. Өтежан сонау 3–4 шақырым жердегі Жарқамысқа жаяу қатынап оқитын. Мына мүйісте аталарымыздың аты берілген Кәдірқұл бұлағы бар: сабаққа жүгіріп бара жатып, сол бұлақтан су ішіп алатын», — деп әңгімеледі ақынның құрдасы Асау ақсақал.
«Осы жерде қырық бұлақ бар. Жер бетінде бұдан артық қасиетті жер жоқ. Бұл Төбегеңнің атын шығаруға тиіспіз», — деген ой айтыла келе, Өтежан ақын өзі де: «Бұл өлеңімді осы жерде 18 жасымда жазған едім», — деп еске алды.
Жүргем жоқ Төбегеңде жалғыз болып, Ымыртта түндігіме байғыз қонып. Болса да жасы кіші, жаны құрдас, Ойнайды ерке өлеңім балдыз болып.
Туған өлке — өлеңнің өзегі
6-оқушы: «Барсаң, сәлем айта бар Байғанинге!» (үзінді)
Ө. Нұрғалиев өлеңінің топырағы да, тақырыбы да — өз елі, өз жері, тіпті өз ауылы. Ақын туған өлкені сағынышпен, әзілмен, шындықпен қатар тербеп жырлайды.
Ақ қағаздан қорқушы ем, нүктесі жоқ, Айдалаңнан қорқушы ем, бүкпесі көп. Нүктесін де көп көрдім, бүкпесін де, Маған сірә, бұл жердің өкпесі жоқ. Ерғараның иесіз орманында Таңды көрдім Ақтамда қонғанымда. Күнді көрдім мен тұңғыш құмға батқан Қызыл жирен Құмсайдың ар жағында. Атты көрдім аяғы тұсалмаған, Құсты көрдім аспанға ұша алмаған. Айдын көлдің аққуын сонда көрдім: Құшамын деп, құшам деп, құша алмаған. Өтті-кетті жасық боп — жыламаймын, Өткен күнді еске алам, сынамаймын. Жемнің арғы бетінде құлан құсап, Жылқылары жүр ме екен Жұмабайдың? Жауды көрсе әлі де ақия ма, Тар болмай ма жетпіс жас тақияға? Бір тай мінер уақытым болды менің, Барсаң, сәлем бере шық Жақияға. Сәлем беріп, мен болып тайға мін де, Барсаң, сәлем айта бар Байғанинге. Анда-санда құлап сап жүр дегейсің, Жүргенде жоғалмай қалған үнге.
Арнау өлеңдер: Абай, Ыбырай, Жаяу Мұса
7-оқушы: Абай туралы толғаныс (үзінді)
Ол қалдырған күй даланы кернейді, Ұшқан аттай құс қанатын сермейді. Тыңдар құлақ тығындалып қалмаса, Басқа өлсе де Абай сөзі өлмейді. Омырауды бояп аққан жас құсап, Өткен сөзге жаңа мезгіл — аш құшақ. Біз жетпейтін замандарға жетсін ол, Жұлдыздардан жеткен бізге тас құсап.
8-оқушы: «Ыбырай» (үзінді)
Алтынсың сен қазаққа, Ыбырайсың, Кеше туған жұлдыз ең, бүгін айсың. «Кел, балалар, оқылық, оқылық!» деп, Ғасырлардың үстімен зымырайсың. Хат тануға жетер деп аз ғана күй, Тарылғанда ететін талғажау — үй. Кембағылдың ашсын деп көкірегін, Сені оқытқан ер екен Балғожа би! Қолдарыңнан сенің көп жұмыс кеп тұр, Жолдарыңнан сендердің ырыс кеп тұр. Абай, Шоқан, Ыбырай — бір кеңседе: Бірі ақын, бірі поручик, инспектор. Үшеуің үш торапта жанып апсың, Төрінде тарихтың қалып апсың. Белгісі қазақтықтың — үш кемеңгер, Үшеуің бір-біріңді танымапсың.
9-оқушы: «Жаяу Мұса» (үзінді)
Ақынның кей мінезі баладай-ау, Ән салса ол — қала да ояу, дала да ояу. Болғанмен аты «Жаяу» — Жаяу Мұса, Ұқсайды болмағанға қара жаяу. Не жетсін ат шіркінге желіп кетер, Желіп кетсең қайғыны бөліп кетер. Намыстың құлы болған Жаяу Мұса «Жаяусың» деген сөзден өліп кетер. Әрине, тағдыр басқа, дарын басқа, Ат түгіл кетер қолдан қарындас та. Атыңды тартып алған арсыздарға Ант еткенде шығарсың жалынбасқа. Бұл — қазақ берген дарындар: Дарыннан сөнбейтұғын жалын қалды. Атынан айырылған жалғыз жаяу — Артында аңыз болған әкең қалды.