Ауызша диалог оқытқызу
Сабақ топтамасы: Алакөл туралы мәтіндер (Қазақ тілі, 8-сынып)
Бұл материал үш сабаққа арналған жоспар мен мәтіндерден тұрады. Негізгі бағыттар: жаңа сөздерді меңгерту, мәтінмен жұмыс, ауызекі сөйлеуді дамыту, грамматиканы (етістік, көмекші етістік) тапсырмалар арқылы қолдану.
Сабақ 1
«Алакөл» атауының мағынасы
Мәтін арқылы сөздік қорды байыту, аударма және синтаксистік талдау.
Сабақ 2
Алакөлдегі өсімдіктер мен құстар
Қорық туралы ақпараттық мәтін, функционалдық сауаттылық және шағын мәтін жазу.
Сабақ 3
Тұзды ағынсыз көл. Көмекші етістік
Айтылым, көшіру, сұрақ қою, жоспар құру дағдылары.
1) «Алакөл» атауының мағынасы
Негізгі мәтін
«Алакөл» атауы ежелгі түрік және моңғол сөздерінен аударғанда «ұлы көл» немесе «таулы көл» деген мағына береді. Көл суының түсін бір қарағанда анықтау қиын. Ұсақ көлдердің түсі алуан түрлі болады. Мысалы, Сасықкөл — көгілдір түсті, Қоржынкөл — сұрғылт, Қылытұз — сары. Жергілікті тұрғындар көлдің пішіні, түсі мен көлемі әртүрлі болғаны үшін оны Алакөл деп атап кеткен.
Мақсаты
- Мәтінге қатысты жаңа сөздерді меңгерту арқылы оқушылардың сөздік қорын байыту.
- Тақырып бойынша ауызекі сөйлеуге дағдыландыру, қарым-қатынас тілін дамыту.
- Грамматиканы тапсырмалар барысында қолдану біліктілігін қалыптастыру.
Ұйымдастыру кезеңіне арналған шағын өлең
Қуанамын мен де
Қуанасың сен де
Қуанамыз бәріміз
Арайлап атқан күнге
2) Алакөлдегі өсімдіктер мен құстар
Мәтінмен жұмыс (Алакөл мемлекеттік табиғи қорығы)
Алакөл мемлекеттік табиғи қорығы Тентек өзені сағасының табиғатын және Алакөл аралдарындағы сирек кездесетін жануарларды сақтап қалу мақсатында ұйымдастырылған. Қорық Алматы облысының Алакөл ауданы мен Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында орналасқан. Аумағы — 20 743 га. Қорық аумағы 7 телімге бөлінген.
Қорықта өте сирек кездесетін реликті шағаланың ұя салып, балапан өрбітетіні қазақ орнитологы Е. Әуезовтің 1968–1969 жылдары жүргізген ғылыми жұмыстары кезінде анықталған. Қорық аумағындағы аралдар құстардың топталып ұя салуына өте қолайлы. Сондықтан қорықты нағыз «құс базары» деп атауға болады.
Жануарлар дүниесі
- Балықтар15 түр
- Қосмекенділер2 түр
- Бауырымен жорғалаушылар14 түр
- Құстар330 түр
- Сүтқоректілер21 түр
- Инеліктер34 түр
Өсімдік жамылғысы
Қорық өсімдік жамылғысына да бай: мұнда өсімдіктің 270-ке жуық түрі өседі.
Қазақстанның Қызыл кітабына құстардың 15 түрі (бұйра бірқазан, қалбағай, қара дегелек, безгелдек, дуадақ, үкі және т.б.), сондай-ақ балқаш алабұғасы енгізілген.
Қорықта жеті тақырыптық жоба бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі. Сонымен қатар «Табиғат жылнамасы» жазылады. Табиғат мұражайы жұмыс істейді, шағын дендрарий ұйымдастырылған. Қорық шекарасында ұзындығы 2 км болатын қорғаныш белдеу салынған. 2004 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Үкіметі мен БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігінің біріккен ұзақ мерзімді жобасы іске асырылды. Алакөл қорығының туризмді дамытудағы маңызы зор.
Оқу әрекеттері
Бекіту
- Мәтінді ауызша оқыту.
- Сұрақтар қойып, жауаптарын жаздыру.
- Негізгі және көмекші етістіктерді пайдаланып, Алакөл туралы шағын мәтін жаздыру.
Үй тапсырмасы
7-бет, 2-тапсырма: диалогты оқу.
Қорытынды жұмыс
Сөзжұмбақ құрастыру, бағалау.
3) Тұзды ағынсыз көл. Көмекші етістік
Негізгі мәтін
Алакөл — тұзды ағынсыз көл. Ол Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының шекарасында орналасқан. Көлдің оңтүстік-шығыс жағында Жоңғар қақпасы бар. Батыс жағында Көктұма ауылы орналасқан, ол қазақ-қытай шекарасынан 80 шақырым жерде. Шығысында Қабанбай ауылы бар. Қабанбайдың шығысында 15 шақырым жерде Барлық-Арасан курорты орналасқан.
Алакөлде курорттық демалыс орындарының орналасу себебі — суының минералдарға бай болуында. Оның құрамында Менделеев кестесіндегі элементтердің басым бөлігі кездеседі, ал құрамы жағынан Қара және Өлі теңіздерге ұқсайды. Сондықтан бұл аймаққа келетін демалушылар емдік туризммен шұғылданады.
Тапсырмалар
3-деңгей
- Мәтін бойынша бірнеше сұрақ құрастырыңдар.
- Мәтінге жоспар құрыңдар.
2-деңгей
Бос орынға тиісті сөздерді қойып жазыңдар:
- Алакөл — __________ ағынсыз көл.
- Ол __________ облыстарының шекарасында орналасқан.
- Алакөлде курорттық демалыс орындарының орналасу себебі — суының __________ бай болуында.
Рефлексия
Білдім
Жаңа ақпарат пен терминдерді қорытындылау.
Білгім келеді
Қосымша сұрақтар мен қызығушылықтарды белгілеу.
Білмедім
Түсініксіз тұстарды анықтап, келесі қадамды жоспарлау.
Автор туралы мәлімет
Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының Боровской облыстық санаторлық мектеп-интернаты.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі: Алғалиева Гүлжанат Сұлтанқызы.
Ескерту
Мәтін редакциялық тұрғыда түзетіліп, тыныс белгілері мен орфографиясы біріздендірілді. Бет нөмірлері оқулыққа сілтеме ретінде сақталды.