Бізге ертегі боп көрінетін соғыс жайында сұрағанымда жанарына бір мұң ұялап, терең күрсініспен сөзін іркіп - іркіп бастайтын
Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды
Соғыс — адамзат жадындағы ең ауыр сынақтардың бірі. Оның жаңғырығы әр отбасының тағдырына, әр ұрпақтың санасына із қалдырды. «Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды» деген сөз — өткенге тағзым ғана емес, бейбіт күннің бағасын ұғындыратын аманат.
Жоспар
- Болмасын соғыс, болмасын.
- Қан майданға аттанды сол жылдары менің де атам.
- Соғыс өрті шарпымасын даламды.
Жойылсын жалғыз сөз — «соғыс» деген. Оқ даусы мәңгілік өшсін. Бомбаның орнын тегістеген күректер музейге қойылсын.
Соғыс... Қандай суық сөз. Сол сұрапыл жылдарда қанша азамат жер құшты, қанша бала әкесінен айырылды, қанша ана баласынан айырылды, қаншама үй тірегінен айрылды. Ауылдан сән, өмірден мән кетіп, дүние сұрқай күйге түсті. Соғыс миллиондаған адамның өмірін қиып, жүздеген қала мен елді мекенді қиратып, күл-талқан етті. Сөйтіп, ол әр шаңырақтың өміріне жазылмас жара қалдырды.
Ұлы Отан соғысы: қасірет пен ерлік
Ұлы Отан соғысы — Кеңес Одағы халықтарының тарихындағы қасіретті кезең ғана емес, сонымен бірге теңдесі жоқ ерлік пен қажыр-қайраттың, бірлік пен төзімнің дәлелі. 1941 жылдың 22 маусымында фашистік Германия КСРО-ға опасыздықпен шабуыл жасап, сол күні-ақ халық Отан қорғауға шақырылды. Майдан даласына көптеген қазақ азаматтары да болашақ ұрпағының тыныштығы үшін аттанды.
Менің атам — Сәрсенов Жеңсікбай Аманұлы
Өмірбаян
- Туған жылы: 1926 жыл, 1 қаңтар
- Туған жері: Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Қарашоқат бекеті
- Шыққан ортасы: шаруа отбасы
- Әскерге алынғаны: 17 жасында
Майданға аттану
Атам 1943 жылы соғысқа аттанған. Алғашында Орынбор қаласында екі ай бойы мылтық атуды үйреніп, әскери дайындықтан өткен. Сол жылы Минск түбіндегі шайқастарға да қатысқан.
Ол кісі тірісінде балаларына ақыл-өсиетін аямай айтып, білгенін санасына сіңіруге тырысатын. Соғыс жайлы сұрағанда жанарына мұң ұялап, терең күрсініп, сөзін үзіп-үзіп бастайтын еді.
Атамның естелігінен
«Балам-ау, соғыс жақсы емес қой. Әскерге 1943 жылы аттандым. Екі айдан соң 95-полкке жіберді, біз шамамен екі жүзге жуық бала болып бардық — бәріміз де өте жас едік.
Москвадан шығып, Воронеж қаласына жақындағанда немістің алты ұшағы составты атқылап, көп адамымыз шығынға ұшырады. Қалғанымызды — жаралысы бар, сауыс бар — қалың тоғайдың арасымен жаяулатып екі күнде 127-полкке жеткізді.
Үш күн өткен соң командиріміз мені дивизияға жіберіп, пулеметші қылды.»
Соғыстан кейінгі ауыр кезең
Соғыс зардабы ешкімге ес жиғызбады. 1945 жылы соғыс аяқталғанымен, соғыстан кейінгі жылдар ең қиын кезеңдердің бірі болды. Бірі жаралы оралса, талай үйге күн сайын қара қағаз келіп жатты. Атам кейде көзін бір нүктеге қадап, үнсіз қалатын — бейне бір майдан көріністері көз алдында кино лентасындай қайта жүгіріп өткендей.
Елге оралу, еңбек, ұрпақ
Елге аман келуі
Атам 1950 жылы елге аман-есен оралып, үй-іші үлкен қуанышқа кенелген. Ауылға келген соң теміржол саласында еңбек етіп, жұмыстың бел ортасында жүрді.
Отбасы
1952 жылы Жеңсікбай атам Шүкен әжеммен шаңырақ көтеріп, ел сыйлаған үлгілі отбасылардың біріне айналды. Үш ұл, екі қыз тәрбиелеп, барлығын оқытып, азамат болып қалыптасуына үлес қосты.
Еңбек жолы мен құрмет
- Қарашоқат бекетінде кезекші қызметін атқарды.
- 1979 жылы жол жөндеуші болып еңбек етті.
- 1985 жылы зейнеткерлікке шықты.
- Отбасы үлкен әулетке айналып, бүгінгі күні 21 немере, 13 шөбере сүйіп отыр.
Жеңіс күні — мәңгілік тағзым
Жыл сайын көктеммен бірге келетін Жеңіс мерекесінде атам омырауы медальға толып, жиындарға қатысып, жас ұрпаққа батасын беріп отыратын. Уақыт зулап өте шығады екен: ол күндер енді қайта оралмайды.
Сағыныш пен аманат
Ақыл-кеңестің таусылмас қазынасындай, үйдің төріндегі тау тұлғалы атам 84 жасқа келгенінде, 2010 жылы бұл дүниеден мәңгілік сапарға аттанды. Бұл қаза жаныма қатты батты. Содан бері әр күнімде атамды еске алып, сағынышымды басамын.
Бейбітшілік — бәріміздің тілегіміз
Бүгін біз болашағы жарқын, бағыты айқын тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз. Бұл азаттықтың қалай келгенін бүгінгі ұрпақ біледі. Әлемде бірлік бұзылып, береке қашқан шақта тату-тәтті ғұмыр кешіп отырғанымыз — шынайы бақыт.
Тәуелсіздік — Отанымызға берілген Тәңірдің сыйы. Аналар да, балалар да жыламасын. Даламыз жұтамасын. Ұланғайыр кең даламызды соғыс өрті ешқашан шарпымасын. Бұл — адамзаттың ортақ арманы. Бейбітшілік жасасын!