Қазақ биі

Мақсаты

Балаларға қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен әдет-ғұрпында ерекше орын алатын Наурыз мейрамының мәнін түсіндіру. Табиғат пен адамның өзара байланысын баланың жас ерекшелігіне сай, балаларды белсенді қатыстыра отырып ұғындыру.

Көрнекілігі

  • Нақыл сөздер
  • Ұлттық айшықтардың суреттері

Сахналық көрініс

Залдың безендірілуі

Кең зал іші күмбірлеген күйге толы. Ортада дөңгелек үстел қойылған, үстінде тостағандар мен ұлттық ыдыстар. Қазақтың ұлттық киімін киген тойлы ауылдың көрінісі жасалады.

Ой өзегі

Наурыз — күн мен түн теңеліп, қар еріп, көк шыға бастайтын көктем мерекесі. Халық бұл күнді жаңа жылдың басы, «Ұлыстың ұлы күні» деп ақ тілектің, береке мен бірліктің нышаны ретінде қарсы алады.

Кештің барысы

Жүргізушілердің кіріспесі

1-жүргізуші

Құрметті ұстаздар, ата-аналар, балалар! Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде ертеден тойланып келе жатқан мерекенің бірі — Наурыз. Бұл — күн мен түн теңеліп, қар еріп, көк қылтиып шығатын көктем айының қуанышы.

2-жүргізуші

Сондықтан Наурыз күнін жұрт ежелден жаңа жылдың басы деп, «Ұлыстың ұлы күні» деп жақсы тілекпен қарсы алған. Ендеше, жер әлемді жайнатып, құстарды сайратып, Наурыз тойын тойлатқан Ұлыстың ұлы күні келді!

Екеуі бірге

Тойларыңыз құтты болсын! Ақ мол болсын! Бәле-жала жерге енсін!

Оқушылардың өлең-жырлары

1-оқушы

Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар!
Той дабылын қағып тұрған мұнда біз бар!

2-оқушы

Наурыз тойы басталды,
Бір орында тұрмаңдар,
Қызықтан құр қалмаңдар!

3-оқушы

Айтып шаттық өлеңін,
Алақай дер күн бүгін.
Түсіндіріп себебін,
Берер екен кім мұның?

4-оқушы

Жас-кәрінің, ұл-қыздың
Той думаны, сайраны —
Жиырма екісі Наурыздың —
Бізде Наурыз мейрамы.

Ақ әженің келуі

Осы кезде залға күй ырғағымен немерелерін ерткен Ақ әже кіреді. Немерелері әжені ортаға алып, би билейді.

Ақ әже

Қашанда құт-береке орнасын деп,
Тойларда шашу шашу — салтым менің.
Уа, халайық, теріп ал, тәттіні де,
Қабыл болсын халқымның ақ тілегі!

Наурыз келсе — құт келгені, халайық!
Есік ашып, шашу шашып,
Ел болып қарсы алайық!

Ұлыс оң болсын!
Ақ мол болсын!
Қайда барсаң — жол болсын!

Уа, ағайын, туысқан,
Наурыз күні туды шығыстан.
Сол тойға келдім шақырып,
Ат терлетіп алыстан.

Ақ түйенің қарны жарылды,
Наурызды елім сағынды.
Асыққын сен де сол тойға —
Барлық жұрт мұнда ағылды.

Келіңдер, Наурыз тойға бәрің бүгін,
Аямас өнерпаздар ән мен жырын.
Тойлайық халық тойы — Наурызымның
Шуақ боп жерге төккен бақыт күнін.

Келіңдер, Наурыз күнін қарсы алайық,
Билейік, жыр жырлайық, ән салайық.
Қаһарлы қыстан өтіп Наурыз келді —
Арқаңды кеңге салшы, уа, халайық!

Ән

«Тойға шашу»

Жыл басын қарсы алу

1-жүргізуші

Қанеки, қарсы алайық жылдың басын,
Қосылып жасқа — жасың, басқа — басың.
Барайық келер жылға төрт көз түгел,
Аман боп алыс-жақын, кәрі-жасың.

(Жыл басы — Жыланды қарсы алу көрінісі.)

Жыл басы

Мен келдім, міне, ортаңызға,
Амандық тілеп баршаңызға.
Саулық берсін деймін бәріңізге,
Жеткенше, ағайын, Жылқы жылға.

2-жүргізуші

Наурызға бүгін міне ағылды жұрт,
Күттіріп барша жұртымды сағындырып.
Аттаған есігімнен жаңа ғана,
О, Жылан, құтты келдің, жоғары шық!

Бас қонақ өзіңсің ғой осы тойда,
Отыршы төрімізге, көрпе жай да.
Жыланды алғаш рет қарсы алған бүлдіршін
Көрсетсін өнерін осындайда.

1-жүргізуші

О, Жылан жылы! Сені күткен бүлдіршіндер — өнерлі, өжет. Ендеше, олардың өнерін тамашалайық.

Көркем номер

Қазақ биі

Келіңдер, Наурыз күнін қарсы алайық,
Билейік, жыр жырлайық, ән салайық.
Қаһарлы қыстан өтіп Наурыз келді —
Арқаңды кеңге салшы, уа, халайық!

Автор туралы

Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, №19 ЖОББМ-нің бастауыш сынып мұғалімі — Дамира Избасарова Наримановна.