Отбасының тұрпаттары

Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы

Жаңақорған аграрлық-технологиялық колледжі, тарих–география пәнінің мұғалімі: Ибадуллаев Махамбетхали

Сабақ тақырыбы

Отбасы және қоғам

Сабақтың мақсаты

Білімділік

  • Отбасы құрудың негізгі мақсатын түсіндіру.
  • Некеден тыс қалу: себептері мен салдарларын талдау.
  • Отбасы түрлерін ажырату (моногамды және полигамды).
  • Отбасының міндеттері мен қызметтерін жүйелеу.
  • Ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынас мәдениетін талқылау.
Сабақ түрі: аралас Әдістер: сұрақ-жауап, ойталқы, есеп, ойын Құндылықтар: отбасы, сенім, жауапкершілік

Сабақ барысы: кіріспе және үй тапсырмасын тексеру

Топтық жұмыс

Топтар өз атауларына қысқаша түсініктеме береді. Көрнекілік материалдар арқылы «Отбасы» ұғымы талқыланады.

Отбасының қызметтері

  1. Некеге тұру.
  2. Баспана мен тұрмыстық тұрақтылық.
  3. Ұрпақ жалғастыру.
  4. Материалдық-экономикалық және шаруашылық-тұрмыстық қызмет.
  5. Тәрбиелік қызмет.
  6. Қайшылықтарды еңсеру, өзара қолдау.

Неке туралы сұрақ-жауап

Көрнекілікті пайдалана отырып, оқушылардың үйден дайындалып келген материалдары сұралады. Бір оқушы некеге рұқсат етілмейтін жағдайларды атап өтеді.

Дәстүр, тәрбие және «Жеті ата» ұстанымы

Заңымыз ортақ болғанымен, Қазақстан халықтарының салт-дәстүрлері әртүрлі. Қазақ халқы жеті атаға дейін қыз алыспай, қыз беріспеген. Өкінішке қарай, жеті атасын білмейтіндер көбейіп барады: немере, шөбере, жиен-нағашылардың өзі бірін-бірі танымауы — байланыс әлсіреуінің белгісі.

Халық даналығы: «Жеті атасын білген ұл — жеті жұрттың қамын жер. Өзін ғана білген ұл — құлағы мен жағын жер». Бұл сөзді ұмытпай, зердемізге тоқу маңызды.

Миға шабуыл

«Қазақ не үшін “Жеті атасын білмеген — жетесіз” деген?» деген сұрақ бойынша оқушылардың ойлары тыңдалады.

Түсіндіру: жеті атаға дейін қан ұқсастығы сақталатыны ғылыми тұрғыдан да негізделеді. Қанның жақындығы тұқым қуалайтын аурулардың қаупін арттыруы мүмкін екенін қазақ қоғамы ерте түсінген.

Есептік тапсырма: қан үлесінің азаюы

Әр ұрпақ сайын қан үлесі 50%-ға азаяды. Оқушылар өз дәптерлерінде есептеп шығарады.

Ұрпақ Туыстық атауы Қан үлесі
1 Әке 100%
2 Бала 50%
3 Немере 25%
4 Шөбере 12.5%
5 Шөпшек 6.3%
6 Немене 3.1%
7 Туажат 1.5%

Білімді тексеру сұрақтары

  1. Қазақстанның ұлттық құрамы қандай?
  2. Ұлтаралық қатынастар дегеніміз не?

Жаңа сабаққа дайындық: отбасы, құқық және жауапкершілік

Тақырып пен мақсатты нақтылау

Оқушылардың назарын сабаққа аударып, тақырып пен мақсат жүйеленеді. Отбасындағы балалар мен ата-аналардың құқықтары туралы мәтінмен жұмыс жасалады.

Ойталқы: неліктен кейбір адамдар отбасы құра алмайды?

Өмірлік мысалдар негізінде себептер талқыланады: әлеуметтік-экономикалық жағдай, жауапкершілікке дайындық, құндылықтар қайшылығы, психологиялық кедергілер, қарым-қатынас дағдыларының әлсіздігі.

Дерек пен дәйексөз

  • Демограф М. Тәтімовтің отбасы мен демографияға қатысты мәліметтері мысал ретінде келтіріледі.
  • Президент Жолдауынан әлеуметтік қолдау туралы үзінді оқылады: 2006 жылдан бастап аз қамтылған отбасылардың 18 жасқа дейінгі балаларына ай сайынғы жәрдемақылар, сондай-ақ көп балалы, наградталған аналарға 4000 теңге көлемінде жәрдемақы төлеу; 2006 жылдың шілдесінен бастап 1 жасқа дейінгі сәбиді күтуге мемлекеттік жәрдемақы енгізу.

Отбасындағы қарым-қатынас: бабалар сөзі — тәрбие көзі

Өсиет-әңгіме

«Үйдегі алтын қазық кім?» — деп сұрапты қарт.

Жігіт: «Үйдегі алтын қазық — бала», — депті.

Қарт: «Жоқ, балам, үйдегі алтын қазық — ана. Ана ақылды болса, бала дана болады. Ана тәрбиесі — қызға үлгі, әке тәрбиесі — ұлға үлгі. Ана — ақылшың, әке — қамқоршың, ағаң — қорғаушың, інің — сүйенішің, қарындасың — қанатың екенін ұмытпа», — депті.

«Ананы сыйламағанның ақылы кем, әкені сыйламағанның жақыны кем. Ананың мейірімі көзінде, ықыласы көңілінде, ақылы сөзінде», — деп түйіндейді.

«Дүниеде ең жақының кім?»

  • Тату болса — ағайын жақын.
  • Ақылшы болса — апайың жақын.
  • Бауырмал болса — інің жақын.
  • Инабатты болса — келінің жақын.
  • Алдыңа тартқан адал асын, қимас жақын — қарындасың.

Қызықты тапсырмалар: білімді бекіту

«Кім білгір?»

  • Малдың басы қандай қонаққа ұсынылады? — Сыйлы қонаққа.
  • Қандай жілік қыз балаға берілмейді? — Кәрі жілік.
  • «Абысын тату болса — ас көп» дегендегі абысын кім? — Ағайынды адамдардың әйелдері.
  • Бөле деп кімді айтамыз? — Апалы-сіңлілі кісілердің балалары.
  • Қазақтарда үй иесі қалай аталады? — Отағасы.
  • Бір рудан немесе бір атадан тараған туыс қалай аталады? — Әулет.

Топтық тапсырмалар

  1. Ер адамдардың дастархан басындағы орнын туыстығына қарай сипаттаңыз (ақсақал, отағасы, енші алған ұлдары, кенже бала, күйеу бала).
  2. Әйел адамдардың дастархан басындағы орнын туыстығына қарай сипаттаңыз (анасы, жасына қарай қыздар, келін).
  3. Ренжіскен ағайынның татуласуы туралы қай мейрамда көбірек айтылады? — Айт мейрамында.

«Жалғасын тап»

  1. Бала жетіге келгенше — жерден таяқ жейді.
  2. Ұлға отыз үйден — қызға қырық үйден тыйым.
  3. Атаңның баласы болма — адамның баласы бол.
  4. Әке көрген — оқ жонар, шеше көрген — тон пішер.
  5. Баланың ұяты — әкеге, қыздың ұяты — шешеге.
  6. Балапан ұяда не көрсе — ұшқанда соны іледі.
  7. Ата — бәйтерек, бала — жапырақ.
  8. Ана сүтін ақтамағанды — ешкім жақтамайды.
  9. Aнаңды Меккеге үш рет арқалап барсаң да — қарызыңды өтей алмайсың.

Сөзжұмбақ сұрақтары

  1. Ата-анасы және балалары бар отбасы. — Толық
  2. Ата-анасы, балаларынан бөлек туыстары қосылып өмір сүретін отбасы. — Кеңейтілген
  3. Отбасын құрудың негізі. — Махаббат
  4. 18 жасқа толмаған адам. — Бала
  5. Отбасы шеңберінде әрекет ететін маңызды азаматтық құндылықтардың бірі. — Сенім
  6. Бір әйел мен бір ердің некелік одағы. — Моногамды

«Мағынасын түсіндір»

I. «Тәрбие жалқауды да адам етер, еркелік жақсыны да надан етер».

II. «Баланы тым ерке қылып өсірсең, не оның басын жарасың, не өз басыңды жарасың».

III. «Әкесіне қарап ұлын сына, шешесіне қарап қызын сына».

Шежіре және өмірмен байланыстыру

«Менің жанұямның шежіресі»

Оқушылар үйден дайындап келген отбасылық шежірелерін таныстырады. Туыстық байланыс, әулет, дәстүр сабақтастығы туралы ой бөліседі.

Бекіту тапсырмалары (топтарға)

  • I топ: Бақытты жанұя қандай болады?
  • II топ: Жанұядағы жанжал: оны шешу жолдары.
  • III топ: Отбасы мейрамдары: оларды өткізудің тиімді тәсілдері.

Қорытынды

«Менің жанұямның қызықты сәттері…» тақырыбында қысқаша бөлісу ұйымдастырылады. Оқушылар әкелген фотосуреттер қаралып, отбасылық құндылықтар туралы тұжырым жасалады.

Бағалау

Оқушылар топтық тапсырмаларға берген жауаптары бойынша бағаланады. Үздік жұмыс жасаған топтар анықталады.

Үй тапсырмасы

  • Тақырыпты оқу: «Отбасы және жастар».
  • Тарауды қайталау, негізгі ұғымдарды бекіту.

Сәйкестендіру тапсырмасы: ұғымдар әлемі

Төмендегі ұғымдарды олардың анықтамаларымен сәйкестендіріңіз: этнос, ұлт, халық, мемлекет, диаспора, автохтонды ұлт.

Нұсқау

Әр ұғымға қысқа анықтама құрастырып, қоғамдық өмірдегі орны мен ерекшелігін бір сөйлеммен түсіндіріңіз. Жауаптарды дәлелмен толықтырыңыз.