Етістіктің шақтарын қайталау

Мақсат пен міндет

Сабақтың мақсаты

Қазақ халқының Жаңа жылы — Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы туралы кеңінен мағлұмат беру. Етістіктің шақтарын қайталау арқылы оны практикалық тапсырмалармен меңгерту.

Сабақтың міндеттері

  • Наурыздың ерекшелігін түсіндіру және салт-дәстүрді қастерлеуге тәрбиелеу.
  • Өзіндік білім алуға сүйеніп, танымдық қызығушылықты арттыру.
  • Наурыз тақырыбын бүгінгі өмірмен байланыстырып, шақтарды бекіту.

Ұйымдастыру бөлімі

Сәлемдесу және назар аударту

Оқушылармен амандасып, түгелдеп, сабаққа назарын аудару.

Көңіл-күйді көтеретін шумақ:

Алтын қақпа ашылып, Наурыз келді, жыл келді! Жылмен бірге жыр келді, Жер бусанып, құс келіп, Жеріме әсем нұр берді!

Үй тапсырмасын тексеру

«Біліміңді тексер» бөлімі арқылы оқушылардың алдыңғы білімін белсендіру.

  1. 1.Біз қандай бөлімді өтіп жатырмыз?
  2. 2.Көктемде қазақ елі қандай мерекелерді тойлайды?
  3. 3.Мейрамда сендер не істейсіңдер, қалай өткізесіңдер?
  4. 4.Ең жақсы көретін мейрамдарың туралы не айта аласыңдар? (Етістіктерді осы шақ, өткен шақ, келер шақта жазу.)

Сынып 3 топқа бөлінеді: Осы шақ, Өткен шақ, Келер шақ.

Жаңа сабақ: Наурыз — ұлттық мейрам

Кіріспе

Сабақтың тақырыбы хабарланып, мақсаты нақтыланады. Интерактивті тақтадан слайд материалдары көрсетіледі.

Жаңа сөздер

Ұлы

великий

Ұлыс

народ

Теңелу

равноденствие

Дәстүр

традиция

Ерекше

особый

Сөздікпен жұмыс

  • Қазақ тіліне тән дыбыстарды тауып, мысал келтіру.
  • Синонимдерін табу: ұлыс — халық, ел; ерекше — айрықша.
  • Сөз тіркесі мен сөйлем құрастыру.

Мәтін: «Наурыз — ұлттық мейрам»

Наурыз — Ұлыстың ұлы күні, халықтық мейрам. Наурыз — жылдың басы әрі көктемнің бірінші айы. Бұл атау парсы тіліндегі нау — «жаңа» және ру — «күн» сөздерінен шығып, «Жаңа күн» деген мағынаны білдіреді.

Наурызды тойлаудың өзіндік дәстүрі бар. Бұл күні наурыз көже пісіріледі. Қазақ халқы Наурыз мейрамында ән шырқайды, күй тартады, балуан күрестіреді, ойын-сауық өткізеді. Бұл мереке халық өмірінде ерекше орын алады.

Қар ериді, көк шығады, күн мен түн теңеледі. Жаңа жылды адамдар қуанышпен қарсы алады. Олар бір-бірін: «Ақ мол болсын!», «Ұлыс оң болсын!», «Ұлыс береке берсін!», «Ұлыс бақытты болсын!» деп құттықтайды.

Назар аударыңдар:

Мәтіндегі етістіктерді табу арқылы шақтарды (осы, өткен, келер) ажырату — негізгі грамматикалық мақсат.

Топтық жұмыс

1-топ

Мәтінге жоспар құрып, мазмұнын сол жоспар арқылы әңгімелеп беріңдер.

2-топ

Мәтіннен тілектерді теріп жазыңдар. Сұраққа жауап беріңдер: Наурыз күнін халық қалай қарсы алады?

3-топ

Мәтіндегі етістіктерді теріп жазып, оларды үш шақта айтып беріңдер.

Практикалық тапсырмалар

1) Болымсыз етістікке айналдыру

Мәтінде кездесетін етістіктерді болымсыз түрге айналдырыңдар:

шырқайды шығады тартады өткізеді алады теңеледі

2) «Шақтарын тап» ойыны

  1. 1)Өткен шақта тұрған етістіктерді теріп жаз.
  2. 2)Осы шақта тұрған етістіктерді теріп жаз.
  3. 3)Келер шақта тұрған етістіктерді теріп жаз.

3) Тұйық етістіктер

Тұйық етістіктерді тауып, жасалу жолын түсіндіріңдер. Төмендегі диалогты оқып, жұрнағымен жасалған тұйық етістіктерді белгілеңдер.

Екі көзің не үшін керек?

Жақсыларды көру үшін.

Екі қолың не үшін керек?

Елге көмек беру үшін.

Құлақ не үшін керек?

Ақыл-кеңес тыңдау үшін.

Жүрек не үшін керек?

Жаулардан қорықпау үшін.

Тіл мен жағың не үшін керек?

Ақиқатты айту үшін.

Ал аяғың?

Шетте жүрсем, туған жерге қайту үшін.

Бекіту

1) Топтастыру

«Наурыз мейрамы» тақырыбы бойынша ойды топтастырып, негізгі ұғымдарды жүйелеңдер.

дәстүр наурыз көже теңелу құттықтау ойын-сауық

2) «Бес жолдық өлең» үлгісі

1 зат есім
Наурыз
2 сын есім
шуақты, мерекелі
3 етістік
жылынады, ериді, (күн мен түн) теңеледі
Сөйлем
Наурыз — көктемнің бірінші айы.
Синоним
Жаңа күн

3) Сұрақ-жауап

  • Бүгінгі сабақта нені білдік, нені үйрендік?
  • Жаңа жылда қандай тілектер айтасыңдар? (Оқушылар тілектерін айтады, Наурыз батасын береді.)

Үй тапсырмасы және бағалау

Үйге тапсырма

  • Мәтіннің мазмұнын айту.
  • Жаңа сөздерді жаттау.
  • Наурыз баталарын тауып келу.

Бағалау

Оқушылардың топтық жұмысқа қатысуы, мәтінмен жұмыс сапасы және грамматикалық тапсырмаларды орындауы бойынша қорытынды бағалау жүргізіледі.