Ғашықпын Мұқағали жырларына, Өлеңдері тым жақын бір жаныма

Өртеніп өткен өр тұлға

Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев — қазақтың біртуар ұлы ақыны. Ол 1931 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылында дүниеге келген. Балалық шағы Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келіп, өмірдің қиындығын ерте сезінеді. Ақынның балғын шағы ауыр кезеңдерден өтіп, оны рухани тұрғыдан шыңдай түсті.

Шығармашылық мұрасы

Ақынның өлеңдері адамды құштарлыққа, ізденіске, қаламгерлікке жетелейді. Мұқағали мұрасында терең сезім, ұлттық рух, адамгершілік үн айқын сезіледі. Оның қырық беске жуық жыр жинағы жарық көрген, көптеген поэмалары мен прозалық туындылары оқырманға кеңінен танылған.

  • Өлеңдері — сыршыл әрі шынайы, оқырманды ойға жетелейді.
  • Поэмалары — кең тынысты, заман мен адам болмысын қатар өрнектейді.
  • Прозалық еңбектері — көркем ой мен өмірлік тәжірибені ұштастырады.

Ақын туралы айтылар әңгіме де, жазылар жыр да аз емес. Бүгінде Мұқағалидың өлеңдерін білмейтін жан кемде-кем. Өйткені қазіргі ұрпақ оның жырларымен сусындап өсіп келеді, ал әр буын өз жүрегіне жақын жолдарды қайта-қайта оралып оқиды.

Қарасаздағы мұражай

Ақынның өзі туып-өскен ауылында үлкен мұражайы бар. Онда Мұқағалиға қатысты құнды мұралар сақталып, экспозициялары көркем безендірілген. Мұражайды көруге жан-жақтан асыға келетін қонақтар көп — бұл ақынға деген халық ықыласының айғағы.

Біз үшін ақынның орны ерекше. Себебі мектебімізде жыл сайын «Мұқағали айлығы» өтеді. Бұл кезеңде тек оқушылар ғана емес, ұстаздар да белсене қатысып, ақын мұрасын талдап, өнеге етер тұстарын ортаға салады. Мұқағали жырын жатқа айтпайтын жан жоқ шығар: бес жастағы баладан бастап, кәрі қарияға дейін оның өлеңдерінен жүрекке жақын жолдарды біледі.

Арнаудан үзінді

Ғашықпын Мұқағали жырларына,
Өлеңдері тым жақын бір жаныма.
Әсем әуен, тәтті күймен тербетеді,
Айта берсем, көп емес пе жырлары да.

Мұқағали Мақатаев — біз үшін ғана емес, күллі қазақ халқы үшін мәңгі өшпес мұра. Оның жырлары уақыт өткен сайын өзектілігін жоғалтпай, жүректерге жол таба береді.