Елдің болашағы біздің қолымызда - жастарда

Кіріспе

Бұл жобаның мақсаты — туған өлкем Жаңаарқа туралы мол мағлұматты еліміздің болашақ жастарына жеткізу. Тарихы көне дәуірлерден сыр шертетін бұл өлке — Сақтар мен Ғұндардан бастап, Көк Түрік рухымен сабақтасқан халқымыздың тағылымды жолының бір бөлшегі.

Қайталанбас салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпымен ерекшеленетін қазақ халқының кең байтақ даласындағы әрбір аймақ, әрбір тау мен тас — терең зерттеуге сұранарлық шежіре. Сондай қасиетті, киелі өңірлердің бірі — әйгілі Сарыарқаның жуан ортасында орналасқан Жаңаарқа жері.

Негізгі ой

Шұрайлы да шырайлы Жаңаарқа — сан даралардың киелі ордасы, алтын бесігі, ата мекені. Бұл қасиетті топырақ сан ғасыр бойы тарихтың талай құпиясын сақтап, бүгінгі күні даласы ән мен жырға айналған, берекелі еңбек өрбіткен өңір ретінде танылған.

Жаңаарқа тарихында бүкіл қазақ елі үшін мақтанышқа айналған тұлғалардың орны бөлек. Сұлулықтың символы, сегіз қырлы, бір сырлы қоғам және мемлекет қайраткері, дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллиннің еңбегі айрықша. Сонымен қатар, оның замандасы, еліне адал қызмет еткен Жанайдар Сәдуақасовтың да өңір дамуына қосқан үлесін атап өткен жөн.

Негізгі бөлім

Жер бедері мен геологиялық құрылымы

Жаңаарқа жері өте ерте заманда таулы өлке болған. Алайда миллиондаған жылдар бойы жел, жаңбыр, қар, ағын сулар, сондай-ақ ыстық пен аяздың әсерінен биік таулар мүжіліп, аласарып, шоқыларға айналған. Олардың арасы кең, тегістелген жазықтарға ұласқан.

Аудан аумағы Орталық Қазақстанның ұзақ шоқылы өлкесінің оңтүстігіндегі Сарысу–Теңіз көтерілімі аймағында, шөл және шөлейт белдемдерде орналасқан. Жер бедері көбіне аласа таулы, күмбез пішіндес төбелі, жонды-қырқалы ұсақ шоқылы жазық болып келеді.

Ең биік массив

Ақтау — Жаңаарқа ауданының шығысында орналасқан ең биік тау массиві. Ол оңтүстік-шығысқа қарай шамамен 20 км-ге созылып, ені 10 км-ге жуық аумақты қамтиды және бірнеше қырқадан тұрады.

  • Қиыршық тасты, қара-қоңыр топырақта көбіне жусан мен бетеге өседі.
  • Аңғарларында шалғынды топырақ басым.
  • Орталық және шығыс қырқалары жоғары протерозойдың ақ кварцитінен, батыс қырқасы қызыл кварциттен құралған.

Пайдалы қазбалар

Жаңаарқа жері ерте заманнан кен орындарына бай. Мұнда темір, марганец, вольфрам, молибден, мыс, қорғасын, мырыш, барит, күміс, сондай-ақ әртүрлі құрылыс материалдары кездеседі.

Ірі кен байлықтары

  • Жәйрем полиметалл кені
  • Атасу рудалы ауданы

Жәйрем кенішіндегі өндірістік маңызы бар рудалар үш учаскеде орналасқан: Шығыс, Батыс және Қиыр Батыс. Бұл аумақтарда 17 руда қабаты анықталған.

Руда типтері мен минералдары

Руда типтері

  • Қорғасынды-мырышты
  • Таза баритті
  • Мырышты-олигонитті
  • Тотыққан қорғасынды-мырышты

Негізгі минералдар

  • Галенит
  • Сфалерит
  • Мельновит
  • Олигонит
  • Барит
  • Пирит

Өнімдер

Рудадан қорғасын, мырыш, барит алынады. Қосымша өнім ретінде мыс, күміс және кадмий өндіріледі. Жәйрем полиметалл кенінің рудасын ашық әдіспен өндіруге мүмкіндік бар.

Марганец қоры және өндіріс

Барланған марганец кенінің қоры шамамен 1 млрд тоннаға жуық. Қазіргі таңда кәсіпорын құрамында Қиыр Батыс, Батыс және Үшқатын кеніштері жұмыс істейді.

Қорытынды

Жаңаарқа өлкесінің болашағы — біздің жастардың қолында. Менің есімім Бабашева Әсел Амангелдіқызы. Мен үшін еліміздің болашағы — аса маңызды құндылық.

Біздің еліміз — біздің жеріміз, біздің Тәуелсіз Қазақстан. Ежелден бері ата-бабамыз тәуелсіздік пен жер үшін күрескен. 1991 жылдан бері елімізде көптеген оқу орындары, спорт кешендері, медициналық орталықтар салынып, халыққа қызмет көрсетіп келеді.

Білім беру мен медициналық қызметтердің қолжетімді болуы — жастарды, болашақты ойлаудың айқын көрінісі. Біз, жасөспірімдер, өз еліміздің қозғаушы күшіміз: ертең-ақ елдің бетке ұстар азаматтары атанамыз.

Елдің болашағы — біздің қолымызда. Біз өз болашағымызды өз қолымызбен жасаймыз.