Шығарманың авторы кім

Сабақ туралы мәлімет

Мұғалім

Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау ауданы, Ащысай ауылы, Ащысай орта жалпы білім беретін мектеп-балабақшасының қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі — Нурушева Ақкүміс Мұқташқызы.

Тақырып

С. Мұқанов, «Лашын» (үзінді, «Өмір мектебі» романынан).

Сабақтың түрі

Аралас, кіріктірілген сабақ.

Әдістер

  • Әңгімелеу
  • Сұрақ-жауап
  • Топтастыру

Көрнекіліктер

  • Суреттер
  • Қанатты сөздер
  • Жазушының портреті
  • Кітаптар

Пәнаралық байланыс

Тарих, жануартану, бейнелеу өнері.

Сабақтың мақсаты

Білімдік

Оқушыларға жазушының өмір жолын таныстыру; халқымыздың ұлттық саятшылық өнері мен аңшылық дәстүрінің қалыптасуы туралы мағлұмат беру.

Тәрбиелік

Туған жер табиғатын аялауға, қадірлеуге; салт-дәстүрді құрметтеуге тәрбиелеу.

Дамытушылық

Табиғатқа қызығушылықты арттыру, білім деңгейін көтеру және шығармашылық ізденісті қалыптастыру.

Сабақ эпиграфы

Қансонарда бүркітші шығады аңға,

Тастан түлкі табылар аңдығанға,

Жақсы ат пен тату жолдас — бір ғанибет.

Ыңғайлы, ықшам киген аңшы адамға.

Абай, «Бүркітші»

Мұғалімнің кіріспе сөзі

Бүгінгі сабағымызды Абайдың «Бүркітші» өлеңімен бастауымыз бекер емес. Бұл сабақ саятшылық пен аңшылық тақырыбымен сабақтас. Бүгін біз С. Мұқановтың «Өмір мектебі» романынан алынған «Лашын» үзіндісімен танысамыз.

Автор туралы қысқаша мәлімет

Сәбит Мұқанов

Ақын, жазушы, драматург, қазақ әдебиетінің ірі өкілдерінің бірі. 1900 жылы Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Ауыл молдасынан ескіше хат танып, бала кезінен қисса-дастан, жыр, аңыздарды жатқа айтып өскен.

Білімі мен қызметі

  • Омбыдағы мұғалімдік оқуға түседі.
  • 1922 жылы Орынборда жұмысшы факультетінде оқиды.
  • Ленинград университетінде және Қызыл профессура институтында білім алады.
  • «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде қызмет етеді.
  • Жазушылар одағының төрағасы қызметін атқарады.

«Өмір мектебі» және «Лашын» үзіндісі

«Өмір мектебі» — жазушының өмірбаяндық романы. Шығарманы жоғары сыныптарда толық оқып танысамыз, ал бұл сабақта сол романнан алынған «Лашын» атты шағын үзінді қарастырылады. Оқиға жазушының өз өмірінен алынғандықтан, мәтін бірінші жақтан баяндалады.

Әңгімеде автор Балтабай ауылына мұғалім болып келіп, бос уақытын аңшы, құсбегі Ахметпен бірге өткізгенін әсерлі түрде суреттейді.

Үзіндіні жоспар бойынша талдау

Кіріспе

Балтабай ауылындағы көрініс.

Негізгі бөлім

Саятшылық өнері және оның қыр-сыры.

  • Құсбегі Ахмет
  • Лашынның мүсіні (кескін-келбеті)
  • Ахмет пен Лашынның өнері
  • Шілдеде құс салу

Лашынның олжасы туралы түйіндер

Үйрек

Үйрек алу — лашынға қиын емес.

Қаз

Қаз алу — үйректен әлдеқайда қиын.

Дуадақ

Лашынға алдырмайтын құс ретінде айтылады.

Қорытынды ой

Саятшылық — өмірдің бір қызығы ғана емес, табиғатпен етене жақындықты, төзімділік пен жауапкершілікті талап ететін өнер.

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру

Оқушылардың назарын сабаққа аудару, оқу мақсатын нақтылау.

II. Үй тапсырмасын тексеру

Өткен материалды қайталау және білімді жүйелеу.

III. Жаңа сабақ

Эпиграфпен жұмыс, автор туралы мәлімет, мәтіннің мазмұнын ашу.

IV. Кітаппен жұмыс

Мәтінді дауыстап оқыту, мазмұнын талдату, негізгі ойды анықтау.

V. Дәптер және тақтамен жұмыс

Тірек сөздердің мағынасын ашып жазу: атбегі, құсбегі, лашын, дуадақ, дабыл, түлек, саят.

VI. Суреттермен жұмыс

Құстар туралы мәліметті суреттер арқылы толықтыру.

VII. Тірек сызбамен жұмыс

Негізгі ұғымдарды жүйелеу, байланысын көрсету.

VIII. Сөзжұмбақ

Шығарма мазмұнын бекітуге арналған сұрақтар.

  1. Лашынға алдырмайтын қандай құс? (Дуадақ)
  2. Шығарманың авторы кім? (Мұқанов)
  3. Шығармада қандай кәсіп түрі көрсетілген? (Саят)
  4. Шығармадағы құсбегі кім? (Ахмет)
  5. Лашынға қай құсты алу қиынға соғады? (Қаз)
  6. Қай құсты алу өте оңай? (Үйрек)

IX. «Сыр сандық» ойыны

Нөмірленген асықтардағы сұрақтар арқылы өткен тақырыптарды қайталау және жауап беру.

Қорытынды

Саятшылық, әсіресе, қазақ халқының тарихында мәдениетті дамытуға зор үлес қосқан. Бұл туралы біз халық мәдениеті мен әдебиетінің көрнекті қайраткерлері Шоқан мен Абайдың жазбаларынан, сондай-ақ Біржан сал мен Ақан серінің кең сахараны кезген әндерінен білеміз.

Сондықтан халқымыз қыран құсы өлсе, аза тұтып, жоқтау айтқан. Қолға үйреткен қырандарын еркелетіп, баласындай баптап, құнын бағалай білген.

Үй тапсырмасы

Негізгі тапсырмалар

  1. Мәтінді оқып, толық мазмұндау.
  2. Құстар туралы мақал-мәтелдер мен тыйым сөздер жазып келу.
  3. Құстардың суретін салу.

Қайталау сұрақтары

  1. Халық ауыз әдебиетінің түрлерін ата.
  2. Құранда неше сүре бар? «Фатиха» сүресін жатқа айт.
  3. Әдеби ертегіні ата. Авторы кім?
  4. «Қызғыш құс» өлеңінің авторы кім? Өлеңді жатқа айт.
  5. Аңшылық, құсбегілікпен елін асыраған қандай кейіпкерді білесің?