Ағылшын тілі сабағында ойналатын қызықты ойындар
Ағылшын тілі сабағында ойналатын қызықты ойындар
Төмендегі ойындар оқушылардың әртүрлі дағдыларын дамытуға көмектеседі: әріп тану, жылдам ойлау, сөздік қорды толықтыру, есте сақтау, интонация, топпен жұмыс және көшбасшылық. Әр ойынның мақсаты мен өткізу шарты қысқа әрі түсінікті түрде берілген.
1) Алфавит (“Alphabet”) ойыны
Мақсаты
Ағылшын тіліндегі әріптерді қаншалықты меңгергенін тексеру.
Шарты
Тақтаға алфавиттің бас (үлкен) әріптерін (A, B, C т.б.) іліп қоясыз. Оқушылар үстелге шашылып жатқан әріптер ішінен сол әріптің кіші нұсқасын тауып, тақтадағы сәйкес үлкен әріптің астына іледі.
2) Ойлан, тап (“Think and Find”) ойыны
Мақсаты
Оқушылардың қиялын және сезім түйсігін дамыту.
Шарты
Іші түрлі заттарға толы дорбаны ортаға қоясыз. Оқушыларды екі топқа бөліп, кезекпен бір-бірден шақырасыз. Көзі байланған оқушы дорба ішіндегі затты сипап сезу арқылы табуы керек. Қай топ бірінші болып аяқтаса, сол жеңеді.
3) 30 секунд (“30 seconds”) ойыны
Мақсаты
Жылдам ойлауға дағдыландыру және тақырыпты бекіту.
Шарты
Бір ойыншы тақырыпқа сай сөз айтады. Келесі оқушы алдыңғы сөздің соңғы әрпінен басталатын жаңа сөз айтуы тиіс. Егер оқушы 30 секунд ішінде сөз таба алмаса, ойыннан шығады.
4) Дұрыс жаз (“Write Right”) ойыны
Мақсаты
Жылдам ойлау қабілетін дамыту.
Шарты
Тақтаға екі сөз жазылады. Әр топ берілген сөздердің әр әрпіне басталатын мүмкіндігінше көп сөз тауып жазады. Көп сөз жазған топ жеңеді.
Мысал: Swim → son, well, ill, mother
5) Ширату (“Brainstorm”) ойыны
Мақсаты
Оқушылардың сөздік қорын тексеру.
Шарты
Тақтаға ұзын сөз жазып, оның ішіндегі әріптерден жаңа сөздер құрастыруды тапсырасыз.
Ескерту: жаңа сөздер бастапқы сөздің әріптерінен ғана құралуы тиіс.
Мысал: beautiful → eat, tea, but, file, lie және т.б.
6) Шашу (“Strew”) ойыны
Мақсаты
Есте сақтау қабілетін тексеру.
Шарты
Сабақ тақырыбына сай сөздердің әріптерін араластырып (немесе реті бұзылған түрде) жазып қоясыз. Оқушылар берілген уақыт ішінде сөздерді дұрыс ретке келтіріп, дұрыс жазуы керек.
7) Менің заттарым (“My Things”) ойыны
Мақсаты
Есте сақтау мен байқағыштық қабілетін дамыту.
Шарты
Мұғалім күнделікті тұрмыста кездесетін заттардың атауын қазақша айтып, оны сөйлем ішінде қолданады. Оқушылар сол заттарды ағылшын тіліне аударып, есте сақтап айтуы (немесе жазуы) тиіс.
Мысал сөйлемдер
«Мен кеше Перизатқа үйге алып келдім.»
«Әпкем маған сүйікті су сабыным “Көгершінді” сыйлады.»
8) Смайликтер (“Smiles”) ойыны
Мақсаты
Оқушылардың интонациясын тексеру.
Шарты
Бір оқушыны тақтаға шығарып, оған бір сөйлем бересіз. Оқушы сол сөйлемді тақтада көрсетілген бес түрлі смайлик көңіл күйіне сай әртүрлі интонациямен айтуы тиіс.
Мысал: “I love swimming.”
9) Сен болжай аласың ба? (“Can You Guess?”) ойыны
Мақсаты
Таным үдерісін тексеру және дамыту, сұрақ қою дағдысын қалыптастыру.
Шарты
Оқушыларды топтарға бөліп, әр топтың жетекшісін ортаға шығарасыз. Жетекшілерге атақты адамдардың портретін бересіз. Әр топ ағылшын тілінде сұрақ қою арқылы тұлғаның кім екенін табуы тиіс.
Ескерту: ең көбі 10 сұрақ қоюға болады.
Сұрақ үлгілері
- Is it a man or a woman?
- Does he/she live in …?
- Is he/she a singer/actor/writer?
- Is he/she American/English/Russian/Kazakh?
- Does he/she wear glasses?
- Is he … (name)? / Is she … (name)?
10) Жалғастыр (“Continue”) ойыны
Мақсаты
Оқушылардың сөздік қорын және сөзді тану жылдамдығын тексеру.
Шарты
Оқушыларға екі бағанға бөлініп жазылған «жарты сөздер» беріледі. Оқушылар оларды дұрыс жұптастырып, толық сөзді табуы керек.
Мысал
arm, washer, tele, chair, win, pet, dish, phone, car, ture, pic, dow
11) Мәтінді жалғастыр (“Continue the Topic”) ойыны
Мақсаты
Есте сақтау қабілетін және ауызша сөйлеуді дамыту.
Шарты
Тақтаға 3–4 оқушыны шақырасыз. Біреуін ғана қалдырып, қалғандарын уақытша сыныптан шығарасыз. Қалған оқушы мәтін жазылған парақты оқып шығады. Содан кейін сыртта тұрған бір оқушыны шақырып, мәтінді ауызша жеткізеді. Процесс осылай жалғасады. Соңында бірінші оқыған оқушы мен ең соңғы тыңдаған оқушының баяндауын салыстырасыз.
12) Қызықты алаң (“Cheerful Place”) ойыны
Мақсаты
Еркін ұстауға, батылдыққа және көшбасшылыққа жетелеу.
Шарты
Бір оқушы тақтаға шығады. Оған үш түрлі сурет беріледі. Оқушы дыбыс шығармай, ым-ишара және қимыл арқылы суреттегі нысанды жасырады. Сынып оқушылары оның не екенін (жануар, мамандық, жеміс және т.б.) ағылшын тілінде табуы тиіс.
Ескерту: оқушы дыбыс шығармайды.
Кім көп дұрыс жауап берсе, келесі болып сол оқушы тақтаға шығып көрсетеді. Ойын осылай жалғасады.
13) Сүйкімді шар (“Better Balloon”) ойыны
Мақсаты
Жылдам ойлауға және ептілікке дағдыландыру.
Шарты
Ойынға шар қажет. Тақтаға 2–3 (немесе одан да көп) оқушыны шығарып, әрқайсысына бір-бір шар бересіз. Мұғалім тақырыпқа сай ортақ сөз айтады, ал қатысушылар сол тақырыпқа қатысты бір сөзден кезекпен айтады. Әр сөз айтқан сайын шарын үрлейді. Егер сөз таба алмаса, шарын үрлемейді. Кім бірінші болып шарын толық үрлеп бітірсе, сол жеңеді.
Автор туралы
Астана қаласы, №54 мектеп-лицейінің ағылшын тілі пәні мұғалімі — Таңнұр Нұрланова Есентайқызы.