Қош келдің, Қыдыр ата

Мақсаты мен тәрбиелік мәні

Бұл мерекелік шараның мақсаты — Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамының ерекшеліктерімен таныстыру, Наурыз туралы түсінік беру және балалардың ойлау қабілетін дамыту.

Сонымен қатар, мерекелік көңіл күй қалыптастыру, туған елге сүйіспеншілікпен бірге салт-дәстүрді құрметтеуге, үлкендерді және бір-бірін сыйлауға тәрбиелеу көзделеді.

Сахналық көрініс: Наурыз тойы және тұсаукесер

Төмендегі мәтін — Наурыз мерекесіне арналған сахналық көрініс. Оқиға ауылдағы үлкен тойдан басталып, қонақ күту, ән-күй, би, әрі қарай тұсаукесер салты мен бата берумен жалғасады.

Әже

Уа, халайық, армысыздар!

Бүгін біздің ауылда үлкен той. Қазақтың жаңа жылы — Наурыз құтты болсын! (Әже шашу шашады.)

Сонымен бірге бүгін — менің кенже немеремнің тұсаукесер тойы. Бұл — үлкен қуаныш, үлкен мереке. Сіздер осы тойдың қадірлі қонақтарысыздар. Көңіл көтеріп, демалып отырыңыздар.

Келін

Ілесіп Наурызбенен көктем жетсін,

Көңілін үлкен-кіші көкке өрлетсін.

Еңсесі көтеріліп ер азамат,

Ескі жылмен реніш-өкпе кетсін.

Наурыз — жыл басы құтты болсын! Жаңа жыл тек жақсылығымен, жаңалығымен келсін. Ақ мол болсын, халық тоқ болсын. Еліміз тыныш болсын, баршамызға бақ қонсын!

Әже

Әй, қызым! Көрші ауылдан өнерлі қыз-жігіттер келемін деген еді. Жүр, соларға дастарқан жайайық.

Келін

Жарайды, апа!

Би: Асатаяқ

Өлеңдер мен тілектер

Айым

Наурыз келді еліме, Наурыз келді жеріме.
Байлық, бақыт тілеймін, Бүкіл қазақ еліне.

Азиза

Мерекеге арналсын бүгінгі жыр-әніміз.

Илона

Келер жатыр жылымыз, мейрамдаймыз мұны біз.

Ғазиза

Ортамызды ашайық, ырыс тілеп бұл жылға,
Жырдан шашу шашайық.

Әже

Рақмет, шырақтарым! Бүгінгі тойымызға қош келдіңдер.

Сендердей өнерлі, елге сыйлы азамат болсын деген ниетпен бүгін кенже немеремнің тұсауын кесеміз. Тағы да қонақтар келіп қалған ба? Бұлар көрші ауылдың өнерлі жігіттері болар. Қой, мен барып қарсы алайын.

Келін, әй, келін... жүр, қонақтарды қарсы алайық.

Би: Көбелектер

Қонақтардың жыры

Аяру

Жылдың басы — Наурыз, жердің басы — Наурыз.

Еркеназ

Халық сүйген мейрамды,
Қарсы алайық Наурызды!

Қарақат

Көктем келді шуақты,
Балаларды қуантты.

Келін

Қандай өнерлі қыз-жігіттер келіп қалған! Жарайсыңдар, балалар, рақмет!

Дастарқанға жайғасыңдар. Дәмнен ауыз тиіңдер.

Шүй, шүй... Армысыздар, халайық! Тойларыңыз құтты болсын.

Біз де өз өнерімізбен келдік. Солай ма, жігіттер?!

Би: Қаражорға

Бата мен тілек

Нұрали

Асың, асың асыңа,
Бақыт қонсын басыңа,
Денсаулығың зор болсын,
Дастарқаның мол болсын!

Арлан

Ал, халайық, тұрмайық,
Әндетейік, жырлайық.

Арнұр

Уа, ағайын, халайық,
Мұнда назар салайық.
Мерекесі халықтың —
Наурыз тойын бастайық!

Әже

Ой, айналайындар, жарайсыңдар! Қуанышыма ортақтасып келгендеріңе көп рақмет!

«Тойдың көркі — ән» дейді халқымыз. Ендеше, бір «әуу» деп жіберейік!

Ән

«Қош келдің, Наурыз, төріме»

Тұсаукесер салты

Келін: Апа, қонақтарды көп күттірмей, салтымызды бастайық.

Әже: Бастасақ бастайық, шырағым. Әкеле ғой кенжетайымды... Міне, кенжетайым да келді.

Әженің түсіндіруі

Тұсау кесу — кішкентай балаға ырымдап, тез жүріп кетсін деп, аяғына ала жіп байлап, бата-тілек айтып кесетін салт.

Тұсауды кейде көк шөппен, тоқ ішекпен де кеседі. Мұндағы мақсат — көгерсін, өссін, өнсін деген ниет және бай-дәулетті, бақуатты болсын деген тілек.

Бүгін біз тұсауды ала жіппен кесеміз. Мақсатымыз — баламыз ешкімнің ала жібін аттамасын дегеніміз. Менің өзім кескенім ыңғайсыз болар, анасы рұқсат етсе, қонақтардың біріне құрмет ретінде ұсыналық.

Тілек

Қаз, қаз, балам, қаз, балам,
Қадам бассаң мәз болам.
Балтырыңды түре ғой,
Тай-құлын боп шапа ғой,
Озып бәйге ала ғой.

Әже: Рақмет сізге! Сіздің де немерелеріңіз көп болсын.

Қыдыр ата және бата

Қыдыр ата: Амансыңдар ма, қарақтарым? Наурыз тойы құтты болсын!

Әже: Ой, бізге Қыдыр ата келіп қалыпты ғой! Қош келдіңіз, Қыдыр ата!

«Жаңбырменен жер көгерер, батаменен ел көгерер» дегендей, Қыдыр атадан бата сұрайық.

Айсұлтанның батасы

Бақ дарысын бәріне,
Ой қосылып ойыңа,
Бой қосылсын бойыңа,
Аман-есен жетейік
Келесі Наурыз тойына.

Әже: Қанеки, келіңіздер, наурыз көжеден дәм татыңыздар.