Сайыс шарттары

Білім беру саласы: Денсаулық Ұйымдастырылған іс-әрекет: Дене шынықтыру

Ұрпақ ұлттық ойынмен шыңдалады

Бұл спорттық-ойындық іс-шара ұлттық ойындарды дене шынықтыру үдерісіне енгізу арқылы балалардың қимыл-қозғалыс дағдыларын жетілдіруге, жігерін шыңдауға және рухани құндылықтарды бойына сіңіруге бағытталған.

Сабақтың мақсаты

  • Білімділік: ұлттық ойындарды дене шынықтыру іс-әрекетінде кең қолдану арқылы балалардың дене тәрбиесін жүйелі жолға қою, спорттық шеберлігін және мүмкіндігін арттыру.

  • Дамытушылық: қазақ халқының ерлік-жауынгерлік тарихымен, ел қорғаған хан-батырлардың өмір өнегесімен таныстыру; туған жерін, елін қорғай алатын, ұлттық намысы жоғары, жігерлі ұрпақ тәрбиелеу.

  • Тәрбиелік: балаларды өздігінен білімін жетілдіруге баулу, өзін-өзі тәрбиелеу дағдысын қалыптастыру.

Қажетті құралдар

Арқан, ат (ойынға арналған), теңге, қамшы.

Іс-шара форматы

Екі топ арасындағы спорттық жарыс

Кіріспе сөз (тәрбиеші)

Құрметті ұстаздар мен тәрбиешілер! Бүгінгі «Ұрпақ ұлттық ойынмен шыңдалады» атты спорттық ойындар жарысына қош келдіңіздер!

Топтар арасындағы жарысқа қатысушыларды ортаға шақырайық. «Қаражорға» әуенімен балалар алаңға шығады.

Міне, балалар шықты алаңға,
Жас спортшылар — команда- команда.
Ептілік, мықтылық, батылдық танытып,
Табандылықпен алға самғаңдар!

«Ура!» деген ұранды бірге тастаймыз,
Жарысымызды дәл қазір бастаймыз —
Жеңіске жетеміз!

Командалар және капитандар

Бүгінгі жарысқа екі топ қатысады. Әділ бағасын беретін — қазылар алқасы мен құрметті көрермендер.

1-топ

Тұлпар

Капитаны: Саят

Жарысқа дайын

Қатар өскен құрдасқа,
Жарыс ұнап тұрмас па!
Қуып жету жақсы ғой,
Озып шығу — бір басқа.

2-топ

Қыран

Капитаны: Мақсат

Жарысқа дайын

Босқа қарап тұрмайық,
Бағымызды сынайық.
Намысты қолдан бермейік,
Жарыста озып шығайық!

Сайыс бағдарламасы

Балаларға сәттілік тілей отырып, жарыс шарттарымен таныстырайық.

  1. 1-кезең

    Бәйге

  2. 2-кезең

    Арқан тартыс

  3. 3-кезең

    Теңге алу

  4. 4-кезең

    Қол күрес

  5. 5-кезең

    Ақсерек – көксерек

Ойындар сипаттамасы

Ұлттық ойын

Жылдамдық • Төзімділік

Бәйге

Әр топтың алдына 3–4 метр қашықтықта меже белгіленеді. Екі топтың балалары арақашықтығы шамамен 2 метр болып сапқа тұрады. Ойын жұптасып жарысу түрінде өтеді. Әр топқа бір ат (ойын құралы) және бір қамшы дайындалады. Белгі бойынша әр топтан бір бала атқа мініп, межеге дейін шауып барып қайтады.

Ұлттық ойын

Күш • Командалық рух

Арқан тартыс

Балалар екі топқа бөлініп, арқанның екі жағынан тартысады. Қай топ қарсыласын өз жағына қарай көбірек сүйреп әкелсе, сол топ жеңімпаз атанады.

Ұлттық ойын

Ептілік • Жылдамдық

Теңге алу

Бұл ойынды көбіне ұл балалар ойнайды. Аттың орнына шыбық ат пайдаланылады. Белгілі бір жерге теңге ыдысқа салынып қойылады. Ойыншы шауып келіп, еңкейіп теңгені ыдыстан тез іліп алып, қайта шаба жөнеледі. Егер ойыншы теңгені ала алмаса, жеңілген болып есептеледі.

Ұлттық ойын

Күш • Төзімділік

Қол күрес

Ортаға екі ойыншы шығып, кілемнің үстіне жамбасынан жатады. Олар бас бармақтарын айқастырып, қолдарын берік қысып ұстайды. Мақсат — қарсыластың қолын жерге тигізу.

Ұлттық ойын

Шапшаңдық • Бірлік

Ақсерек – көксерек

Ойынды ойнау үшін балалар екі топқа бөлініп, қол ұстасып тізіледі. Екі топтың арақашықтығы 20–30 қадам болады.

Айтысу үлгісі

1-топ: «Ақсерек-ау, ақсерек, бізден сізге кім керек?»
2-топ: «Ақсерек-ау, ақсерек, (бала аты) керек!»

Аты аталған бала қарсы топқа жүгіріп барып, ортасынан ұстасқан қолды үзіп өтуге тырысады. Егер үзіп өтсе, сол топтан бір баланы өз тобына алып қайтады; үзе алмаса, қарсы топта қалады. Ойын осылай жалғасады.

Тәрбиелік ой-түйін

Өнерге биік сеніңіз, думанға қызық келіңіз. Әділ қазы — ел сенген, өнерге баға беріңіз.

Біздің мақсатымыз — ата-бабадан қалған өнеге мен өнердің құндылықтарын балалардың сана-сезіміне сіңіру, ұлттық ойын арқылы мейірімділікке, ізеттілікке, бауырмалдыққа тәрбиелеу; үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық сияқты адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру.

Ұлттық ойындар баланың жан сұлулығын да, тән сұлулығын да жан-жақты дамытуға бағытталған. Бүгінгі ұйымдастырылған спорттық кештің қорытындысы бойынша Тұлпар мен Қыран топтарының сайысында достық жеңді.

Марапат

Алтын медаль

Тұлпар тобы

Марапат

Күміс медаль

Қыран тобы

Осымен спорттық жарысымыз аяқталды. Көріп тамашалағандарыңызға рахмет!