Кеш сөзін қайталау

Білім беру саласы

Таным

ҰОІӘ

Математика

Тақырыбы

Күнге қонаққа бару

Сөздік қор

таңертең, түс, кеш, түн

Мақсаты

  • Қоршаған орта жағдайында бір және көп заттарды ажыратып, дұрыс атап айту біліктілігін қалыптастыруды жалғастыру.
  • Ересектер мен балалардың іс-әрекеттері өзгеретініне сүйене отырып, тәулік бөліктерін (таңертең, түс, кеш, түн) ажыратып, дұрыс атауға машықтандыру.
  • «Бұл қашан болады?» дидактикалық ойыны арқылы есте сақтау мен танымдық қабілетті дамыту.

Ұйымдастыру және ресурстар

Әдіс-тәсілдер

Жұмбақ, сұрақ-жауап, «Сәуленің бір күні» анимациялық көрінісі, ой қозғау (слайд арқылы түсіндіру), қайталау (жеке және топпен), сергіту сәті, ойын, тәулік бөліктеріне арналған тақпақтар, қорытындылау, бағалау.

Көрнекіліктер

Проектор, тақырыпқа сай безендірілген топ бөлмесі, ойынға қажетті суреттер мен карточкалар.

ҰОІӘ типі

Ойын іс-әрекеті

ҰОІӘ түрі

Жаңа білімді меңгерту

Пәнаралық байланыс

Айналамен таныстыру, көркем әдебиет

Сабақтың барысы

Бұл бөлімде балалар тәулік бөліктерін күннің қозғалысы мен күнделікті әрекеттер арқылы түсінеді: ояну, балабақшаға бару, ойын, тамақтану, ұйқы, үйге қайту және түнгі тынығу.

Мотивациялық-қозғаушы кезең

Балалар, бір сәт айналамызға қарап, өзімізді таза ауада тұрғандай сезініп көрейік. Айналамыз қандай әдемі!

Осындай гүлдер мен талдардың жайқалып өсуі үшін не қажет деп ойлайсыңдар?

Жұмбақ

Таңмен көзін ашады,
Әлемге нұрын шашады.

Ол не? Күн.

Серуенге шыққанда күнді жиі көреміз. Күн қандай болады? (Ку-ка-ре-ку дыбысын айту арқылы көңіл күй көтеру.)

Таңертең

Күн ұясынан шығып, таң атып келе жатқан уақытты таңертең деп атаймыз. Барлығымыз бірге қайталайық: таңертең.

Слайдта күн көкжиектен енді көтеріліп келе жатқандай көрінеді (жартылай күн).

«Сәуленің бір күні» көрінісі

Анасы Сәулені оятады: «Қызым, таң атты. Ұйқыңнан тұра ғой, балабақшаға барамыз».

Сұрақ

Анасы Сәулеге не деді? Қайда барамыз деді?

Талқылау

Таң атқанда үйде не істейміз? Ал балабақшада не істейміз?

Түс

Күн бір орында тұрмайды: ол жайлап жоғары көтеріліп, аспанның ортасына жақындайды. Күн толық көтеріліп, бізге жарығын молынан шашады. Бұл уақытты түс немесе түскі мезгіл дейміз.

Бақылау сұрақтары

  • Күнді толық көріп тұрмыз ба?
  • Күн қайда тұр?
  • Күннің пішіні қандай?
  • Шуағының пішіні неге ұқсайды?
  • Аспанда күн нешеу?
  • Шуағы аз ба, әлде көп пе?

Сәуленің түскі уақыты

Сәуле көптеген балалармен ойнайды, тамақтанады, содан кейін ұйықтайды. Ал түсте сендер не істейсіңдер? Бұл — күндізгі ұйқы.

Таңнан кешке дейінгі уақытты жалпы күндіз деп атаймыз.

Сергіту сәті

Күндізгі ұйқыдан кейін сергіп алу үшін бәріміз көбелектер сияқты қанатымызды қағып-қағып алайық.

Кеш

Күн төмендеп, ұясына батуға жақындайды. Бұл уақытты кеш немесе кешкі мезгіл дейміз. Қайталайық: кеш.

Сәуленің кешкі уақыты

Сәуле кешкі тамағын ішіп, ұйқыға дайындалады.

Сұрақ

Кешке Сәуле не істеді?

Талқылау

Кешке балабақшада не істейміз?

Түн

Күн ұясына батты. Бұл уақытты түн дейміз. Қайталайық: түн.

Сұрақ-жауап

  • Түнде аспаннан нені көреміз?
  • Айдың жанында нелер болады?
  • Жұлдыздар көп пе, әлде аз ба?

Түнде бәріміз тәтті ұйқыда боламыз.

Дидактикалық ойын: «Бұл қашан болады?»

Ойынның мақсаты

Тәулік бөліктеріне байланысты әрекеттерді және суреттерді дұрыс ажыратып, сәйкес уақыт бөлігіне орналастыру.

Ойын шарты

Тәулік бөліктерін білдіретін белгілер (таңертең, түс, кеш, түн) тақтаға ілінеді. Балалар өздерінің күнделікті іс-әрекеттері бейнеленген суреттерді қарап, тиісті уақыт бөлігіне орналастырады.

Рефлексия және қорытынды

Ойын барысында көрсеткен іс-әрекеттерімізге байланысты қандай тақпақтар білеміз? Еске түсірейік: бұл қай мезгілге арналған?

Балалар, сендерге ойын ұнады ма? Маған да ұнады. Бүгін біз Сәуленің бір күні арқылы таңертең, түс, кеш, түн мезгілдерін ажыратуды үйрендік. Барлығың белсенді қатысып, өте жақсы ойнадыңдар. Рақмет!

Күтілетін нәтиже

Білуі

Тәулік бөліктерін дұрыс атауы.

Меңгеруі

Тәулік бөліктеріне байланысты іс-әрекеттерді ажырата алуы.

Жасай алуы

Ойын мазмұнына сәйкес тақпақтарды әсерлі айтуы және суреттерді топтастыра алуы.