Сәлем берудегі әдепсіздік
Қызылорда облысы, Шиелі ауданы
№156 Н.Бекежанов атындағы қазақ орта мектебі
Әуез пәні мұғалімі: Сардарбекова Құралай Қыдырбайқызы
Тақырып
«Сәлем түзелмей, әлем түзелмейді»
Мақсаты
- Сәлемдесудің түрлерін таныстыру, қалай дұрыс амандасу керектігін үйрету және сәлемдесудің бала тәрбиесіндегі орнын айқындау.
- Амандасу кезіндегі дауыс ырғағын, жүріс-тұрысты реттеуге дағдыландыру.
- Сәлемдесу мәдениетіне, ізеттілікке, үлкенді сыйлауға тәрбиелеу.
Психологиялық дайындық
Үлкенге де сіз,
Кішіге де сіз,
Сәлем бердік сіздерге
Құрметпенен біз.
Сұрақ
Сәлемдесудің түрлерін атаңдар.
Ескірмейтін есті сөз: мақал-мәтелдер
- 1. Сәлем — сөздің анасы.
- 2. Әдептілік белгісі — иіліп сәлем бергені.
- 3. Адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше.
- 4. Сәлемдесудің басты шарты — жылы шырай.
- 5. Сәлем беру — өмірлік міндет.
- 6. Әдепті бала — арлы бала, әдепсіз бала — сорлы бала.
Мағынаны тану
Мақалдың мәнін ашу және күнделікті өмірмен байланыстыру.
I. «Сәлем беру де парыз, сәлем алу да парыз»
- Адамшылық амандасудан басталады. Кездескен адамға тіке қарап, күлімдеп амандасу — парыз.
- Үлкенге сәлем беру — кішінің міндеті. Бұл инабаттылықтың, имандылықтың, көргенділіктің, мәдениеттіліктің белгісі.
- Үлкен кісі сәлемді алмаса да, өз міндетіңді орындау — әдептің белгісі.
II. «Әдепті елдің баласы алыстан сәлем береді»
- Ақ сақалды атаға, ақ жаулықты анаға, жалпы үлкенге құрметпен сәлем беру — ата дәстүріміз.
- Қалаға барғанда немесе ауылға келгенде туыс-туғанға, ата-әжелерге арнайы барып амандасу — сыйластықтың көрінісі.
- Әдеппен сөйлеу мен сәлемдесу — күнделікті дағдыға айналуы керек.
Сәлем берудегі әдептілік және әдепсіздік
Әдептілік
- «Ассалаумағалейкум» немесе «Сәлеметсіз бе?» деп, салғырт не міндеттен құтылғандай амандасу көңілге қаяу түсіреді. Сәлемдесудің басты шарты — жылы шырай.
- Сәлем беруші мен сәлем алушының қас-қабағы, бет-жүзі, дауыс ырғағы маңызды қызмет атқарады.
- Жылы жүзбен, әуезді үнмен, анық сөзбен амандасу керек.
Әдепсіздік
- Естілер-естімес етіп міңгірлеп, ерінді жыбырлата салу — шынайы сәлемдесуге жатпайды.
- Амандасқанда көздің, көңілдің басқа жақта болуы — әдепсіздік.
- Қол алысып амандасқанда қолды қатты қысу, қолды шарт еткізу немесе немқұрайлы түрде саусақтың ұшын ғана ұсыну — әдепсіз қылық.
- Топ ішінде тек 1–2 таныс не «атақты» адаммен ғана амандасу — өзгелерді ашықтан-ашық менсінбеу.
Мақал-мәтелдің жалғасын тап
1. Үлкенді сен сыйласаң, кіші сені сыйлайды.
2. Әдепті елдің баласы алыстан сәлем береді.
3. Алыстан алты жасар бала келсе, алпыс жасар қария сәлем берер.
4. Бір күн тұзын татсаң, қырық күн сәлем бер.
5. Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады.
«Сиқырлы сөздер» тапсырмасы
Төмендегі жағдаяттарда қандай сөз айту орынды? Сыпайы сөздің адам көңілін қалай өзгертерін байқа.
1-жағдаят
Жарас автобуста отыр еді. Бір аялдамада сәби көтерген әйел кірді. Жарас орнынан тұрып, әйелге бір сөз айтты. Әйел қуанып, жауап қатты.
Сұрақ
Жарас не айтты?
Жауап: «Келіңіз, отырыңыз».
Сұрақ
Әйел неге қуанды?
Жауап: Ізет пен қамқорлық көргеніне қуанды.
2-жағдаят
Гүлжан дәлізде біреумен байқамай соқтығысып қалды. Әлгі адам ашуланды. Гүлжан бір сөз айтып еді, ол кісі бірден жадырап сала берді.
Сұрақ
Гүлжан не айтты? Ашуы қалай басылды?
Жауап: «Кешіріңіз, байқамай қалдым». Сыпайы кешірім сұрау адамның ашуын басады.
3-жағдаят
Көше бойымен таяққа сүйенген қарт келе жатыр. Бір бала қарсы жолықты. Бала қартқа жақындағанда бір сөз айтты. Қарт оған алғыс білдірді.
Сұрақ
Бала не деді?
Жауап: «Ассалаумағалейкум, ата. Көмектесейін бе?»
Сұрақ
Қарт не деді?
Жауап: «Рақмет, балам» (немесе «Алла разы болсын»).
Қорытынды
Сәлемдесу — адам арасындағы сыйластықты бекітетін ең қарапайым әрі ең әсерлі мәдени әрекет. Жылы шырай, анық сөз, дұрыс дауыс ырғағы мен инабатты қимыл — әдептің тірегі. Сәлем түзелсе, қарым-қатынас түзеледі; қарым-қатынас түзелсе, орта да түзеледі.