Ата ақылы өлеңін пайдаланып жауап беріп көр

Жалпы мақсат

  • С. Көбеевтің нақыл сөзге құрылған әңгімесін түсініп оқиды.
  • Үлкенді құрметтеудің мәнін ұғынады.
  • Оқу дағдыларын жетілдіреді.

Күтілетін нәтиже

Біледі

Автор туралы мәлімет айта алады.

Түсінеді және қолданады

Мәтіннен түйгенін нақыл сөздермен дәлелдеп жауап береді.

Қалыптастырады

Үлкендерді құрметтеу мәдениетін меңгереді.

Дамытады

Оқу техникасы мен мәнерлеп оқу дағдыларын нығайтады.

Сабақ құрылымы

I. Ұйымдастыру кезеңі

2–3 минут
  • «Менің досым» психологиялық жаттығуы арқылы жағымды ахуал қалыптастыру, назарды сабаққа аудару.
  • Оқушыларды санау арқылы топтарға бөлу.

II. Үй тапсырмасын тексеру

5 минут

«Динамикалық шеңберлер» әдісі арқылы үйге берілген «Қыста талай қызық бар» бөлімін қайталау және қорытындылау.

  • Ішкі және сыртқы шеңберлер арасында мазмұндау арқылы қайталайды.

III. Қызығушылығын ояту

7–10 минут

Түрткі сұрақтар

  • Балалар, үйде аталарың мен әжелеріңнің есімдерін айтып беріңдер.
  • Сендер ол кісілерді қалай сыйлайсыңдар?
  • Ата-әжесін жақсы көретін балалар Сырбай Мәуленовтің «Ата ақылы» өлеңін тез жаттай ала ма? Кәне, бірге жаттап көрейік.

Электронды оқулықтан өлеңді тыңдатып, оқушыларға қосылып айтуға мүмкіндік беріледі.

IV. Топтық жұмыс

10–12 минут

I топ

«Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер» нақыл сөзі «Ата ақылы» өлеңімен байланысты деп ойлайсың ба? Неліктен?

II топ

Оқулықты пайдаланып мәтін авторы туралы мәліметті іздеңдер. Сызба (кластер) бойынша түсіндіріңдер.

III топ

«Ата ақылы» өлеңін жатқа айтып беріңдер.

Топтар бір-бірін «бас бармақ» әдісімен бағалайды.

V. Оқулықпен жұмыс

15–18 минут
  1. 1 «Атасы мен немересі» мәтінін жалғастырып, түсініп оқу.
  2. 2 Мәтінді рөлге бөліп оқу. Теріп оқу (мәтіннен қажетті үзіндіні табу).
  3. 3 Сөздік жұмыс: оқушылар түсінбеген сөздердің астын сызып, өзара түсіндіреді.

Сөздік жұмысын тереңдету

  • Қандай жаңа сөздер кездестірдіңдер?
  • «Аяқ» сөзі нені білдіреді?
  • Біз мұндай сөздер туралы қай сабақта оқыдық? (Қазақ тілі)
  • Мұндай сөздерді қалай атаймыз? (Көп мағыналы сөздер)

Топтарға арналған тапсырмалар

I топ

Мәтіннен әкесі мен баласының сөздерін тауып, мәнерлеп оқыңдар.

II топ

Баланың неге бұлай сөйлегенін түсіндіріңдер.

III топ

Әңгіме арқылы жазушы қандай ой айтпақ болды? «Ата ақылы» өлеңінен тірек алып жауап беріңдер.

VI. Жеке жұмыс

5–7 минут

«Кезбе тілші» әдісі

Біз немен таныстық?

Мәтіннің авторы кім?

Мәтіннен көңіліңе не түйдің?

Берілген нақыл сөзді пайдаланып жауап бер: «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер».

VII. Рефлексия және кері байланыс

3–5 минут

«Екі жұлдыз, бір ұсыныс»

  • Бүгінгі сабақтан не білдік?
  • Қандай әсер алдың, көңіліңе не түйдің?
  • Ұсынысың немесе тілегің қандай?

Бағалау

Оқушыларды ым-ишара (мимика, жест) арқылы бағалау.

Кейінгі тапсырмалар

Жазылым

«Үлкенді сыйлау» тақырыбына шағын әңгіме жазып келу.

Оқылым

«Атасы мен немересі» мәтінін мазмұндау.

Мұғалімнің сабақтан кейінгі талдауы

Сабақтағы сәтті тұстарым

Сәтсіз тұстарым

Не өзгерткім келеді?