Есімдіктің түрі
Табиғатты қорғау — баршаның міндеті
Бұл сабақта оқушылар есімдікті қайталап, жаттығулар арқылы білімін бекітеді. Сонымен қатар қоршаған ортаға сүйіспеншілік, жауапкершілік, ізгілік құндылықтары туралы түсінігін кеңейтеді.
Эпиграф
Табиғатты қолдай біл,
Ақ құсындай қорғай жүр.
Білуіміз керек оны біз,
Біз де табиғаттың ұлымыз.
Табиғат бөлек демекпіз,
Сол үшін жауап береміз.
Сабақтың мақсаттары
Білімдік
Есімдіктен өткенді қайталау, жаттығулар арқылы пысықтау. Қоршаған ортаға деген махаббат туралы түсініктерді кеңейту.
Дамытушылық
Шығармашылық қабілетті дамыту, жақсылық жасау іскерлігін қалыптастыру, ойлау мәдениетін жетілдіру, өз ойын еркін жеткізуге дағдыландыру.
Тәрбиелік
Табиғатты қорғауға, ізгілікке және жауапкершілікке тәрбиелеу.
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушыларды түгелдеу.
- Назарын сабаққа аудару.
II. Психологиялық дайындық
Әр оқушы парақшаға осы сабақта өзіне қандай тілек тілейтінін жазып, тақтаға іледі.
III. «Жиған-терген» тапсырмасы (екі топ)
Түсініктеме беру және сөйлем құрағанда есімдіктерді қолдану.
Түсініктеме беру және сөйлем құрағанда есімдіктерді қолдану.
IV. Есімдіктерді ажырату (Абай сөзімен кіріспе)
«Жасымда ғылым бар деп ескермедім, пайдасын көре тұра тексермедім.» — Абай
| № | Сөйлем | Есімдіктің түрі |
|---|---|---|
| 1 | Кім көп еңбектенсе, үлесті де мол алады. | Сұрау |
| 2 | Бұлар — адамға пайдалы таулы өсімдіктер. | Сілтеу |
| 3 | Сол ауамен демалған адамдардың бәрі ауырмайды. | Сілтеу, жалпылау |
| 4 | Әлияның жағдайын ешкім түсінбейді. | Болымсыздық |
| 5 | Қамыстың арасынан әлдене жарқ-жұрқ етті. | Белгісіздік |
| 6 | Әркім өз жөніне кетті. | Белгісіздік, өздік |
| 7 | Оларға ауа, су, өсімдік, жануар жатады. | Жіктеу |
| 8 | Табиғат дегеніміз не? | Сұрау |
| 9 | Мына жердің ауасы қандай керемет! | Сілтеу |
| 10 | Ешқандай жануар зардап шекпесе екен. | Болымсыздық |
V. «Зерделі сұрақ — дәлелді жауап»
«О, менің перзенттерім! Менің қойыным кең. Сендерді әр уақытта мейірімді құшағыма аламын. Менің саялы бағымды, мөлдіреген таза өзен-көлдерімді, сиқырлы сазды үнді құстарымды, жалпы табиғат атаулыны аялап, сүйіңдер. Бұл — кейінгі ұрпаққа аманат.»
Талқылау сұрақтары:
- Бұл сөз кімнің атынан айтылған? Неліктен?
- Кім бізге «аманат» қалдыруы мүмкін? (Жауап: Жер-ана)
Тіршілікте төрт құдірет бар: Күн-ана, Жер-ана, ауа мен су. Олардың біреуінсіз тіршілік тоқтайды.
Мақал-мәтел жарысы
Екі топ бір-бірімен жарыса отырып, табиғат пен еңбекке байланысты мақал-мәтелдер айтады.
VI. Қызықты сабақ — қиялға қанат
Тақырып: «Табиғатқа тіл бітсе, не дер еді?»
Жұмыс түрі: мини-эссе.
VII. Талдау — табыс кілті
«Тіршілік көзі — су» деген тұжырымды дәлелдеу үшін көрініс ұсынылады.
Көрініс
2070 жыл. Әр адамға күніне 400 грамм су ғана беріледі. Анасы мен баласы су тарататын пунктке барады. Қайтар жолда анасы абайсызда суды төгіп алады. Анасы абыржып, жылайды. Баласы қайта барып су сұрауды ұсынады. Бірақ пункттегілер: «Сіз бір күндік суыңызды алып қойдыңыз. Егер тағы су берсек, басқа адамдар сусыз қалады», — дейді.
Жазылым тапсырмасы
Көріністен түйген ойларыңды дәптерге жазыңдар: су тапшылығы, жауапкершілік, үнемдеу, әділдік туралы пікір білдіріңдер.
VIII. «Көнеге зер салсаң — өнеге көп» (шығармашылық жұмыс)
«Бағалай білмегенге бақ қонбайды.» — Әбіш Кекілбаев
Табиғатты қорғауға қатысты тыйым сөздер
- Жас шыбықты сындырма.
- Жерді сабама, жерді тепкілеме.
- Жәндіктерді жәбірлеме.
- Ұяны бұзба.
- Балапанға тиме.
Халық болжамдары (ауа райы белгілері)
- Құс жүнін үрпитсе, жаңбыр жауып, ауа райы өзгереді.
- Сары шымшық ысқырса, күз келгені.
- Қарға қарқылдаса, қар жауады.
- Жыл құсы қаптап келсе, көктем ерте келеді.
- Көкек қатты әрі жиі шақырса, күн жылиды.
- Сауысқан шақылдаса, қонақ келеді.
- Ерте көктемде қарға суға шомылса, күн жылиды.
IX. «Тіршіліктің сұлулығында шек жоқ» (Оралхан Бөкей)
Тақтадан табиғаттың ғажап көріністерін тамашалау (табиғат туралы видеоролик).
Рефлексия сұрағы
Қандай ой түйдіңдер? Табиғатты қорғау үшін бүгіннен бастап нені өзгертуге болады?
X. Қорытынды — «Жүректен жүрекке»
Сабақ соңында тақтадағы күн сәулелеріне табиғатқа арналған тілектеріңді жазып ілесіңдер.
XI. Бағалау
Топтық жұмыс, жауап беру белсенділігі, жазылым және шығармашылық тапсырмалар бойынша бағаланады.
XII. Үй тапсырмасы
Табиғатты қорғауға қатысты тыйым сөздердің мағынасын ашып келу.